Жаңалықтар

Өңір мәдениеті – өлкетану Мұражайында

1932 жылы 7 қарашада бой көтерген Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайы аймақ мәдениеті мен тарихының қара шаңырағы десе де болады. Мұражайдың 14 залында орналасқан экспозициялардың бүгінгі қоры 148194 бірлікке жетті. Соның ішінде негізгі қор – 122562 болса, ғылыми-көмекші қор – 25632 дананы құрайды.

2011 жылы мұражайлық технологияның заманауи ақпараттық құралдарын пайдалану арқылы мұражайға реэкспозиция жұмыстары жасалды. Бүгінгі таңда мұражай экспозициясы бірнеше тақырыптық залдарға бөлінген. «Табиғат» залында Орталық Қазақстанда мекен ететін, құстар, сүтқоректілер мен жануарлардың алуан түрлері ұсынылса, қазақ халқының құс баптау, саятшылық өнерін дәріптейтін «Құсбегі» залы келушілердің асқан қызығушылықтарын оятады. «Археология» залында облыс аумағынан (Майтан, Еңбексүйгіш, Беғазы-Дәндібай) табылған 600 тұрақ, қорым мен қоныс мекендерінің бұйымдары сақталуда. Қарқаралы тауларында зерттелген үңгірдің макет-диорамасы келушілерді ежелгі адамдардың өмірі мен тұрмысынан хабардар етеді.

Сонымен қатар, экспозицияда руникалық жазбалары бар Күлтегін тасының көшірмесі бейнеленген панно түріндегі ежелгі Түрік империясынан мәлімет беретін тарихи раритеттер ұсынылған. Ал, «Дәстүрлі қазақ қоғамы» залында Қазыбек би, Әбілхайыр хан, Абылай хан мен басқа да саяси қайраткерлердің, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының түпнұсқадағы хаттары, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының Ұлт-азаттық қозғалысының тарихын ашатын мұрағаттық материалдар топтастырылған.

Үлкен залдардың бірі тұтас Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасуы мен көмірді өндіру тарихына арналған. Зал экспозициясында 1920-1930 жылдардағы аймақтың алғашқы геологтары – А.Гапеев, З.Семенова, И.Орлов туралы мәліметтер көрсетілген. «Шатырлы қалашық» диорамасының 30-жылдардағы фотосуреттері кенішті қаланың тұңғыш негізін салушылар өмірінен көрініс береді.

«Ғарыш» залында Байқоңыр ғарыш айлағымен байланысты экспонаттар ұсынылған. Себебі, кешеннің бір бөлігі Қарағанды облысы аумағына енеді. Қызылорда даласынан ұшқан ғарышкерлер соңында осы жерге келіп қонатыны да белгілі. Сондықтан, бұл залда халықаралық ғарыш станциясының макеті, Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшар алдындағы фотосуреттері, ғарышкердің жеке заттары, жойғыш ұшағының авиациялық жабдықтары ерекше орын алады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button