Бас тақырып

Көктемгі егіс мерзімінен кешікпейді

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстарының барысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппарат жиынында талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын аймақ басшысы Ақтоғай, Шет, Нұра аудандары мен Балқаш қаласының Саяқ кентіндегі су деңгейі жайлы сұрап шықты.

Сурет: freepik.com сайтынан

Әртараптандыру әлеуетті арттырады

Көктемгі дала жұмыстарының жайын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылғы көктемгі егіс алқабы 1 млн. 100,0 мың гектарды құрайды.

– Биылғы көлем өткен жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артық. Дәнді дақылдар 966,3 мың гектар алқапқа себіледі. Бұл ретте бидай алқабы 8,0 мың гектарға азайып, 810,9 мың гектарды, арпа 12,7 мың гектарға азайып 148,3 мың гектарды құрайды. Сұлы – 7,1 мың гектарға, дәнді бұршақ дақылдары 13,0 мың гектарға себіледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қамтылған тапсырмасына және Ауыл шаруашылығы министрлігінің келісімімен егін шаруашылығын әртараптандыру жоспарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, майлы дақылдар алқабы 31,0 мың гектарды құрайды. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 1,4 мың гектарға артық. Сонымен қатар, азықтық дақылдар алқабы 57,3 мың гектарға ұлғайтылып, 77 мың гектарға жеткізіледі, – деді басқарма басшысы.

Бұдан басқа 11,5 мың гектарға картоп, 1,2 мың гектар алқапқа көкөніс егіледі деген жоспар бар.

Басқарма басшысының айтуынша, ылғалды жабу, топырақты себуге дайындау сияқты егу алдындағы жұмыстар ауа райы жағдайына байланысты сәуір айының соңында немесе мамыр айының басында басталады.

– Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ұсынысына сәйкес, егіс жұмыстары аймақ ерекшеліктеріне байланысты 10-28 мамыр аралығында жүргізілетін болады, – деді Саят Мусин.

Сапалы тұқым – нәтижелі еңбек кепілі

Ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің артуы тұқым сапасымен тығыз байланысты. Дерек бойынша, көктемгі егіске 105,3 мың тонна дәнді дақыл және 36,0 мың тонна картоп тұқымы бар. Қажетті көлеммен қамтамасыз ету мақсатында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұқым материалдарын еліміздің басқа өңірлері мен шет елдерден сатып алуда. Қазіргі таңда 20 шаруашылық 1065 тонна элиталық бидай тұқымын Ресейден әкелді. Тұқымды жаңарту үшін тұқым шаруашылықтарында 7,1 мың тонна жоғары өнімді дәнді дақылдар бар. Оның 1,5 мың тоннасы – элиталық, бірінші репродукция­лы – 6305 тонна. Бұдан бөлек, 4,4 мың тонна картоп бар. Оның 470 тоннасы элиталық болса, бірінші репродукциялы – 4002 тонна, көпжылдық 24 тонна тұқым бар.

– Кешегі күнгі дерек бойынша қолда бар тұқымдардың 64,3 мың тоннасына (62%) оның ішінде, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 62,6 мың тонна, майлы дақылдар – 1,6 мың тонна, азықтық дақылдар – 93 тонна сараптама жасау басталды. Тексерілгені – 56,8 мың тонна, оның 86,0% кондициялы. Атап айтқанда, бірінші сынып – 27,9 мың тонна (49%), екінші сынып – 10,5 мың тонна (18%) және үшінші сынып 10,5 мың тонна (18%). (кондициясыз – 7,9 мың тонна 14%). Бұл ретте сараптамаға тұқым тапсыру көрсеткіштері Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында төмен. Аудан әкімдіктерінен тұқымды тексеруге тапсыру бойынша жұмысты ұйымдастыру сұралады, – деді Саят Қабиденұлы.

Тыңайтқыш – қосымша көмек

Саят Қабиденұлы алынатын өнім көлемін арттыру және жерді ұтымды пайдалануда минералды тыңайтқыштардың маңызы өте зор екенін де айтты. Оның айтуынша, министрлік бекіткен жол картасына сәйкес, биыл облыс бойынша 71,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар қолдану тапсырмасы тұр.

– Бұл ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының 47,6%-ын немесе 581,0 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Саят Мусин. – Былтыр 34,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынып, 405,4 мың гектар алқапқа енгізілді. «Қазфосфат» АҚ және «ҚазАзот» АҚ деректері бойынша барлығы 12,9 мың тонна минералды тыңайтқыш алуға 150 шарт жасалды. Ақтоғай ауданы бойынша осы бағытта жұмыс әлі басталған жоқ. Әкімдіктер аудандағы шаруашылықтардың минералды тыңайтқыш жеткізушілерімен алдын ала шарт жасасуын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының аурулары, зиянкестері және арамшөппен күресуге қажетті пестицидтердің 176 мың литрін сатып алуға 605 шарт жасалды.

Ол өсімдік шаруашылығы өнімдерін ұлғайту жұмысы суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы жүзеге асырылатынын айта келіп, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілген 64,7 мың гектар суармалы жердің 30,2 мыңы пайдаланылатынын жеткізді. Биыл суармалы жерлер алқабын 4,5 мың гектарға ұлғайтып, 34,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Инфографиканы жасаған А.Рахымжан

Техниканың дайындығы бақылауда

Егіс науқанына 10 мыңға тарта трактор, 254 егіс кешені және 4 мыңнан астам тұқым сепкіш және 2482 бірлік топырақ өңдеуші агрегаттар жұмылдырылады. Қазіргі уақытта оларды жұмысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде.

– Жыл басынан бері 1,726,2 млн. теңге сомасына 137 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Аудандар ұсынған деректер бойынша тракторлардың дайындығы 93,7%-ды, егіс кешендерінің дайындығы – 99,1%-ды, тұқым сепкіштердің дайындығы – 92%-ды және басқа техникалар дайындығы 93,2%-ды құрайды, – деді баяндамашы.

Ол сонымен қоса, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін берілген 691 өтінім бойынша 17,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін айтты.

– Қазіргі таңда операторлар дизель отынын кестеге сәйкес тасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне дизель отыны литрі 245 теңгеден босатылуда. Бұдан басқа, өтініш беріп үлгермеген шаруашылықтар үшін 2023 жылғы егін ору жұмыстарына бөлініп, пайдаланылмаған көлемнен литрін 250 теңгеден «Гос­Агро» порталы арқылы қосымша дизель отынына өтінім беру мүмкіндігі ашылды. Бүгінгі таңда 5,9 мың тоннаны алуға 160 шаруашылықпен шарт жасалды. Алайда, оның 18,3%-ы ғана тасылып алынды. Аудандар бойынша осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет, – деді Саят Мусин.

Дала жұмыстарын мемлекеттік қолдау

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 138 шаруашылық құрылымына 6 млрд. 518,3 млн. теңге сомасында несие, оның ішінде «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 125 шаруашылыққа 5 млрд. 505 млн. теңге берілген. Ал, «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 68 шаруашылық қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы техниканың 110 бірлігі лизингке берілді.

– Сонымен бірге субсидия түрінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 млрд. 841,5 млн. теңге сомасында мемлекеттік қолдау қарастырылған. Оның ішінде, «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы бойынша – 571,5 млн. теңге, «Пестицидтердің құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша – 2 190,9 млн. теңге, «Минералды тыңайтқыштарды субсидиялау» бағдарламасы бойынша – 937,9 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша 141,2 млн. теңге көзделген, – деді Саят Қабиденұлы.

Аймақ басшысы негізгі егінді өңір саналатын Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандары әкімдерінің баяндамасын тыңдады. Одан кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» Қарағанды филиалы Ибадулла Мырзаев облыс шаруашлықтары­мен су пайдалану жөнінде шарт жасалып жатқанын, бұл жұмыстың әлі де жүргізілетінін жеткізді. Бұл ретте Ермағанбет Қабдулаұлы биыл су мөлшері көп екенін айта келіп, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

«Қазгидромет» Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша филиалының директоры Нұрлан Шахарбаев алдағы уақытта күтілетін ауа райы болжамымен бөлісті.

– Сәуір айында ауа температурасы қалыпты норма деңгейінде. Мамырда 1 градус нормадан жоғары. Норма +10,9 +17,2 жауын-шашын нормаға жақын деп күтілуде. Маусымда ауа температурасы нормадан 1, 2 градус жоғары болады деп күтіледі. +16,4 +23,2 жауын-шашын нормадан аз, шілдеде температура +18,5 +24,9. Жауын-шашын нормадан көп болады деп күтілуде. Тамызда ауа температурасы нормаға жақын болады. +15,6 +23 ал, жауын-шашын нормадан аз болады деп күтілуде. Наурыздағы зерттеу бойынша егісті алқаптардағы топырақ ылғалдылығы жақсы. Ылғалдылық қорытындысы Нұра, Осакаров аудандарында оңтайлы. Жаздық және дәнді дақылдарды егу мерзімдері ретінде мамырдың бірінші және екінші онкүндігі қолайлы, – деді Нұрлан Төлеутайұлы.

– Аграрлық сала көрсеткіштері егіс науқанын уақытылы және сапалы жүргізуге тікелей байланысты, өсімдік шаруашылығы өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің азық түлік қауіпсіздігін қамтамысыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасын дайындау, минералды тыңайтқыштарға қол жеткізу, отырғызылатын тұқымның сапасы, жанар-жағармаймен және басқа да қажетті материалдармен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі жергілікті әкімдіктердің бақылауында болсын, – деген Ермағанбет Қабдулаұлы жалпы бақылауды орынбасары Бауыржан Асановқа тапсырды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button