Өңір экономикасында өсім бар

    Өткен жұмада аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен Қарағанды облысы әкімдігінің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыс онлайн режимде облыс әкімдігінің ресми сайтында тікелей эфирде көрсетілді. Жиын барысында аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылға арналған дамудың негізгі міндеттері сөз етілді.

– Өткен жылы облысымызда көптеген нақты жұмыстар жүргізілді. Нәтижесі жақсы деп айтуға болады. Былтыр облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақтылық тұғырынан көрініп, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында, тұрғын-үй құрылысында көрсеткіш өсімі қамтамасыз етілді. Бюджет түсімі 9,9%-ға артып, әлеуметтік салада іске асырылған шаралар нәтижесінде облысымызда он екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа ақшалай кірісі 2,2%-ға, жалақы 9,4%-ға артып, 123698 теңгені құрады, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде институционалдық реформаларды енгізу және жүзеге асыру сынды негізгі бағыт бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Осы тұрғыда, мемлекеттік құқықтың және сот жүйесінің жетілдірілуі, мемлекеттік басқарудың жаңа институттары мен құралдарының пайда болғандығы туралы ерекше айта кеткен жөн. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің қарқыны күшейіп, экономика өсімін қамтамасыз ету мақсатында дағдарысқа қарсы ауқымды іс-шара жоспары жүргізілді. Соның ішінде, мүлік пен қаржыны жария ету және жекешелендіру акциясы, өндірістік кәсіпорындарды қолдау, инвестиция көлемін арттыру да бар. «Нұрлы Жол», индустриалды-инновациялық дамыту жобалары, денсаулық сақтау, білім беру, бизнесті қолдау және өзге де салалар бойынша мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар жүзеге асырылды. Мұнымен бірге, облыста қосымша қаражаттар бөлініп, түрлі нысандар бой көтерді. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін, жекелеген қосалқы шаруашылықтарды құру, қайта өңдеу саласын дамыту бойынша агроөнеркәсіп кешендерінде ауқымды жұмыс атқарылды. Дұрыс үйлестірілген іс-қимыл нәтижесінде дәнді-дақылдар түсімінің облыс көлеміндегі рекордтық көрсеткішіне қол жеткізілді. Бір миллион тоннадан астам астық орылды.

Тұрғындарды, экономика нысандарын, қоршаған орта табиғатын төтенше жағдайлардың орын алуынан қорғап қалған күрделі жұмыс туралы да айтпай кетуге болмас. Мысал ретінде, су тасқынына қарсы өткен жылғы атқарылған ауқымды шараларды айтуға болады. Уақытылы әрекет етудің нәтижесінде, кенттер мен ауылдар апатты жағдайларға ұшырамады. Күйдіргі ауруы ауыздықталып, таралуына жол берілмеді. Облыс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін атап өтуге қатысты белсенділік танытып, өзінің 80 жылдығын да ескерусіз қалдырмады. Атаулы күндерге арналып, әлеуметтік-эконмикалық нысандар қолданысқа берілді. Инвестициялық жобалар бастамасы жаңа биіктерге көтерілді. Астанадағы Қарағанды облысы күндері аясында «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан» ұранымен Тәуелсіздік жылдарындағы Қарағанды облысының жеткен жетістіктеріне орайластырылған көрме өтті. Осы тектес салтанатты шаралар облыстың барлық аймақтарын қамтыды.

Отырыс барысында өткен жылдың есебі мен биылғы жоспарлары туралы бірқатар басқарма басшылары есеп берді. Олардың қатарында экономика және қаржы, өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және басқа да басқармалардың басшылары бар.

Сонымен, өткен жылы облыс экономикасында айтарлықтай өсу байқалды. Тауар өндіру көлемі 21,5%-ға, қызмет ауқымы – 7%-ға өсті. Жалпы аймақтық өнім көлемі – 2,6 трлн. теңгеге жетті.

Өткен жылғы облыстық экономикалық өсімнің басты драйверін өндірістік, ауыл шаруашылығы, транс­порт, қаржылық сектор құрады.

2015 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4,9%-ға өсіп, облыс көрсеткіші республика бойынша 2 орынға тұрақтады. Саланың орташа айлық өсімі 4,3%-ды құрады.

Өндірістегі өсімнің негізгі көзін өндірістік және өңдеу саласының, сонымен қатар, тау-кен өндірісінің өнімдері құрады. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылдың 6-желтоқсандағы Индустриаландыру картасы облыстағы өндіріс көлемінің артуына ықпал етті.

Өндірістік өнімдердің көлемі республика бойынша 10,2%-ды құрады. Бұл – Атырау облысынан кейінгі 2 орын. Ал, өңдеу саласы бойынша көрсеткіш – 19,4%-ды құрап 1-ші орынға көтерілсе, еңбек өнімділігі 65 мың долларға жетіп, 1-ші орынға табан тіреді.

Ауыл шаруашылығы саласы да белсенді даму үстінде. Облыс ауыл шаруашылығының ішкі өнім көлемі мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы есебінен 8,6%-ға өсті. Саланың өрістеуіне 2015 жылмен салыстырғанда 25,3%-ға өскен инвестиция көлемі де айтарлықтай ықпал етті. Бұл ретте аймақ басшысы облыс экономикасының негізгі тірегі – өндіріс орындары мен тау-кен өнеркәсібі ғана емес, ауыл шаруашылығы екенін де баса айтты. Өткен жылы облыс Біріккен Араб Әмірлігіне 3000 қозы экспорттаған екен. Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі қой шаруашылығын дамытуды айтқан болатын. Дегенмен, бұған жауапты тұлғалар қой өсіру кәсібінің тиімсіздігін айтып, дәйекті дәлел келтіруге тырысқан еді. Осы ретте, Нұрмұхамбет Қанапияұлы Ақтоғай ауданындағы инвестиция тарту жұмысының толыққанды атқарылмай жатқандығын да айтып өтті.

Экономикалық өсімді қалыптастыруға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға айтарлықтай ықпал етуде.

Құрылыс саласында 147,8 миллиард теңгенің жұмысы орындалған. Физикалық көлемнің индексі 87,7%-ды құрады. Аймақ бойынша 340,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Инфрақұрылымды дамыту мен экономиканы қолдаудың басты тетігі ретінде мемлекеттік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы жоспарларды айтуға болады.

Облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявскаяның айтуынша, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаның аясында өткен жылы 72,2 миллиард теңге немесе 96,5% игерілді.

Сонымен бірге, облыс экономикасын дамыту белсенді әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға жол ашты. 12540 жаңа жұмыс орны ашылды. Денсаулық сақтау саласында 2015 жылмен салыстырғанда ана мен бала өлімі азайды. Сонымен қатар, туберкулезге шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны қысқарды.

Баяндамашылардың мәліметін назарға алған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, өткен жылдың облыс үшін оң ықпалы басым болғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысында ай­мақ басшысы бірқатар нақты тап­сыр­малар берді. Олардың қата­рында Елбасы, Президент Әкім­шілігі, ҚР Премьер-Министрі және басқа да жоғары органдар тапсырмаларын сапалы және ұтымды жүзеге асыру және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыруды жалғастыру бар.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.