Өңір тынысымен танысты
Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Абай ауданы мен Саран қаласында болып, өңірдің өзекті мәселелерімен танысты. Өндіріс орындарын аралап, ауыл шаруашылығы, жол, су тасқыны қауіпсіздігі, құрылыс, әлеуметтік-экономикалық даму мәселесіне жіті назар аударды.
Аймақтағы жаңа басшының тұрғындарды мазалаған түйткілді мәселелерді шешуге асығатыны – қашан да құптарлық іс. Шатырынан су сорғалаған мектепті сынға алып, Қарағандыдағы автокөлік жолдарының көңілге қаяу түсіретінін айтқан облыс әкімі, жуырда Тәттімбет колледжінің тауқыметін өз көзімен көріп қайтқан еді. Ендігі бағыты – осы Абай ауданы мен Саран қаласы болды.
Ерлан Қошановтың бұл жұмыс сапары кезінде алғаш ат басын бұрған нысаны – Абай қаласындағы шұжық, тұшпара өнімдерін өндіретін «Волынка» ЖШС-ның жаңа цехы болды. Қазіргі күні облыс тұрғындары күніне 30 тонна шұжық пайдаланады екен. Сондықтан, бұл өндіріс орны шетелден жеткізілетін шұжықтарға бәсекелестік жасайды деп сенуге болады. Нәтижесінде, жерлестерімізді толғандырған азық-түлік бағасының төмендеуіне ықпал етеді деп болжам жасалуда. Бүгінгі таңда Бұқар жырау ауданында жұмыс жасап, күніне 500 кг шұжық өндіріп жатқан бұл өндіріс орны 2013-2017 жылдар аралығында Абай қаласында құны 900 миллион теңгені құрайтын 3600 шаршы метрлік ғимараттың құрылыс жобасын қолға алыпты. Өз ретінде, мемлекетіміз жаңа цехтың барлық инженерлік инфрақұрылымын, жолын салуға қол ұшын созған. Шұжықтың 115 түрін шығаруды жоспарлап отырған цех күніне 2 тонна дайын өнім әзірлеуге қауқарлы болмақ. Сонымен қатар, жаңадан 40 жұмыс орны ашылып, цехқа қажет мамандарды даярлау курстары да жүргізіледі. Алғашқы өнім – 1 маусымда елге ұсынылмақ. Мұнымен қоса, өнімдер Астана және Алматы қалаларының нарығына шығарылатын болады.
Бұдан кейін, Абай ауданының Көксу ауылындағы элиталық тұқым өсіру шаруашылығымен айналысатын «Астра-Агро LTD» ЖШС-ның жұмысы зерделенді. Аталған серіктестік директоры Аманкелді Мұқашев шаруашылықтың көктемгі егіс науқанына жүз пайыз дайын екендіктерін айтып, облыс әкімін вируссыз картоп өндіретін био-зертханасымен таныстырды. Осымен 4 жыл көлемінде жұмыс жасап келе жатқан зертхана биыл алғашқы элиталық картоп түрін алуды көздеп отыр. 250 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жылына 7000 тонна картоп тұқымын әзірлеуге қауқарлы.
Аймақ басшысы 1000 жылқыға арналған жылқы фермасын салуды көздеп отырған «Шанс» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Жоба құны – 300 миллион теңгені құрайды. Шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяктың айтуынша, бүгінгі күні екі корпус пен 6 жайылымның құрылыс жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, «Көшім» және «Жабы» тұқымды 3 айғыр мен Ресейдің ауыр жүкке төзімді 3 айғыры және 10 биесі сатып алынған. Жоба мақсаты – етті жылқы шаруашылығын дамыту. Аталған ферманың ашылуы биылғы жыл соңына жоспарлануда.
♦ ♦ ♦
Облыс әкімінің жұмыс сапары кезінде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары да қаралды. Мәселен, Саран қаласындағы қуаттылығы 11 миллион текше метр құрайтын су қоймасының жай-күйі. Қазір тәулігіне қоймаға 800 мың текше метр су құйылады екен. Сондықтан, аталған мөлшердегі суды дер кезінде ағызып жіберетін екі шлюз бар. Мұнымен қоса, апаттық жағдайда суды жылдам ағызып жіберу жолы да қарастырылған. Бұл су қоймасында қалыпты жағдай орнағанымен, мамандар бұдан жоғары орналасқан «Чкалов» су қоймасының жағдайын үнемі назарда ұстауда. Себебі, «Чкаловтан» апаттық су ағызу бола қалған жағдайда, аққан су осы қоймаға келіп құйылады екен. Дегенмен, қордағы 3 миллион текше метр судың азаймауы да ескерілуде.
Өңіріміздегі қабырға панельдерін, үй, ғимарат төбесін жабатын плиталарды өндіретін бірден бір кәсіпорны – «ККК Бетон» ЖШС. 139 адам жұмыс жасап, жылына 75000 текше метр өнім беретін бұл өңдеу өнеркәсібі тұрғындарға көпқабатты тұрғын үй кешендері мен коттеджер салуға арналған өнім ұсынады. Шикізатты өз еліміз бен Ресейден жетікізіп отырған кәсіпорынның шаруасын шалқытпай тұрған өндіріс маңындағы көпір мен жол мәселесі екен. Ұзындығы 42,88 метрді құрайтын көпірдің жөндеу жұмысына 38,1 миллион теңге қажет. Бұл қаражат биыл облыстық бюджет есебінен қарастырылатын болады. Сонымен қатар, 68 миллион теңге сомасына 86 шақырым жол жөнделеді.
♦ ♦ ♦
Облыс басшысы Саран қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектепке арнап, дене шынықтыру залын салу мәселесіне де құлақ түрді. Мектеп ауласында жаңа құрылысты бастауға алаң да қарастырылыпты. Ал, бұл жобаның жалпы құны – 200 миллион теңгені құрайды. Жұмыс барысында аймақ басшысы мектептің заманауи құралдармен жабдықталған сыныптарын аралап, ұстаздар қауымымен кездесті. Қазіргі күні бұл мектепте екі сынып біріктіріліп, дене шынықтыру залы жасалған екен. Дегенмен, оның өзі 64 шаршы метрді ғана құрап отыр.
♦ ♦ ♦
Бұдан кейін Ерлан Қошанов биылғы жылға арналған Саран қаласындағы автокөлік жолдары мен аулаларды жөндеу жұмысының жобасымен танысты. Сөйтіп, биыл Саранда қайта жөнделетін жолдардың ұзақтығы 2,12 шақырымды құрап отыр. Бұл жұмыстарға барлығы 324,5 миллион теңге қарастырылған. Соның ішінде, облыстық бюджеттен – 200 миллион, қала бюджетінен – 124,5 миллион. Сонымен қатар, автокөлік жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 212,8 миллион бөлінді. Бұл қаражат 4,5 шақырым жолды жөндеуге жұмсалатын болады. Автокөлік жолдарындағы шұңқырларды жөндеуге тоқталатын болсақ, биыл 2850 шаршы метрді қалпына келтіруге қала бюджетінен 10 миллион теңге бөлінбек. Сонымен қатар, Сарандағы 10 ауланы абаттандыру қолға алынуда.
Аймақ басшысының жұмыс сапары кабель, телекоммуникациялық, электротехникалық өнімдер, полиэтиленді құбырлар өндіретін «Kazcentrelectroprovod» ЖШС-ның өндіріс орнында түйінделді. Іргесі 1993 жылы қаланып, ашылу салтанатына президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан зауыт – Сарандағы қала құрушы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстар, машина жасау, телекоммуникация және байланыс, тау-кен және мұнай өңдеу өнеркәсібі, металлургия және көлік салаларына қажет өнім өндіретін зауытта 591 адам жұмыс жасайды екен. Жылына 120000 шақырым кабель мен 50000 жиынтық телекоммуникация өнімін, 100000 жиынтық электротехника өнімін, 5000 шақырым полиэтиленді құбыр өндіруге қауқарлы зауыттың алға қойған мақсаты айқын. Қазақстан нарығын қамтып, Өзбекстан мен Ресей еліне тауар экспорттаушы зауыттың ендігі мұраты – өнімін Еуропа елдеріне өткізу.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жекелеген тапсырмалар беріп, облыстың басқарма басшыларына атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Рауан ҚАБИДОЛДИН