Күй болып күмбірлеген кие
Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Абуғалисын Шоқанбаев биыл 70 жаста. Мерейтойына орай «Шалқыма» концерт залында концерті өтті. Концертте әлемдік және қазақтың классикалық әуендері орындалды. Бармаған жұрт арманда болған кеш өтті.
Даңқы аспандап тұрған Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің жарық жұлдызы, «локомотиві» – Абуғалисын Шоқанбаев. Ол күш-қайратын, талап-жігерін Арқаның күйлерін, әндерін жинақтап, нотаға басуға арнаған қайраткер тұлғаға айналғалы қашан. Атқарған еңбектері турасында газетіміздің алдыңғы санында жарияланған «Тылсымның тілін ұққан жүрек иесі» деген портреттік мақаламызда жазған едік. Талантты дирижер Абуғалисын Шоқанбаев концертінің кереметін айтайық.
Академиялық концерттердің бір ерекшелігі – мұнда құттықтау сөзге орын жоқ. Мерейтой иесін мақтасын деп сахнаға он шақты адамды алдыртып, сөз сөйлетіп, қазақшылыққа салынбайды. Төрге тек классикалық әуен шығады. Оркестрдегінің ешқайсысы мақтау сөзге, берілер бағаға зәру емес. Абуғалисын Шоқанбаев та академиялық деңгейден түскен жоқ. Өнердің құнын, қадірін білетін шын өнерпаз. Сахнада жүргізушіден басқа ешкім бір ауыз сөз айтпады.
Концерттің шымылдығы Құрманғазының «Серпер» күйімен басталды. Дирижер мінберінде – мерейтой иесі. «Шалқыма» концерт залын лық толтырған тыңдарман дирижер шыққанда дүркін-дүркін қошемет көрсетті. Бұл эстрада, немесе, жеңіл әзіл мен бұралқы әңгіменің кеші емес. Бұл – академиялық концерт. Қарағандыда классиканы бағалайтын жандардың көптігіне қарап, көңілге қуаныш ұялады. Күй басталғанда, зал демін ішке тартты. Арқа шымырлап, бір алапат қуат кеудеңді бірде сипап, бірде дүлей дауылдай соққылап сала берді. Дирижер де оркестрмен біте қайнасып кеткендей. Мінберде 70 жасқа толған Абуғалисын Шоқанбаев емес, қылшылдаған жап-жас жігіт тұрғандай. Оркестрден тараған асау толқындармен бірге тербеледі. Тәттімбеттің «Сылқылдағы», Тоқаның «Сарыжайлауы» орындалды. Шәмші Қалдаяқовтың көп орындала бермейтін әйгілі «Шолпаны Шығыстың» әнін Ришат Шәбденов шырқады. Оркестрмен, тіпті, құлпырып кетеді екен, шіркін! Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Тапай, Мәдениет саласының үздігі Медет Осатаев, Рысты Рақымжан секілді талантты әншілер халық әндері мен әлемдік деңгейдегі туындыларды орындады. Әйгілі Россини Джоаккиноның «Севиль шаштаразы» операсынан «Фигаро каватинасын» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев әуелетті.
Арам Хачатурянның «Гаяне» балетінен «Жігіттер биі» оркестрмен орындалды. Залдағы тыңдарман үшін аяулы сәттердің бірі болды. Абуғалисын Шоқанбаев дирижер мінберінде тұрып билей жөнелді. Биінен, жүзіндегі күлкісінен өнер адамына тән тазалық, аңғалдық аңғарылды. Пейілі мен көңілі көзінен нұр шашты.
Концерттің соңында ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова бастаған зиялы қауым өкілдері сахна төріне шығып, мерейтой иесін құттықтады. Иығына шапан жапты, сый-сияпаттарын табыстады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»