Медицина

Өңір медицинасы – депутаттар назарында

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары арасынан уақытша жұмыс комиссиялары мен топтар құрылған болатын. Кезекті сессияға дайындық шеңберінде халық қалаулылары медициналық мекемелерді аралап, ахуалын өз көздерімен көріп қайтты. Елуден астам денсаулық сақтау мекемесінде болған олар сессия барысында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын зерделеді.

 

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов бастаған депутаттар жоспарға сәйкес, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларында және Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Шет, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарында болды.

Құрамында облыстық мәслихат депутаттары А.Ляпунов, А.Есқалиева, Қ.Оспанова, А.Куприенко және қалалық мәслихат төрағасы А.Бөкенов, қалалық мәслихат депутаттары М.Платонова, Н.Әубәкіров және тағы басқалары бар жұмыс топтары медициналық нысандардың жай-күйімен танысты. Атап айтар болсақ, ұйымдардағы мамандандырылған кабинеттер оңалту, емдеу, профилактикалық іс-шараларға ар­налған құралдармен қаншалықты жабдықталғанына көз жеткізді.

Әлбетте, денсаулық сақтау саласы ерекше назарда. Өңірдегі бірқатар нысандар күрделі жөндеуден өтті. Соған қарамастан, шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес. Дәл осы мақсатты көздеген депутаттар жергілікті жерлерде денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін тағы не қажет деген сияқты мәселені зерделеді.

Сондай нысанның бірі – облыстық клиникалық аурухана. Мекеме – облыс тұрғындарына хирургиялық, терапевтік көмек көрсететін көпсалалы жалғыз стационар. Соңғы бес жылда стационардың бейінді бөлімшелері күрделі жөнделіп, материалдық-техникалық база бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

– Клиникаға ангиографиялық кешен сатып алынды. Бұл – артерияларды бейне­леу арқылы диагностикалауға арналған сандық аппарат. Ангиографиялық жүйе әлсіз қуатты рентген сәулесінің көмегімен артериялардың жағдайын көрсетеді. Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау және анықтау мүмкіндігі бірнеше есе өсті, – дейді аурухана қызметкерлері.

Депутаттар профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада да болды. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының негізгі көрсеткіші – халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру болса, биылғы 8 айда ауруханадағы бұл көрсеткіш 97%-ға жеткенін айту керек.

Мұнда травматология, ортопедия, нейрохирургия, неврология, хирургия, оториноларингология, гинекология, терапия, медициналық оңалту және тағы да басқа бағыттар бойынша пациенттерге жоғары сапалы көмек көрсетіледі.

Клиникада жедел цереброваскулярлық ауытқулары бар науқастарға арналған «Инсульт мектебі» жұмыс істейді. Ауруханада шұғыл көмек те, жоспарлы көмек те көрсетіледі. Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының диаг­ностика мен емдеудің барлық салаларында әлемдік тәжірибені пайдалана отырып жұмыс істейтінін де айту керек.

Ал, Қарағанды қаласындағы №2 көп­­салалы ауруханада жіті коронарлық жет­­­кіліксіздік, ересектер мен балалар кар­­диохирургиясы, тамырлы және эндо­вас­­кулярлық хирургия сияқты ауқымды ме­дициналық қызмет түрі көрсетіледі. Мекеменің өз зертханасы және консультация­лық-диагностикалық бөлімшесі бар.

– Науқастарды оңалту үшін бөлімшелер ашылды. Мамандар да жеткілікті. Ауруханада күрделі жөндеуден өткен үлкен емхана бөлімшесі жұмыс істейді. Пациенттер үшін арнайы ас блогы бар. Тамақ арнайы контейнерлерде жеткізіледі. Тиімді менеджменттің арқасында орталық мамандары жаңа жабдықта, заманауи хаттамалар бойынша жұмыс істейді, – дейді аурухана басшылығы.

Аталған ауруханада жыл сайын ауыр диагнозы бар 7 мыңнан астам адам емдеу курсынан өтетінін айту керек.

Халық қалаулыларымен бетпе-бет кездескен медицина қызметкерлері өзекті мәселелерді тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Нұркен Қобжанов олардың ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

– Медициналық мекемелер жаңа технологиямен жабдықталып, емдеудің заманауи тәсілдері енгізілгенімен де шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Олар облыс деңгейінде ғана емес, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің алаңдарында да қарастырылады, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button