Жаңалықтар

Көктемде – тасқын, жазда – өрт..

«Төтеншеліктердің» жұмысы қашанда қауырт. Көктем жақындағанда тасқын қаупіне алаңдаса, күн жадырап, жер аяғы кеңігенде дала өртімен, сонымен қатар табиғи және техногендік апаттармен бетпе-бет келеді. «2021 жылдың бірінші тоқсанында облыс аумағында 276 өрт тіркелді, оның барысында 17 адам жарақат алды, 18 адам қаза тапты», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан БЕКБОСЫНОВ.

 

Қауіп сейілді

Су басу қаупі бар аймақтар қыс басталған уақыттан бастап, қар ерігенше «төтеншеліктердің» қатаң бақылауында.

– Облыста республикалық «Жол картасы» аясында су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инженерлік жұмыстардың облыстық жоспары бар. Үш жыл ішінде қорғаныс дуалдарын салу, су өткізу құбырларын орнату, Соқыр және Тоқырауын өзендерінің арналарын санациялау бойынша 69 іс-шара іске асырылды. Биыл Шерубай-Нұра өзенің қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасына 23 іс-шара енгізілді, – дейді ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.

Көктемгі кезеңге дайындық аясында облыста ұзындығы 38,2 шақырым су бұру арналарын орнату бойынша жұмыс жүргізілді, 60,5 шақырым канал мен 242 шақырымнан астам арық тазартылды.

– Уақытылы қабылданған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінде елді-мекендер мен нысандарды су басуына жол бермеуге мүмкіндік берді, – дейді Нұрлан Бекбосынов.

Бір күнде 33 «дабыл»

– 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысының аумағында 276 өрт тіркелді, оның барысында 17 адам жарақат алды, 18 адам қаза тапты. ТЖД авариялық-құтқару бөлімшелері жоғалған адамдарды іздестіру бойынша 31 іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде 37 адам құтқарылды, оның ішінде 2 қаза тапқан адамның денесі табылды, – дейді ТЖД басшысының орынбасары Нұрлан Бекбосынов. 2020-2021 жж. қысқы кезеңінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 80 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, оның барысында 787 адам құтқарылса, 63 адам эвакуацияланды.

Күніне бірнеше рет «дабыл» қағылатын жағдайлар болады. Мысалы, 20 сәуір күні Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бөлімшелері 33 рет «жолға» шықты. Оның 27-сі өрт сөндіру, ал, 5-і авариялық-құтқару жұмыстары. Таңғы сағат 09:38-де Қарағанды қаласындағы С.Рахимов көшесінде болған өрт туралы хабарлама түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенде 80 шаршы метр аумақта тұрғын үй шатырының ағаш торлары жанған. Сондай-ақ, көрші үйдің сыртқы қабырғасының оқшаулағышы жоғары температурадан зақымдалған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден сыйымдылығы 27 литр газ баллонын алып шықты. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі пеш пен мұржаны орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы болуы мүмкін.

Ал, Жезқазған қаласындағы Базарная көшесіндегі жапсарлас салынған шаруашылық құрылыстарының ағаш конструкциялары және жалпы ауданы 40 ш.м. тұрғын үйдің шатырының ішінара ағаш торлары жанған. Оқиға орнында 1976 жылғы үй иесінің денесі табылды.

Үгіт-насихат жұмысы

Көктемде халық аулаларын тазалап, жиналған қоқысты, қураған шөпті үйінің манайында жаға салады. Оның арты кейде өртке ұласып жатады. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін төтеншеліктер халық арасына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, осы уақытта дейін 48 548 ауланы аралаған төтеншеліктер 293 жиын өткізді.

Осы жиын барысында 2021 жылы Ақтоғай ауданының Ақши ауылында, Бұқар жырау ауданының Бұхар жырау ауылында, Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылында, Нұра ауданының Балықтыкөл ауылында, Нұра ауданының Ақмешіт ауылында, Шет ауданының Қызылтау ауылында өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарланғаны белгілі болды.

Түйін

Біз өртті көбіне «табиғи апат» деп табиғаттың мойнына арта саламыз. Сөйтіп, өз кінәмізді мойындағымыз келмейді. Айтар болсақ, осы өрттің көбі өзіміздің салғырттығымыздан екені айқын. Темекі шегіп, сөндірмей тастай саламыз. Сіріңке жағып ойнайтын ойын баласы да өртке басты себеп. Таза ауаға шығып, далаға барып демалып, от жағып тамақ пісіріп, артынан ошақтағы отты сөндірмей кететін де өзіміз. Аула тазалап, сол жерде қоқысты өртей саламыз. Айтар болсақ, міндетті түрде жаққан қураған шөпті толық сөндіріп, күн сәулесі түсіп тұрған жерге бөтелке немесе шыны сынығын тастамай жинап алсақ, қарапайым ғана нәрсе – темекімізді өшіріп тастасақ болды емес пе?! Өртке өзіміз себепші екенімізді түсінетін уақыт жеткен сияқты!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button