АймақҚарағанды

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында Silumin of Qazaqstan зауыты салынып жатыр

Облыста өңір экономикасын әртараптандыруға ба­ғытталған ауқымды индус­триялық жоба – алюминий кластерін құру басталды. Кластердің өзегіне айналатын Silumin of Qazaqstan зауыты «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Жоба алюминий қалдықтарын қайта өңдеуден бастап, дайын тұрмыстық өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қамтиды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жаңа өндіріс алаңына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барып, құрылыс пен жабдықтарды монтаждау жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысының айтуынша, жоба белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүзеге асырылуда: өндірістік ғимарат толық тұрғызылып, қазір технология­лық жабдықтарды орнату кезеңі жүріп жатыр.

– Бұл – өңір үшін мүлде жаңа бағыттағы өндіріс. Алдағы уақытта осы зауыттың негізінде толыққанды алюминий кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Мұнда алюминий сынықтары қайта өңделіп, радиаторлармен қатар түрлі дайын бұйымдар шығарылады. Алғашқы өнімді көктем мезгілінде алу жоспарлануда, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Silumin of Qazaqstan зауыты алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіруге маманданады. Жоба толық өндірістік циклға негізделген. ECG технологиясы бойынша алюминий сынықтары АДЦ-12 және АК-12М2 қорытпаларына өңделіп, кейін радиатор секциялары жоғары қысыммен құйылады. Одан әрі өнімдер механикалық өңделіп, боялып, міндетті сынақтардан өткізіледі.

Зауыт директоры Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, қолданылатын технологиялар Италия мен Германияның жылу механикасы институттарымен бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстардың нә­ти­жесінде әзірленген.

– Бұл технологиялар жоғары жылу беру көрсеткішіне ие, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Біз ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағдарланамыз, – деді ол.

Кәсіпорынды дәл «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналастыру өңірдің географиялық және логистикалық артықшылықтарымен байланысты. Қарағанды облысы елдің орталығында орналасқан, негізгі көлік бағыттарына жақын әрі білікті кадрлық әлеуеті қалыптасқан ірі индустриялық өңір саналады.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын құрайды. Алғашқы кезеңде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30 маман арнайы оқытудан өтіп жатыр, олар болашақта өндірістік шеберлер ретінде еңбек етеді. Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, қызметкерлер саны 750 адамға дейін ұлғайып, өнім түрлері де кеңейтіледі.

Алюминий кластерін дамыту жұмыстары алюминий технологиялары мен инжиниринг орталығының базасында жалғасады. Бұл алаңда бизнес, мемлекет және ғылым өкілдері бірлесіп жұмыс істейді. Жаңа технологияларды енгізу мен кадр даярлауға ғылыми-зерттеу институттары мен Қарағанды өңірінің жоғары оқу орындары тартылады.

Сапар барысында облыс әкімі Solidcore Resources компаниялар тобына арналған геологиялық барлау сынамаларын зерттейтін заманауи зертхананың құрылысымен де танысты. Бұл зертхана өңірдегі өзге өнеркәсіп кәсіпорындарына да қызмет көрсетпек.

– Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Мұндай жұмыстар заманауи зертханаларсыз мүмкін емес. Бұл жоба бүгінгі талаптарға толық жауап береді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аталған нысанда 160 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп, мамандар даярлау жұмыстары басталған.

Сонымен қатар, өңірде теміржол көлігіне арналған қосалқы бөлшектер мен доңғалақ жұптарын шығаратын зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорын толық салынған, кірме теміржол желілерімен қамтамасыз етілген. Өнім шығару биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген.

Тағы бір инвестициялық жоба – өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіретін зауыт. Қазіргі уақытта алғашқы кезең нысандарының құрылысы басталып, алдағы уақытта гербицидтер, фунгицидтер және өзге де агрохимиялық өнімдер шығару көзделуде.

– Бүгінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бір мезетте бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвесторлар мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезінуде. Жақын уақытта аймаққа табиғи газ жеткізіледі, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақты кеңейту жоспарда бар, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button