Ерекше балалар «Карат» жылқы зауытында иппотерапия емінің игілігін көріп отыр
Ерекше балалар «Карат» жылқы зауытында ат мініп, серуен құрып, демалып та, ем алып та жүр. Иппотерапия емінің игілігін қазір 28 бала көріп отыр. Мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асқан жобаға бюджеттен 11 миллион теңге бөлінген. Жобаны «Бота» қоғамдық балалар қоры жүзеге асырып отыр. Қасиетті жылқы жануарынан қуат алып жүрген мұндағы балалардың бойынан аз уақыттың ішінде айтарлықтай серпіліс сезілетінін жеткізді мамандар.
Мұнда ерекше балалар аптасына 3 мəрте келіп, иппотерапия емін қабылдайды. Курс жарты сағатқа созылады. Білікті, сертификаты бар мамандардың нұсқауымен балалар ат үстінде түрлі қимыл-қозғалыс жасайды.
– Иппотерапия емі балаға психоэмоционалдық жəне биомеханикалық тұрғыдан күшті əсер етеді. Атқа міну, онымен серуендеудің жарымжан балаға жағымды əсері зор. Жылқы жүрісінің тербелісі арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне оң ықпал етеді. Мұны мамандар растайды. Ата-анасының немесе нұсқаушының көмегімен атпен серуендеу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың аяқ-қол моторикасын дамытуға, ат үстінде тепе-теңдікті сақтау арқылы олардың қимыл-қозғалыс үйлесімін түзетуге болады. Бізге келіп жүрген балалар алғашқыдағыдай емес. Қазір ширады. Бұл церебралды сал ауруын, аутизм, моторлық жəне сөйлеу əрекеттерін жақсартады, сөйлеу белсенділігін арттырады, – дейді иппотерапия бойынша нұсқаушы Мөлдір Расулова.
Айтып кетелік, Мөлдірдің осы бағытта келе жатқанына 8 жылға жуықтады. Тіпті, 9 айлық баланы да иппотерапия еміне арнайы əкеліпті. Мұны құптайды маман. Баланың белгілі бір жасқа толып, диагнозын күтіп отырғанша, алғашқы белгілерін байқасаңыз, бірден жылқы үстінде жаттығу жасату керектігіне кеңес береді. Сонымен қатар, паралимпиадалық ат спортын дамытып жүрген жас маман ретінде аймаққа белгілі. «Қабілетті балаларды байқасақ, ат спортына баулып, нəтиже шығарамыз», – дейді Мөлдір Серікжанқызы.
Дəмилə Түсіпова екі баласын да иппотерапия сабағына апарады. 11 жастағы Айшабибі есімді қызынан церебралды сал ауруы, ал, 10 жастағы Керімнен туа біткен аутизм диагнозы анықталған.
– Наурыз айынан бастап иппотерапиямен айналысамыз. Балаларым мазасыз болатын. Қазір оң нəтижелер байқалады. Сабырлы бола түсті. Қызымның түзу отыруы қиындық тудыратын. Міне, бес ай өтті, сабақтан қалмаймыз, соның нəтижесінде тепе-теңдікті, түзу отыруды үйренді. Ал, ұлым түнде мазасызданып, əрең ұйықтайтын. Қазір түнгі ұйқысы тынышталды. Осындай мүмкіндік сыйлаған жандарға ерекше алғыс айтамыз. Балалаларым «осында келеміз» десек, қатты қуанады. Жылқыны жақсы көреді. Мұнда инватаксидің көмегімен тегін қатынап тұрамыз. Бір күн бұрын тапсырыс береміз. Бұл да үлкен көмек, – дейді Дəмилə Түсіпова.
Сіз де балаңыздың иппотерапия емін қабылдағанын қаласаңыз, онда жолы оп-оңай.
– Иппотерапия қызметін қажет етсеңіздер Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш, баланың туу туралы куəлігі, мүмкіндігі шектеулі екендігін айғақтайтын анықтама жəне балаға иппотерапиямен айналысу қажеттігі туралы дəрігерлердің сараптамасы қажет. Егер, өтініш көбейіп, балалар саны көбейсе, қосымша қаражат қарастырылады, – дейді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжан Шаймарданова.
«Карат» жылқы зауытында иппотерапия емін жүргізетін сертификаты бар төрт жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Бір балаға үш маман. Онымен қоса, иппотерапия үшін жуас арнайы үш жылқы таңдалып алынған.
Ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті қозғалыста болады. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің əрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Ал, ерекше балаларға ең керегі де осы – жаттығу. Бір сөзбен айтқанда, жылқы – табиғи тренажер.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz