Ирина Киселева: Әрбір бала қорғауға лайық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы заңға қол қойғалы қоғам балалардың жайына жіті назар аудара бастады. Заң осал топтарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алуды көздейді. Аймақтағы отбасы институтын нығайтып, бала құқығын қорғайтын арнайы уәкіл Ирина Киселева әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қоймай, кеңес те береді. Әлеуметтік әділеттілік арқылы балаларды қорғауға тырысқан ұмтылысына көпшілік сүйсінеді. Арнайы уәкілмен сұхбат құрып, балалардың жайына үңілдік.
– Ирина ханым, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясын Қазақстан қабылдағанына 30 жыл. Ресми деректер, соңғы үш онжылдықта Қазақстан бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімді бес есе, ал, жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімді үш жарым есе төмендетуге қол жеткізгенін айтуда. Бірақ, елде балаға жасалатын зорлық азаяр емес. Балалар өлімін төмендету – кешенді жұмысты талап ететін секілді…
– Жалпы, балалар өлімін төмендетуде елеулі табыстарға қол жеткізу – Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі мен өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі көпжылдық күш-жігердің нәтижесі екенін ерекше атап өткен жөн. Бірақ, сізге қосыламын. Рас, балалар қылмысы мен қауіпсіздігі – кешенді тәсілді қажет ететін өзекті мәселе.
– Баланы қауіп-қатерден қалай қорғауға болады?
– Республикада балаларды зорлық-зомбылықтан қорғап, суицидтің алдын алу, құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Оның бастамасы ретінде қазақ халқының ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделген «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» жұмыс істеуде. Буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әдістемелік шаралар әзірленді. Зорлық-зомбылыққа, қорқытуға немесе кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі нұсқаулықтар таратылып, қатыгездік пен зорлық-зомбылық мәселелері бойынша заңнама күшейтілді. Осының бәрі баланы қорғаудың алдын алуға бағытталған жұмыстар.
– Елімізде ұлттық мониторинг – Балалардың әл-ауқат индексі енгізілді. Кішкентай қарағандылықтардың әл-ауқат деңгейі қандай? Балалар өлім-жітімінің алдын алуда жүзеге асқан ең негізгі жұмыстарды атап өтсеңіз?
– Бізге 2023 жылдың индекс қорытындысы ұсынылмады. Балалар өлімінің алдын алу – денсаулық сақтау басқармасының мәселесі. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қарағандыдағы балалардың әл-ауқатының деңгейі денсаулық, білім, өмір сүру жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды қоса алғанда, әртүрлі көрсеткіштер бойынша өзгеруде. Қазіргі таңда, балалар мәселесі, әсіресе, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру саласында тұрақты. Бірақ, әлі де болса жақсартуды талап ететін салалар бар. Мысалы, Қарағандыда балалар өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін перинаталдық көмекті дамытып, жаңа туған нәрестелермен және аналармен жұмыс істейтін медициналық персоналдың біліктілігін арттыру керек. Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердегі патологияны ерте анықтауда емдеу бағдарламалары енгізілсе деген өтініштер бар…
– Биыл Ұлттық комиссия әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты мәселелерді шешуге ынталы. Мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауына алынғаны белгілі. Алдағы уақытта балалар құқығын қорғауда қандай жаңа жобалар жүзеге асады?
– Биыл бұл бағыттағы жұмыстар күшейеді. Осы орайда балалар мен жасөспірімдерді қолдау орталықтарын құру және дамытуда бірқатар жобалар жүзеге асады. Балалар мен жасөспірімдер қажетті көмек пен кеңес алатын бірнеше жаңа қолдау орталықтары ашылады. Бұл орталықтарда психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге дайын заманауи ресурстар және кәсіби мамандар болады. Қиын өмірлік жағдайда отбасыларды қолдау, су астында қалған өңірлер тұрғындарының жағдайы ескеріледі.
Жастар ресурстық орталығы жанынан балалар үйлері мен ПДО түлектерін әлеуметтік бейімдеу қызметі ашылған. Бөлім жетім балаларға және 14 пен 35 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға консультациялық заңгерлік және психологиялық көмек көрсетеді.
– Облыстағы балалар мәселесіне тоқталсаңыз. Аймақтың ең кішкентей тұрғындарын бүгінде не алаңдатады? Жалпы, асыраушысынан айырылған немесе ата-анасы тастап кеткен балалардың жағдайы қалай реттелуде?
– Облыста 1 960 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 1 171-і қорғаншылық пен қамқоршылықта, 257-і патронаттық тәрбиеде, 25-і отбасылық балалар үйлерінде және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда – 507 бала (білім беру жүйесінде – 396, денсаулық сақтау – 17, әлеуметтік қамсыздандыру – 97) тәрбиеленуде.
Облыста бүгінде 4 отбасын қолдау орталығы бар. SOS ауылы, «Шапағат» балалар үйі, балалар үйінің түлектерін қолдайтын «Жастар үйі» орталығы, 16 жастан 23 жасқа дейінгі 96 түлек тұратын Жасөспірімдер үйі жұмыс істейді.
2011 жылы біздің облыс республикада алғашқылардың бірі болып «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды» бекітті. Осы кезеңде 2 261 пәтер бөлінді. Осы жылы 87 пәтер бөлу жоспарда.
Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін есепте 6 135 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұр. Бұл – үкімет деңгейінде шешімін күтіп тұрған үлкен мәселе. Біз мәселені шешу үшін ұсыныстар жолдадық. Мәселе облыс әкімінің де тұрақты бақылауында.
– Әлемнің көптеген елдері балалардың әл-ауқатын бағалап, арнайы әдістемелер әзірлейді. Қалай ойлайсыз, біздің елде балалар үшін қандай жобаларды қолға алған тиімді?
– Біздің елде балалардың әл-ауқатын жақсартып, оларды қорғау үшін қызықты жобалар қажет. Олардың бірнешеуін Балалар құқығын қорғау Комитеті де әзірледі. Мәселен, «Отбасын қолдау және әлеуметтік көмек» жобасы – отбасылық құндылықтарды нығайтады. Инклюзивті білім беру және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын жоба ерекше қажеттіліктері бар балалардың білімі мен дамуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мектептердегі балалар Парламенттерінің рөлін күшейту де балалардың таланттары мен қабілеттерін дамыту үшін қосымша білім беру бағдарламалары мен үйірмелерін енгізуге мүмкіндік береді. Дарынды балалар мен жасөспірімдерге, мектеп пәндері бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сыйлықтар мен гранттар төлеуді жалғастыру да балаларға бағытталған ерекше бастаманың бірі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.