Білім

IQanat дарындарын іздейді

Ауыл балаларының әлемдік үздік білім ордаларында білім алуына мүмкіндік беріп, оқу ақысын төлейтін IQanat олимпиадасының екінші кезеңі өтуде. Сайыс­та бақ сынасқан 10 мың ауыл баласы арасында 200 қарағандылық бар.

Сурет: schuchinsk.kz сайтынан

IQanat халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан, көпбалалы және толық емес отбасылардың балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Олимпиаданың финалына өткен ауыл оқушылары Қор гранттарына үміткер бола алады. Жыл сайын олимпиада Қазақстанның барлық өңірінде өтіп, 60 мыңға жуық ауыл оқушысын қамтиды. Екі кезең қорытындысында ақтық сынға басқалардан озған дарынды 1000 бала өтеді. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал, екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданып, балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалады және ағылшын тілін зерделейді.

Қор кез келген «Лига плюща» университетінде бакалавриатқа түскен мектеп оқушыларының шығындарын 100%-ға жабады. Бағдарламада тек оқуды ғана емес, сонымен қатар, студенттердің бүкіл оқу кезеңінде тұруын, тамақтануын және жол жүруін қаржыландыру қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, IQanat Қазақстан ауылдарындағы дарынды балаларға білім беру жолындағы қаржылық және әлеуметтік кедергілерді жоюға күш салады.

– Елдің шалғай өңірлерінде, алыс ауылдарында небір дарынды да талантты балалар барына анық сенеміз. Олар мысалы қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмекті ойлап табуға және тұтас әлем мен елді басқаруға және миллиардтаған долларлық стартаптарды әзірлеуге қабілетті болуы мүмкін. Мұндай жауһарларды тек іздеп тауып, содан кейін жақсы білім түрінде демеп жіберу жеткілікті. Кез келген айқанаттық өреннің «Лига плюща» құрамына кіретін оқу орындарында білім алуын төлейміз дегенде, біз бұл әлемде балалардың қолы жетпейтін ештеңе жоқ екеніне сендіргіміз, бойларындағы үрей мен қорқынышты жеңуге көмектескіміз келеді. Қор мүшелері – біздер болашақта IQanat табалдырығынан қарапайым ғана ауылдың қарадомалақтары Гарвард пен Йель түлегі болып ұшып шығатынына күмәнданбаймыз, – дейді IQanat жобасының бастамашысы Айдын Рахымбаев.

150-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдайтын әлеуметтік-білім беру жобасының екінші кезеңі белгілі пәндерге бағытталған. Алдымен оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география пәндерінің бірі бойынша тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, қатысушылар математикалық сауаттылық, логикалық және сыни ойлау бойынша міндетті тестілеуден өтіп, ағылшын тілінен тест тапсырады. Кезеңдер Қазақстанның барлық облыс орталығында өтетіндіктен, тек зияткерлік жарыс қана емес, нағыз балалар слетіне айналып үлгерді. Балалар үшін жігерлендіруші дәріс­тер, әсіресе, мақсат қоя білу, қаржылық және медиа сауаттылық, спорт және ойын-сауық іс-шаралары да ұйымдастырылуда.

Эстафеталар, үстел ойындары бойынша сайыстар, квиздар, викториналар, дискотекалар, кинотеатрларға бару және тағы басқа қызықты шаралар өтуде. Екінші кезең ақтық сынға өтетін және жоғары оқу орындарына IQanat грантына үміткер болатын балаларды анықтайды.

Қарағанды облысындағы IQanat жобасының қамқоршылары қатарында қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлерден құралған Асхат Омаров, Мадияр Мизамбаев, Евгений Мельников, Ернұр Жақсылықов және Айдос Мұқатаев бар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button