«Әй, осы мен сендей кезімде…»
«Әй, осы мен сендей кезімде…». Мұндай әңгімені алдыңғы толқын ағалардан, әкелерден, аталардан талай естіген шығарсыз. Мысалы, балалық шағы соғыс жылдарында өткен ақсақалдар бергі буынға, ал, бергісі одан бергілерге сын көзбен қарап келеді. Осындай ауандағы сынды ағаларымнан өзім де талай естігенмін. Бір сөзбен айтқанда, ағалардың өзінен кейінгі жас толқынға көңілі тояттамайды. Ойға қалдыратын түсініксіз құбылыс.

Әңгімелердің бәрін қорытып, ой түйсеңіз, Абылай ханның түсі еске түседі. Абылай хан түсінде құбылаға қарай бара жатса, бір биік аспан зәулім бәйтерек көреді. Мидай далада сол бәйтерекке барса, түбінде бір жолбарыс жатыр екен. Ол жолбарыс Абылайды көре сала, келіп алысады. Абылай да жолбарыспен алысып жүріп, қолындағы қанжарымен ішін жарып өлтіріпті. Оның ішінен бір қасқыр шыға келіп, ол тағы алысыпты. Абылай оны да жеңіп өлтіріпті. Оның ішінен бір түлкі шыға келіп, о да алысыпты. Оның ішінен бір қоян шыға келіпті. Ішін жарғанда оның ішінен бір күзен шыға келіп, о да алысты. Оның ішін жарып жіберсе, қоңыр шолақ тышқан шығады. Міне, көрген түсі осы екен. Бұқар жырау әулие «Бәйтерек көргенің – өзіңнің осы күндегі хандық бақытың. Өзіңнің жолбарыстай айбатың, хан, салтанатты уақытың. Өзіңнен туған бір балаң аюдай болып туып, өзіңнің хандық орныңа тұрып, өзіңдей болып қалмаққа, жауға аюдай болып шабады екен. Онан туған балалар қасқырдай болады екен. Онан кейінгі адамдар түлкідей бірін-бірі алдап, арбап, сұм заманға ие болады екен. Онан кейінгі адамдарға бір қорқу, үрку, жебір, жесір тар уақыт болады екен. Одан кейінгілердің көрген уақыты бастарына келетін бір қоңыр шолақ тышқандай болып жүріп күн көретін уақыт болады екен. Заманның ақыры таянғанда адам баласына кездесетін уақыт күзен секілді болар. Аяғы тышқан болып, дүние сөйтіп таусылады-дағы», – деп жорыпты. Әлгі әңгімені айтатын алдыңғы толқын күзен бе, қайсы? Бастысы – мынау жаңа толқын қайсы? Олар өздерінен кейінгілерге қандай сын айтады екен?
Мәселен, өткен ғасырдың өкілдері «Сендердің замандарың оңай. Біз атпен, ат-арбамен шалғайларға апталап сапарлайтынбыз. Телефон, интернет деген болған жоқ. Боран мен аязда, тас қараңғы түнде жылқы бағып, қасқырмен алыстық. Пеш жақтық, отын тасыдық. Сендер ақ саусақсыңдар. Білім-ғылымды кітапханаларда көз майымызды тауысып жидық» деген әңгімелерін айтады. «30 бен 40 жас аралығындағы толқын цифрлық дәуірде көз ашып, бұғанасы бекіген «Z» ұрпаққа не дейді екен?» деп ойланып көрдіңіз бе? «Отын тасыдық, жылқы бақтық, кітапханадан шықпайтын едік» десе, сәл шындыққа жанаспайды-ау! Өйткені, дәл осы буын қалалық өмірдің, жаңа ғасыр өркениетінің, соның ішінде ғаламтордың игілігін көрді. Бәлкім, «сендердей кезімізде ақпарат алу үшін әр сілтемеге кіріп, әуре болатын едік. Сендер жасанды интеллектінің желкесіне әбден мініп алғансыңдар» дейтін шығар? Бәрі ықтимал. «Z» ұрпақ өзінен кейін келгендерге не деп сын айтпақ? Айтарына шүбә жоқ. Себебі, толқыннан толқынға жұғатыны анық. Бұлай деуімізге нақты себеп бар.
Алдыңғы толқынның тарапынан түрлі сынды естіп жүріп, «Адамдардың асылы өткен ғасырларда қалған-ау!» деп ойлайтынымыз да бар. Бірақ, олай емес екен. Бұл сөзімізге дәлел Мұхтар Әуезовтің тұтас ғасырды суреттеген әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясында жатыр. Құнанбай Тойғұлының ауылына құда түсіп барады. Алыс сапарға аттанған жігіт Абай жолшыбай тойлы ауылға ат басын бұрады. Елдің марғасқалары, игі жақсылары жиылған бір алқалы жиында «Қаратай өздерінің жас кезін айтып, әкелер заманын еске алып кеп, бүгінгі заманның азғанын, бүгінгі адамның құнарсыз боп, жұтаң тартып бара жатқанын айтты» («Абай жолы» роман-эпопеясы. Қияда). Енді Абайдың айтқан жауабына қараңыз. Қаратайдың сөзіне қиғаш қараған Абай «Бұрынғы заманның жақсылығы со ма, қатар отырған бір туысқан елдер бірін-бірі шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы еді. Осы тұрған Сыбан мен Тобықты арасында, Тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым қатынаса алмаушы еді. Алып кетеді, жұлып кетеді деп, ылғи ғана жасанып жүруші едіңдер… Сол заманда жақсы ма екен?» – дейді. Бұл әңгіме XIX ғасырдың екінші жартысында айтылған. Қатар отырған туысқан елін шапқан толқынға алдыңғы толқынның да әлдене деп сынағаны сөзсіз. Жалпы мұндай фрагменттер тарихи романдарда жетіп артылады. Кенесары хан Абылай мен Қасым хандардың заманын, қоғамын аңсайды. Абылайлар мен Қасымдар Жәнібек пен Керейдің, Жәнібек пен Керей Алтын Орданың, Алтын Орда Шыңғыс ханның дәуірін аңсайды. Осылай кете береді.
Бұл құбылысқа әлемнің психологтары мен әлеуметтанушылары бас қатырыпты. Ғылыми зерттеулер әрбір ұрпақ өздерінің ерекше әлеуметтік контекстінде өсетінін алға тартты. Бұл олардың дүниетанымын, құндылықтарын және өмірге деген көзқарастарын қалыптастырады. Психологтар мен әлеуметтанушылар ұрпақтар арасындағы айырмашылықты қоғамдағы институттардың (білім беру, отбасы, жұмыс) және технологиялардың өзгеруімен түсіндіреді. Әрбір әлеуметтік өзгеріс өзіндік «мәдени код» қалыптастыратынын, ол басқа ұрпақтарға түсініксіз болуы мүмкін екенін айтады.
Мысалы, америкалық әлеуметтанушы Уильям Штраус пен нейропсихолог Нейл Хау өздерінің ұрпақтар теориясында әрбір ұрпақ тарихтағы маңызды оқиғалар арқылы әлемді қалай қабылдайтынын түсіндіреді. Ересек ұрпақтар экономикалық дағдарыс, немесе соғыс кезеңдерін бастан өткерсе, олар қазіргі «бақытты» және «еркін» ұрпақтарды түсінбей, оларды жеңіл ойлы деп санайды.
Когнитивті теория және стереотиптер деген бар. Когнитивті психология тұрғысынан адамдар бір-бірін стереотиптер арқылы қабылдаған кезде, көбінесе шын мәнінде олай болмайтындығынан бейсаналық түрде жүзеге асады. Жастарға қатысты стереотиптер, мысалы, «еріншек», «құрметсіз», немесе «жұмыс істеуге қабілетсіз» деген пікірлер оларды төмендетуге, немесе теріс бағалауға әкелуі мүмкін. Психологтар ересектердің когнитивті бұрмалаушылықтарға ұшырауы мүмкін екенін айтады. Бұл «қара-ақ» қағидатымен түсіндіріледі (мысалы, «жастар әрқашан жауапсыз» деген сияқты). Бұл ұрпақтар арасындағы алшақтықты күшейтіп, сынға әкеледі.
«Әлеуметтік үстемдік теориясы» деген де бар. «Әлеуметтік үстемдік теориясы» (Social Dominance Theory) төңірегінде Джим Сиданиус пен Фелисия Прейердің зерттеулері бойынша, бір топтың екінші топты үстем етуге деген ұмтылысы түсіндірілген. Осы теорияға сүйенсек, ересектер өздерінің әлеуметтік және экономикалық билігінен айырылып қалу қаупін сезінуі ықтимал. Бұл жастарға қарсы кемсітушілік немесе теріс көзқарас тудырады.
Психоанализ тұрғысынан алғанда, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынастарды қорғау механизмдері арқылы түсіндіруге болады. «Проекция» механизмі арқылы ересектер өздерінің алаңдаушылықтарын, қорқыныштарын, немесе сәтсіздіктерін жастарға жобалайды. Мысалы, егер ересектер әлемнің күрделене түскенін сезінсе, олар осы сезімдерді жастарға көшіріп, оларды «қабілетсіз» деп айыптайды.
Нейробиология және ми өзгерістері ғылымына сүйенсек, миды зерттеу жас ұрпақ пен ересек ұрпақтың бір-бірін қалай қабылдайтынын түсіндіруге көмектеседі. Әр түрлі жас топтарында нейробиологиялық айырмашылықтар бар. Мысалы, жастарда шешім қабылдау және әлеуметтік әрекет етуге жауапты мидың префронтальды бөлігі белсенді дамуда. Жас өскен сайын бұл қабілет төмендеуі мүмкін. Бұл ересектердің жаңа идеяларды, әлеуметтік нормаларды қабылдауда икемділік танытпайтынын түсіндіреді. Егде жастағы адам миының құрылымы мен мінез-құлық үлгілері көбінесе тұрақты болып қалады. Тұрақтылық жаңа идеяларға бармайды. Жастар, керісінше, өзгерістерге көбірек бейім. Ғалымдар бұл ересектер үшін қауіп ретінде қабылдануы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



