Көңілге сенім ұялатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеарналар арқылы жасаған мәлімдемесі елдің алаң көңіліне сенім ұялатқаны анық. Әсіресе, ауыл шаруашылығына көңіл бөліп, жеке шаруа қожалықтарына қолдау көрсету туралы шешім қабылдағаны қуантады.

Ауыл – қазақ үшін қашан да ыстық. Әрине, жаңа заманның талабы басқа. Қазақ әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең халық боламын десе, басым дені қалалық атануы тиіс. Жаңа заманның ғылымы мен білімін игеріп, өндірісті өркендетуіміз қажет. Десек те, азық-түлікке деген сұраныс бұрынғыдан ұлғая түспесе, ешқашан төмендемейді. Мұны былай қойғанда, мал шаруашылығы – ата кәсібіміз. Оны дамытқаннан ұтылмаймыз. Қайта ұтарымыз көп. Бұдан тысқары, азық-түлікті сырттан сатып алғанша, өзіміз өндіргеніміз әлдеқайда тиімді.

Екіншіден, ауыл адамдары – ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтаушылар. Ана тіліміздегі көне сөздердің төрт түлік пен ауыл шаруашылығына қатыстысы қаншама!

Президенттің мәлімдемесі құлазыңқыраған ауылдардың ажарын енгізіп, ата кәсіптің қайта өркендеуіне серпін береріне кәміл сенеміз!

Гүлім КӘУКЕРБЕКОВА,

«Нәби» шаруа қожалығының басшысы.