Жаңалықтар

Жыр боп қалған ғұмыр: ақын Қайрат Асқарды еске алу

«Еліне еркін еркелеп өскен
Мен де бір аңғал, тентек емес пе ем…»
Қайрат АСҚАР

Сурет ақынның отбасылық мұрағатынан

Интимдік лирика! Махаббаттың мұң-зарын, арман-мұратын, ғадауаты мен алау отын шынайы түрде бере білген шығарма түрі. Біз оны Серік Ақсұңқарұлының осы тақырыптағы жұп-жұмыр жыр жолдарынан танығанбыз. Саналы адамның түйсік түпкіріндегі мейірім мен ізгіліктің ұясы осы Махаббат болса керек. Абыз Абай да айналып өтпеген; «…Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар…». Ал Секең не дейді?!
«…Мен Дауыспын.
Еркін үн-пірім.
Онсыз да тұншықтым.
«Сақтаныңдар!» – дейтұғын
Дауысымын Фучиктің.
Көлеңкеден дір еттім жас үзіліп жанардан.
Мен – Азамат жүрегінің лүпілінен жаралған –
Интимдік лирика» – деп түйіндейді тілеулес, ұстаз ағамыз. «Дауыс» атты дара жыр жинағының авторы, ақын Қайрат Асқардың қазасына Қарағанды мен бүкіл Арқа аза тұтып тұрғанда, Серік ақсақал фейсбуктегі парақшасында фәниден көшкен шайыр шәкірті жайында ағынан жарылған болатын. Енді міне, жан еркіндігі мен мінез еркелігі, болмысы боямасыз бауырымыз, досымыз, арда ақын, аяулы азаматты жиі еске алып, елесіне елтіп, еңіреп жүрміз…

Біздің жолымыз тоқсаныншы жылдардың басында, Ұлттық сананы ұлықтайтын мектеп­аралық «Сиқырлы қазан» сайысында тоқайласты. Қарағайлыдағы қазақ мектебі аудандық сайыста топ жарып, облыстық додаға жолдама алды. Сол жолы ақтық жарыста біздің мектеп командасы Қарағанды орталығындағы №2 мектеп-интернатымен иық тірестік. Сол мектепке кейіннен ауысып барған сыныптас қыздардан Қайрат Асқаров деген дарынды оқушының барына қанық едім. Финалда айтыс болып, мен оқу ошағының озат баласының өзімен үзеңгі қағыстырдым. Оған да отыз бес жыл уақыт өтіпті. Содан біздің бойымызда баянды байланыс басталды. Балалық шағы Қарқаралы ауданы «Бесоба» совхозының «Қамқор», «Қызылту», «Қарашоқы» бөлімшелерінде өткенімен бірінші сыныптың жарты жылынан соң облыс орталығындағы мектеп-интернаттың есігін имене ашады. Сірә, лириканың алғашқы лебі осы ауылға, ата-­анасына деген сағыныштан себезгілесе керек. «Мен туған жер» атты өлеңі сол бір сезімдерді мегзеген сияқты:

«…Аптығып албырт көңіл ат қамшылар,
Гүлдерден ыршып түсіп пәк тамшылар.
Бесоба бүгін неге елеңдеп тұр,
Сағынып ұлы келе жатқан шығар?
…Жан күйіп сағыныштың отына мың,
Тістелеп қаламымды отырамын.
Жырымның нәрестесін әлдилеген,
Туған жер қасиетті топырағым…», – десе, «Біздің ауыл»-деген дүниесінде:
«Сағыныш толы жүрегім
Шарпылып сезім отына,
Тұғырым туған, тірегім –
Келемін Қарашоқыма.
Шуағын еміп жайдарман,
Бұлаңдап өскен бұла ұл.
Кіндігім мәңгі байланған,
Қазығым алтын – бұл ауыл!», – деп дәйекті дауысымен дәлелдей түседі. «Басқарманың баласы» боп «бұла» өскенімен өмір мектебі оның өресіндегі ойларды өзгеше өргізді. Айналасындағы дос-жаран, кластас-құрбыларын бөле-жара қоймайтын Қайрекең осы жолда ерте есейді. Ой орманын мейлінше жалғыз аралады. Оның маңында өзінің шығармашылық шырақшысы, яғни Музасының міз бақпайтын бақылауында болды.

Нашар өлең жазуға алғыр да ақпейіл дарыны мен алғашқы ұстаздарының бағыты жібермеген шығар. Ұлағатты ұстазы, ұлттың үнін тереңнен сезінетін Ләззат Бәйішқызы апайды Қарағанды жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Сол бір шуақты ұстаз-анамызға былай дейді:

Тірегі дара – Ел ана ғана,
Ерлікті ту ет жасымай!
Қарқабат, Ұмай, Домалақ ана,
Жебеген шығар осылай.
Осындай «Далам, тауым!» – деген ынтықтық алаңдауын қоймай, ақын жүрегін алға қарай жетелейді. Мектеп бітірер жылы Қайрат ақынның балалық мұңы далалық дәстүрде тәрбиеленген ағаларының құлағына жетеді. Он алты жасында жазылған «Ауылыма кетем» атты сағынышына Ерлан Төлеутай ағасы саз жазады.
«Ауылыма кетем, бауырыма жетем мен
ертең,
Сағынған шығар, адырлар, қырлар кең
өлкем.
Қалам деп мұнда, толар деп мұңға жанарың,
Жабыға көрме, қамыға берме, сен еркем!», – деп тебіренеді он алты жастағы оқушы бала… Ерлан Төлеутай-Ерекең өзінің мерейтойында осы әннің кезегі келгенде: «Он алтыдағы баланың сөзіне ән жазып жүрген менде де ес жоқ!» – деп әзілдеген болатын. Балталасаң да бұзылмайтын балалық бәтуаға дауа бар ма?… Отан туралы ойлары кейінгі салмағы басым «Алаш анатомиясы» мен «Азаттық жыры» атты көлемді дүниеге ұласты.
«…Азаттық – көп аңсаған жұмақ төрі,
Алашқа осы болсын сынақ соңы.
Атам тұр батқан күннен сұрап соны,
Апам тұр атқан таңнан сұрап соны.
Қызым тұр шыққан күннен сұрап соны,
Ұлым тұр бір Тәңірден сұрап соны…», – деп бар Алашын отбасының айнымас арманына айналдыра тәмамдайды.
Иә, университеттегі ұмытылмас шақтар, Жайық Бектұров кітапханасындағы «БОТА» жастар орталығындағы балдәурен кездердің бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Махаббат лирикасының маздайтын мезгілі де осы маусым. Өз кеудесіндегі арманшыл үмітпен; «Мен Өзіңді…» – деген сағынышында:
«…Өлең-өмір, өмір-өзен тоқтамауы үшін де,
Жүректерді ізгілікпен отқа орауы үшін де,
Әр адамға керек сендей ақ арман!» – дейді досым… Ол өзінің жазу стилінен көшкен жоқ. Мөлдіретіп жазды, елжіретіп оқыды. Көш демекші, осы аттас өлеңінде де: «…Бүгін тағы көшіп барам күш алып, Сейіл салған Шәмші ағаның әнімен» – десе, «Шаңырағын өлеңменен жылытқан, мен әулие емеспін ғой Қасымнан» немесе « Егілген жоқ Жұматайша жүрегім, елу жеті қожайынға жаутаңдап…» – деп өз-өзін жұбатады.
Қайрат сыртқы әсер мен ішкі түйсіктің нәтижесінде махаббат, ізгілік, сағыныш тақырыптарына мейлінше таза жүрекпен кірді, сезінді.
«…Сезім кірпіктің ұшына дірілдей қонған, көзім бір тұтқын құбылған өмірге мынау…» – деп мұңаяды. Жүректен жүрекке жете барғаны болар, Ерлан Төлеутай ағамыз бен кешегі саңлақ Сейіл Аяған, Шыңғыс Мұқаев бауырымыз, досымыз Қамбар Таласбаев сөздеріне ән жазып, көпшіліктің назарына ұсынды. Барша қазаққа белгілі әнші жұлдыздардың орындауында жұртқа жария болды.
Қайратжанның жиырма жасын студенттік жылдарда бір күнде туған ақынжанды ағамыз Азаматпен (Шохшин) Теміртауда атап өткенбіз. Жиырма бес жасында 1940 жылы латын тілінде жарық көрген Абайдың кітабын сыйлағын едім (ол көшіп жүргенде жоғалып кетіпті). Отыз жасы да көмірдің ордасында, көңілдің ортасында өтті. Ал, қырық жасында Қарағандыда жүріп, қазақ елін тамсандырған Қайратты қаперімізге ілмеген сияқтымыз… Періштенің тұзы жеңіл…

Диплом алысымен өзінің тұсауын кескен №2 Н.Нұрмақов атындағы мектепте мұғалім боп бастады. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де, «Болашақ» колледжінде ұстаздық қызметтер атқарды. Облыстық жастар саясаты басқармасының ресурстық орталығында рухани шаралардың басы-қасында жүрді. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің «Лайф-09» ақпараттық агенттігінде редактор боп, журналистиканың да дәмін татты. Астанаға қоныс аударатын жылы Кеншілер мәдениет сарайында ұйымдастырушылықпен айналысты. Сол 2024 жылдың басында маған хабарласып: «Рәкібай, желтоқсанда сенің елу жылдығыңды атап өтеміз, дайын бол!» – деп сүйіншілеген болатын. Мәдениет сарайының сол кездегі басшысы Жаролла Ақышев ағамызбен осы жайды реттеп қойған екен. Жұмыс жағдайымен сол сәтте де келе алмай қалды… Ол енді мүлдем келмейді… Керім жырларын оқығанда, кеңсірігің ашып, кемсеңдеп, көзіңе жас келеді…
Ғұмыр жасың төртінші мүшелін жабатын еді, жұмыр басың оған жетпеді… Сен туған 13 қаңтар Қарағанды жұртшылығы үшін қара өлеңнің күні. Сен жасамасаң да жылуы мол жырларың жасай береді…Ізгі руһтың игілігін көр! Артыңдағы Алашың аман болсын!
Дұғалы дүниемді өзіңнің «Дауысыңмен» доғарсам…
«…Сағыныш бәрі сол шақтың,
Керемет күндер қайда әлгі?
Мөлт еткен кезде моншақ мұң,
Мөп-мөлдір әнге айналды…» (Шығыстың шәрбат таңы едің)
Іздейміз сені, ІЗГІ РУҺ!

Руслан НҰРБАЙ,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button