Руханият

Әйелдер қауымы – бизнесте

   Бүгінгі таңда қоғамның әр саласында әйелдер қауымы белсенді. Кәсіпкерлікте де қалыс қалып отырған жоқ. Әсіресе, бұл күнде ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шарапатын ауылдықтар шынайы сезініп отырса керек. Сол себепті бүгінде  қыз-келіншектер кәсіпкерлік негізінен дәріс алған соң белді бекем буып, бизнеске бет бұруда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыс бойынша 722 шағын несие берілсе, оның ішінде 197-сі нәзік жанға тиесілі. Өз ісін ашуға 62 шағын несие әйелдерге берілген.

Бұқар жырау ауданы бойынша шағын несие алған 101 азаматтың 37-сі әйел адам. Оның 13-і өз ісін ашуға тәуекел еткен. Сондай  нәзік жанның бірі – Бұқар жырау ауданының тұрғыны Нұрғайша Бүркітбаева. Ол  бағдарлама бойынша төменгі пайызбен несие берілетінін білген соң Халықты жұмыспен қамту орталығына келген екен. Өз ісін мал шаруашылығымен, дәлірек айтқанда, ірі қара мал өсіріп, одан сүт өнімін алуды мақсат еткен Нұрғайша Қуанышқызының болашаққа жоспары – батыл.

Кәсіпкерлік тек ер адамның ғана еншісіне жазылған іс деп білетіндердің пайымын осы күні  осындай  кәсіп басында жүрген ақ жаулық өкілдері жоққа шығарып келеді. Нұрғайша Қуанышқызы  сүт өнімін «Нәтиже», «Рен милк» секілді аймақтағы айтулы зауыттарға жеткізуді мақсат тұтып отыр.  Бұған қоса, бұл жобаның әлеуметтік тиімділігі бар, ол – тұрғындардың сүтке деген сұранысын  қанағаттандыру. Ал, экономикалық негізде кәсіпкер Нұрғайша Қуанышқызы жаңа жұмыс орындарын құрады. Жобаның құндылығына тоқталсақ, өнімнің сұранысты иеленуінде және жоғары сапалығында.

«Ең бастысы – ойға алған істі аяқсыз қалдырмау керек. Қолыңыздан келетін кәсіптің тізгінін ұстасаңыз, нәтиже боларына күмән жоқ. Оның үстіне, мемлекет жаңа кәсібін ашқандарға қолдау көрсетуде. Ендеше, неге тәуекел етпеске?» дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші екеніне уақыт өткен сайын көптің көңілі, көзі де сенеді. Бүгінде аймақта шағын және орта кәсіпкерлердің саны 80 мыңнан асып жығылса, оның ортасынан нәзік жандар да ойып орын алған. Өзінің отбасын ғана емес, бір қауым елді жұмыспен қамтып, нәпақасын айыртқан мұндай қыз-келіншектер өзге жұртқа – өнеге.

Қарағанды қаласында да кәсіпкерлер аз емес. Соның ішінде, кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған әйел қауымының тасы да өрге домалап тұр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке жасалған қамқорлықтың нәтижесінде бұл күні өз-ісін ашқандар көптеп саналады.

Мәселе, Светлана Константиновна Қарағанды қаласында өзі идеясын іске асырған кәсіпкердің бірі. Тақыр жерден тың жобаға жол ашқан кәсіпкер бүгінде аймаққа танылып қалды. Тәтті алкогольсіз суысындар шығарумен айналысады. Светлана Константиновна осы аз уақыт ішінде кәсібін ұршықша иіруде. Аймаққа ғана емес, облыстан тыс өңірлерге де өнімін шығаруға ниетті. Нарықта өзінің орнын айқындап келеді.

Қолында қаржысы болмағанымен, ойына алған  жобасы мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау тапты. Енді ғана ісін бастаған кәсіпкерлер санаулы жылдардан соң нарықта  орнын бекемдей түсері хақ. Ал, бүгінде әйел тек отбасының ғана ұйытқысы емес, қалауын тапса, қоғамда кәсіпкерліктің де ұйытқысы болары және бір дәлелденді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button