Бас тақырып

Ішкі мәдениет іркіле бере ме?

Қарағанды, шыны керек, тазалығымен тамсандыра алмайды. Экологиялық мәдениетімен мақтана алмайды. Қарағанды дегенде, тас қала емес, сонда күнелткен тұрғындарды айтамыз. Жұртшылықтың тазалыққа деген «көзқарасы» қар ерігенде мәлім болады. Алты ай қыста не жеп, не ішкеніміз жайрап жатар еді. Негізі, өндірістік залалды өлшеп-екшеген арнайы құзырлы орындар бар. Сол тұрғыда қарекет қылары және бар. Біздің айтпағымыз – «өзіміздің қалдықтар» туралы. Маңайымызды ағызып тастап, ортасында «ойсыз» отыратын «олақтығымыз» хақында. Мүмкін «салақтығымыз» шығар. Тазалық түсінігінің тамыры терең. Бұл арада – рухани һәм әрі тура мағынадағы тазалық. Алдыңғысы әркімнің өре-деңгейіне тікелей қатысты. Соңғысы – ішкі мәдениет пен ішкі цензураға тәуелді. Бұл турасына келгенде ұяттымыз. Ішкі мәдениетіміздің тым-тым «бәкенелігін» әзірге жеңер амал табылмай келеді. Сәуірде басталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясында тонналап шыққан қоқыс – соның бұлтартпас дәлелі емес дей алмаймыз…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Қарағанды аймағының экологиясы ең асқынған аймақтың бірі екенін ежіктеп жату – артық. Өндіріс орындарының көптеп шоғыр­лануы-ақ біраз жайттан еркін хабар береді. Жалпы, ғалымдар табиғатқа келетін зиянды әлдеқашан жіліктеп, бөліп тастаған. Әуелгісі – өндірістік қалдықтар. Одан кейінгісі – тұрмыстық қатты қалдықтар. Қарағандының екеуінен жарылқанғаны шамалы еді.

Шындығында, осы күні адам­дардан ішкі мәдениетті жиі із­дейміз. Ол да іздеген сайын табы­ла қоймайды. Ішкі цензура да жоғалып кеткен. Ненің жөн, ненің жөнсіз екенін айыру содан да кемшін.

Ішкі мәдениеттің жұтаңды­ғы­нан балконнан қоқыс лақтыру, отыр­ған орнымызды шашып-төгіп кете бару, үйдің кіре берісіне, я ау­ласына пакет-пакет қоқысты қал­дыру, түзу тұрған аялдама орын­­дығын отын қылу, не аялда­маның әйнегін күлпарша ету, саябақтағы сәкілерді жұлып алу, тағысын-тағы осындай оспадар әрекеттерге көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен-ді. Ішкі цензурадан мақұрымдық сөйтіп ішкі мәдениетсіздікпен «мәмілеге» келіп алғаны.

– Жалпы, рұқсат етілмеген полигондарды жоюдағы проблемалардың бірі – олардың қайта пайда болуы. Оған қоса, бұрыннан бар ірі рұқсат етілмеген қоқыс орындарының ұлғаюы. Олардың қалыптасуы мен «өсуіне» жол бермеу үшін рейдтік шараларды, стихиялық қоқыс орындарында рейдтік шараларды ұлғайту, бейнебақылау орнату қажет. Бұл ұсыныс облыс әкімдіктерімен өткен кеңестерде бірнеше рет айтылды, – дейді экология департаменті.

Жыл сайын «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ полигондарды анықтау және жоюды жүргізу үшін олардың орналасқан жерінің ғарыштық суреттерін ұсынатыны белгілі. Қарағанды облысының экология департаментінің дерегінше, аймақта 2024 жылы 193 рұқсат етілмеген полигон анықталған. Оның 123-і жойылыпты. Бұл пайызға шаққанда – 63 пайыз көлемінде, Ал, 70 полигон жойылмаған. Бұл заңсыз полигондардың қалай пайда болатыны баршаға мәлім.

Сурет musor-rin.ru

– Облыста 168 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар, оның 51-і, яғни, 30-дан астам пайызы заңдастырылған. Облысымызда 20-дан астам қалдықты қайта өндеу­ші компания бар. Рұқсат етілмеген полигондар бөлігінде ақпарат жариялаған кезде бұл әкімшілік жауапкершілікті көздейтін экологиялық және санитарлық нормаларды бұзу екенін атап өткім келеді. Айыппұл соммасы 80 мыңнан – 1 миллион теңгеге дейін жетеді.

Жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қарағанды облысында қалдықтардың рұқсат етілмеген орындарын жою жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр деген қорытынды жасауға болады. Дегенмен, осы бағыттағы күш-жігерді жалғастыру, аймақтағы тазалықты және қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ету үшін қалдықтарды заңсыз орналастырумен күресудің жаңа әдістерін әзірлеу қажет, – дейді департамент басшысы Дархан Исжанов.

Дегенмен, ресми ұйымдар 2021 жылдан 2023 жылға дейін стихиялық полигондар төмендей бастағанын айтады. Мәселен, 2021 жылы оның саны 1360 екен. Былтыр 740 шамасында деседі. Стихия­лық полигонның азайғаны бұқара мәдениетінің молайғанының көрсеткіші бола ала ма, жоқ па, ол әзірге беймәлім.

Ал, Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, сәуір айынан бері санитарлық нормаларды бұзған тұлғаларға қатысты 10 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған.

– Учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция нарядтары абаттандырылған жерлер мен қоғамдық орындарды лас­тағандарды анықтайды. Тазалық пен тәртіпті сақтау бағытында тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров. Тұрмыстық қатты қалдықтарды бекітілмеген орындарда тастағаны үшін 15 автокөлік ұсталған. Әлихан Бөкейхан ауданында учаскелік инспектор ірі құрылыс қоқысын түсіріп жатқан құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды деп хабарлады полиция департаменті.

Экологиялық мәдениеттің бұқарада қашан бой көрсетерін тап басу қиындап тұр. Өйткені ішкі мәдениет пен ішкі цензура ілуде біреуде ғана…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button