Нұра ауданының орталығынан 25 километр қашықтықта, өңірге атауын берген өзеннің оң жағалауында орналасқан Көбетей ауылы еліміз тәуелсіздік алған кезде ауыл шаруашылығында сауатсыз жүргізілген реформалардың салдарынан қатты күйзелген елдімекеннің бірі болатын.
Бұрынғы совхоз таратылған соң мұндағы тұрғындардың бірсыпырасы тарихи отандарына оралса, кейбірі «екі қолға – бір күрек» іздеп, Астанаға қоныс аударды. Әйткенмен, соңғы жылдары Көбетейдегі адамдардың өмірінде оң өзгеріс бар. Себебі, экологиялық таза өнімдерге, оның ішінде, еліміздің агрокешен саласы өндіретін азықтүлікке сұраныс уақыт өткен сайын арта түсуде. Көбетей ауылында салынып жатқан «Рамадан сүт фермасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халықтың осы сұранысын қанағаттандыратын кәсіпорындардың бірі болады деген үміт бар.
Әңгіме болып отырған «Рамадан сүт фермасы» ЖШС инвестициялық жобасының құны – 4 миллиард 825 миллион теңге. Оның тең жартысына жуығы, яғни, 2 миллиард 70 миллион теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына, 1 миллиард 292 миллион теңгесі сүт фермасына қызмет көрсететін техника мен жабдықтар алуға, 1 миллиард 463 миллион теңгесі асыл тұқымды мал сатып алуға жұмсалады деп жоспарланған. Ақшаның 2 миллиард 755 миллион теңгесі инвестор қосатын үлес болса, қалғаны кәсіпорынның есебінен жұмсалмақшы.
Жобаны жүзеге асыру 2023 жылдың шілдесінде басталған болатын. Осы күнге дейін кәсіпорын 1 миллиард 500 миллион теңге дербес қаржысына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. «Рамадан сүт фермасы» ЖШС биылғы маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік іске қосылғанда мұнда 1100 бас голштино-фриз тұқымды сүтті сиырды жемдеп ұстау көзделген. Қабылданған технологияға сәйкес, күн сайын 880 сиыр сауылып, тәулігіне орта есеппен 27 тонна сүт өндірілмекші. Кәсіпорын толық күшіне енген кезде жыл сайын 9 мың тонна өнім береді дейді жобалаушылар. Фермаға мал әкелу осы жылдың мамыр айында басталып, 2026 жылдың ақпанында ол толық қуатында өнім бермекші.
Ферма іске кіріскенде мұнда 53 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның сыртында жыл бойы қолға қарайтын, алдынан жемшөп арылмайтын 1100 бас сауын сиырды құнарлы азықпен қамтамасыз ету үшін жүздеген гектар суармалы алқаптар өңделіп, онда қаншама адам еңбек ететінін ескерсек, Көбетейдің көркі кіретін күн алыс емес.
Бүгінгі таңға дейін сиыр қоралардың металл каркастары құрылып бітті. Сиырларды сауу, сүтті суыту блогын құрастыру да толық аяқталды. Нысанға электр қуатын жеткізу желісі тартылған. Дәл қазіргі кезде тауарлы сүт фермасын жабдықтау қызу жүріп жатыр.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Нұра ауданы
Сурет автордан