Жаңалықтар

Қияндағы қыстаққа жарық қашан барады?

Ауылға һәм оның шаруашылығына арнайы тұжырымдама қабылданып, былтыр іске асыру басталды. Жалпы, ауыл дегенде біздің көз алдымызға аудан орталығы ғана келетіні бар. Бірақ, ауданның түтіні түзу ұшуы оның шаруашылықтарына тікелей байланысты екенін ежіктеп жатудың өзі артық. Ал, сол шаруашылықтардың бәрінің бірдей жай-жапсары, жасыратыны жоқ, ұртымызды толтырып айтатындай емес. Дәл бүгінде қиянда түлік өсірген шаруалардың басым бөлігі жарықсыз, байланыссыз, «жапандағы жалғыз үйдің» кебін киіп жүр. Жарықсыз отырған фермерге осыдан кейін «Шаруашылығыңа Еуропаның, я АҚШ-тың технологиясын неге қолданбайсың?» деу де біртүрлі естілері тағы шын.

Қожалық неден қорлық көріп жүр?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі ауылдық округ – 2 177, ауыл – 6 295 екен. Ал, Қарағанды облысында 7 аудан, 153 ауылдық округ, 344 ауыл бар.  Деректер 6899 шаруа қожалығы барын айтады. Аз көрсеткіш емес.

Десек те, мұның арасында әлі күнге қойын құрттап, қойыртпағын  ішкен қожалықтар жетіп артылады. Өркениет «Байтал түгілі бас қайғы» болған қыстақтардың тек түстеріне кірер арман. Электр жарығына жете алмай келе жатқан «қараңғы»  қыстақтар ауыл шаруашылығының озық технологиясын ойлауға мұршасы да, мұраты да жоқ. Қарапайым қажеттілікке қолы жетпеген қожалықтың елдің аузын аққа жарытады деу – шақша басқа сыймайтын «сұрықсыз» ой.

Бұл мәселе  бұдан біраз бұ­рын «Ауыл» партиясы өкілдері қа­тыс­қан Мәжіліс депутаты Таңсәуле Се­рі­ковпен аймақтағы кездесуде ашық көтерілгенін білеміз. Сол кездесуде Қарқаралы ауданы Мартбек Мамыраев атындағы ауыл маңындағы шаруа қожалықтары жарықсыз отырғандарын шырылдап тұрып-ақ айтқан еді. Бұл кеп – тек сол ауданда ғана емес, барша шаруа атаулының басында бар.

Негізі, күн панелі бір кездері кей қыстақтарға жеткен-ді. Алайда, оның жұмыс істеу мерзімі тек 3 жыл ғана. 3 жылдан соң қуат берер аккумуляторы істен шығады. Сонда қыстақ жұрты қыстың қақаған аязында қуаттандыр­ғыш аккумуляторды қайдан таппақ?! Ал, шалғайдағы шағын шаруашылыққа құзырлы орындар жарық тарту үшін сонша қаржы шығындау тиімсіздігін айтады. Бұл қожалықтарға қайтпек керек?

 

Жарықсыз ешкімді қарық қылмайды

Мартбек Мамыраев ауылдық округінің маңында жалпы 39 шаруа қожалығы шоғырланған. Оның 23-і – ірі, яғни, төрт түлігі тең өрген шаруашылықтар. Осы 23 шаруа қожалығының тек үшеуінде ғана жарық бар көрінеді.

– Меніңше, бұл – жалпыға ортақ мәселе. Өздеріңіз білесіздер, электр жарығы болмаса, көп дүние қараң қалады. Мәселен, менің өзімде 450 ірі қара, 200-ден артық жылқы, 100-ге тарта қой-ешкі бар. Шаруашылығым Мартбек Мамыраев ауылдық округінің Ақбайпақ қыстағында. Түнеукүні тартқан күн панелінің қуаттандырғыштары тозып, оны өз қаражатымызға қытайдан алдырдық. Әр күн панелінің қуаттандырғыш құны – 235 мың теңге. Ал, қолы қысқа жандар күн панелінен күдерін үзгелі қашан?! Қытайдан жазғытұрым алдырған қуаттандырғыштар да көпке бармады. Енді жөпелдемеде Қытайға қалай тапсырыс бермекпіз?! Боран мен жол бекетіндегі бөгетті қайтпексіз?! Қала түгілі қаладан әрі қарай да жолдар жабылып жатыр. Күн панелінің өзі тек жарықтандырумен ғана шектеледі. Бұл проблеманы малың қайдан түсінсін?! Оларға құдықтан су соратын сусорғыш, жем мен шөбін тартып берер талқан машинасы болса, болғаны. Ал, мұның көзі – электр жүйесі. Егер электр сымы тартылғанда біз әлдеқашан қаланың ет сөресінен бос орын қоймай, жәрмеңке сайын ет пен құрт-майды үзбес едік. Ауыл өнімін өткізу тек қала халқы үшін ғана емес, өзімізге де орасан пайда. Өткен жаздың аптап ыстығында қалаға ірі-қара сойып жөнелтпек болдық. Алайда, азабы пайдасынан асып түсті. Неге десеңіздер, бір сиырдың өзін таңғы салқынмен сағат 3:00-де соясың. Оны екі сағатқа жуық дегдітіп, суытуың бар. Сонда бір сиырды қалаға жеткізем дегенде, бір күнің өтеді. Салулы дайын тұрған ет тоңазытатын орындарымыз адыра қалды. Электрсіз одан сымбыл да жоқ, – дейді «Жалықпа» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Баймағамбетов.

 

Шаруаның шымбайына батқан шындық

Жалғыз бір шаруа болса игі. 40-қа жу­ық қожалықтың әуе ашық, күн жарықта өркениеттен ада, дамудан қалыс қалып бара жатқаны кімді алаңдатпақ?! Бұл турасында облыстық ауыл шаруашылық басқармасы не дейді екен?

– Негізі, жарық тартуға субсидия қарас­тырылған. Бірақ, ол үшін жоба 250 млн. теңгеден асуы керек. 40-50 қой, 10-15 сиыр үшін шалғайға шашар қаражат жоқ, – дегенді басқарма. Әлбетте, басқарманы да сөгу қисынсыз. Әйтсе де, өзіміздің азық-түлікті тұтынғымыз келсе, айдалада отырған, айқайласа да, үні жоғарыға жетпей жатқан шаруашылықтар мәселесінің шешімін табар күні жеткен секілді. Қабылданған ауылды дамыту тұжырымдамасының шапағаты бұларға да тисе, құба-құп.

 

Үміт – қалған төрт жылда

«Былтыр Президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі», – деген болатын  Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен  Ұлттық құрылтайда. Баршаға мәлім,  2022 жылдың қарашасындағы Президент сайлауындағы жеңістен соң Мемлекет басшысының қол қойған алғашқы Жарлығы ауылды дамыту туралы еді.

Жарлықта алдағы бес жылда ауылдың дамуына баса ден қойылатыны айтылғаны аян. Ол бес жылдықтың бір жылын ендігі «жеп» қойдық. Алда қалғаны – төрт жыл. Бұл төрт жыл көтерген жүк қырық атанның белін қайыстырардай ауыр  екені де соқырға таяқ ұстатқандай анық зат. Оның ішінде, мына жоғарыдағы мәселе де бар…

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button