Жаңалықтар

«JUMYS TAP»: жаңа өмірге қадам

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан «JUMYS TAP» жобасы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ересектерге арнап өткізетін қысқа мерзімді курстары жастар үшін де тиімді. Бүгінде жобаға қатысатын білім ошақтары қатарында Қарағандыдағы 5 және Теміртаудағы 2 колледж бар. Білім ордаларында оқыту 1 тамызда басталады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, қысқа мерзімді курстар 48 мамандық бойынша өтеді. Оның ішінде, тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электр газ дәнекерлеуші, автомобиль фараларын реттеуші, аяқ киімді жөндеу және кілт жасаушы, сайттарды әзірлеушілерге арналған қызықты ұсыныстар бар.

Сондай-ақ, бейнемонтаж, графикалық дизайн, мобилография, маркетплейстер, таргетолог, ыдыс жуушы, сылақшы-суретші, көгалдандырушы, көгал шабушы, аумақтарды жинаушы, арнайы үй-жайларды жинаушылар да осы тізімде. Мәселен, «Графикалық дизайнер» мамандығын игергендер логотиптер, сыртқы жарнамалар, әртүрлі символдар, компанияның немесе брендтің фирмалық стилін жасайды.

– «Графикалық дизайн» мамандығы графика мен мультимедиа саласындағы кәсіби маманды дайындайды. Олар веб-сайттар, кино, теледидар, жарнама, білім беру мекемелерінде, жобалау және өндірістік фирмаларда, корпоративтік компанияларда жұмыс істей білуі керек. Виртуалды шындықты компьютерде жасап, содан кейін нақты өмірге көшіреді. Сондықтан, бұл мамандықта тәжірибенің болуы маңызды.

Біліктілік бойынша ойдағыдай білім алып, жемісті жұмыс істеу үшін осы салаға қызыққан жастың информатика және сызудан хабары болуы тиіс. Көп жағдайда жұмыс компьютермен жүретіндіктен, біліктілік деңгейіне және тәжірибесіне байланысты жалақы қойылады. Сала мамандарының пікірінше, жоғары деңгейдегі «Графикалық дизайн» маманы болу үшін тәжірибе уақыты кемінде 2-3 жылды құрайды, – дейді білім басқармасының мамандары.

Мамандықтар тізіміне адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін немесе құрылыс, электр, көлік және басқалар секілді лицензиялауға немесе рұқсат алуға жататын мамандықтар кірмейді.

– Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы Еңбек нарығының стандарттары мен талаптары бойынша әзірленген. Бүгінде жоба аясында теориялық және практикалық сабақтар қарастырылған. Оның ішінде, практикалық сабақтардың уақыты теория­лық уақыттан көп болуы тиіс. Мамандықтарды игеруге 5-тен 30 күнге дейін мүмкіндіктері бар, – дейді мамандар.

Оқыту тегін. Соңында арнайы үлгідегі сертификат беріледі.

– Қарағанды жоғары политехникалық колледжі «JUMYS TAP» жобасы аясында жастарды оқытуға дайын. Колледжде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бар. Колледж базасында білім алатындар үшін оқу мерзімі 3 жыл 10 айды құрайды. Студенттер мамандық аясында автокөлік құралдарының барлық түрлерінің ақауларын жоюда техникалық қызмет көрсетуді және диагностикалауды үйренеді. Автомобиль сервисі, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық кәсіпорындары, жүк және жеңіл тасымалдардың автокәсіпорындарынан тәжірибе жинайды.

Кейін «JUMYS TAP» жобасы аясында бүгінде осы мамандыққа қызығатындарға шиномонтажды, электр газ дәнекерлеушіні, автомобиль фараларын реттеуді үйренуге мүмкіндік бар.

Қазіргі таңда білім ошағы «Борусан Макина Казахстан» ЖШС, «Евротехсервис и К» ЖШС, «Автобус парктері», «Тойота орталығы» ЖШС орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста. Жобаға қатысушылар осы компаниялар тәжірибесін де игере алады, – дейді Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары Азамат Екіжанов.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button