Бас тақырып

Көкжөтел жұқтырғандар көбейіп тұр

Аймақта көкжөтелдің тіркелуі жиілеп кеткен. Бүгінгі таңда көкжөтелмен ауырған 48 адам тіркелген, көбісі балалар. Олардың 90%-ы екпе алмағандар. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, бір бала жан сақтау бөлімінде жатыр.

Сурет: Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтынан

– Көкжөтелдің таралуы ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты. Жоспарлы вакцинацияны жіберіп алғандар, бас тартқандар көп. Ата-аналар балаларында екпенің бар-жоғына назар аударса деймін. Егер алмаған болса, тіркелген жері бойынша медициналық мекемеге барып екпе салдыртуы керек. Көкжөтелге қарсы екпені баланың 2, 3, 4, 18 айында жасалады, ал ревакцинациясы 6 жасында салынады, – деді Бибігүл Төлегенова.

Көкжөтелдің бірді-екілі жағдайы былтыр­ғы жылдың ортасынан бастап тіркелген болатын. Ал, қазір анықталған жағдайлар қатары артып келеді.

Көкжөтел – өткір бактериялық инфекция, жоғары тыныс алу жолдарының ауруы мен толассыз жөтелмен сипатталады. Ол әсіресе, жас балалар үшін қауіпті. Көкжөтел асқынған жағдайда пневмония, мидың зақымдалуы мен тыныс алудың тоқтауына алып келуі мүмкін.

– Науқас алғашқы белгілер пайда болғаннан бастап, 30 күн ішінде айналасына қауіпті. Ересектерде инфекция балалармен салыстыр­ғанда жеңілірек өтеді, сондықтан, аурудың балаға ересек адамнан жұғу ықтималдығы жоғары. 2 жасқа жетпеген балаларда жөтелдің қатты болатындығы сондай, баланың қабырғасы сынып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, қатты жөтелдің кезінде тыныс алу тоқтап қалуы мүмкін. Бұдан кейін балаға реанимациялық көмек қажет болады, – дейді Бибігүл Райханқызы.

Спикердің айтуынша, қызылшаның таралуын тоқтату бойынша жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Жыл басынан бері қызылша күдігімен 1 597 адам тіркелсе, соның 67%-ы, 1 072 адамның ауырғаны зерттеулермен расталды. Жалпы аймақта қызылша жұқтыру дерегінің төмендеу үрдісі байқалады. Ақпанның осы кезеңінде 21 жағдай болса, осы айда 15 жағдай тіркелген. Қызылшаға қарсы екпені 60 мыңнан астам адам алды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button