Жаңалықтар

Үй арзандай ма?

2026 жылдан бастап, жаңа салынған пәтерлерді сату кезінде құрылыс компаниялары қосымша құн салығы ретінде 16% төлеуге міндеттеледі. Е-Kezekte ақпараттық жүйесінің жаз айларындағы деректеріне сәйкес, облыста бүгінгі таңда тұрғын үй алуға кезекте 33 233 адам тұр, оның ішінде 22 361 халықтың осал топтары санатына жатады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Еліміздегі білікті экономист Айбар Олжайдың айтуынша, күзде тұрғын үй нарығында белгілі бір белсенділік жүреді. Жаңа құрылыс компанияларына, жаңа салынған үйлерге сол уақыттан бастап сатқан кезде қосымша құн салығы 16% болады. Сондықтан, енді пайдалануға берілетін үйлер 2026 жылдан базалық бағасынан 16%-ға қымбат болады деп айтуға негіз бар.

Экономисттің айтуынша, бұл өзгеріс әсіресе, шағын құрылыс компанияларына әсер етуі мүмкін.

– Тұрғын үй бағасының төмендейтініне үлкен күмән бар. Баға екінші қолданыста болған үйлер нарығында да, жаңа нарықта да өсе бастайтыны анық. Себебі, біріншісі кіші құрылыс компаниялардың көбісі нарықтан кетуі мүмкін. Ірі құрылыс компаниялары бағаны қымбаттатады. Белгілі бір дәрежеде дәл осы тұрғын-үй құрылысының ірі қалалардағы қарқыны азаюы мүмкін, – дейді ол.

Оның айтуынша, ипотеканың бағаға әсері сұраныстың артуына байланысты. Адамдардың бәріне үй алуға мүмкіндік берілгендіктен, үй іздейді. Құрылыс компаниялары сол кезде бағаны көтере бастайды. Ипотека арзан және халыққа қолжетімді болған сайын тұрғын-үй бағасы қымбаттай түседі.

Жалпы, өңірде биыл 545 мың шаршы метр тұрғын үй ғимаратын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл – 5 мыңнан астам пәтер. Осыған тұрғын үй құрылысы жөніндегі жоспарды іске асыру үшін 4,3 млрд теңге сомасында қаражат көзделген. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін 3,6 млрд теңге дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға жұмсалады. Ал, облыстық бюджет бөлетін қалған 700 млн теңге тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға жұмсалады.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 540,326 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл биыл жоспарланғаннан 5 мың шаршы метрге аз.

Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мамандары атап өткендей, өңірде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі бар. Оның ішінде күнкөріс деңгейінен төмен табысты және әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандар бар. Осы топтарға заң талаптарына сәйкес кезектілік тәртібімен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір шарасы «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асады. Кезекте тұрғандарға жеңілдетілген қарыз­дар беру үшін республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатынан бюджеттік кредиттер береді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button