Таяуда Қарқаралы аудандық әкімдігінің кеңейтілген аппарат жиында биыл ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар қаралды.
Былтыр аудан бойынша мал шаруашылығы саласында жалпы сомасы 1 миллиард теңгені құрайтын асыл тұқымды шаруашылық және бордақылау алаңын құру бойынша бес жоба жүзеге асырылған болатын. Соның ішінде Н.Нұрмақов ауылдық округіндегі «Атамұра табыс» ЖШС абердин ангус тұқымды ірі қара малдың аналық басын 500 басқа дейн ұлғайту жобасын жүзеге асырды. Бұл жобаның құны – 345 миллион теңге. Ал Тоқтар ауылындағы «Қарынши» шаруа қожалығы жылына 120 тонна ет даярлауға мүмкіндік беретін мал бордақылау алаңын жасады. Бұл жоба 250 миллион теңгеге түсті.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шаралары биыл да жалғасуда. Осы бағытта өңірде инвесторларды тарту және олар үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аппарат жиынында айтылғандай, 2024-2026 жылдар аралығында ауданда осындай он жобаны іске қосу көзделген. Оның үшеуі биыл жүзеге асырылмақ.
Атап айтқанда, Балқантау ауылдық округіндегі «Берік» шаруа қожалығында жылына 50 тонна қой етін өндіре алатын, мың бас қойға арналған бордақылау алаңы салынуда. Жалпы құны 100 миллион теңге болатын жобаның жарты қаражатын шаруа қожалығы өзі көтерсе, жартысын несиеге алған. Құрылысының 80 пайызы аяқталған бордақылау алаңы төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Барлық жұмыстар күзге дейін аяқталып, жылдың соңғы тоқсанында бұл жоба іске қосылады деп күтілуде.
Қ.Аманжолов ауылдық округінің Сарыобалы елді мекеніндегі «Төлеухан» шаруа қожалығында егістік жерді суармалы алқапқа айналдыру жобасы қолға алынған. Жалпы құны 80 млн теңге болатын жобаны шаруа қожалығы өз қаражатына жасап жатыр. Биыл 100 гектар алқапты суландыруды жоспарлап отырған шаруа қожалығы осы мақсатта барабан типті суармалы қондырғы сатып алған. Жабдық көктемде орнатылып, іске қосылады.
Ұлан Райымбековтің «Төлеухан» шаруа қожалығы осыдан үш жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасымен 19 миллион 200 мың теңге несие алып, ірі қара басын көбейткені, асыл тұқымды бұқалар мен елу шақты жылқы алған болатын. Ісі алға басқан шаруашылық енді суармалы егістік жерлерді қолға алған.
Ал Угар ауылдық округіндегі Жансая Сланбекова жетекшілік ететін «Ақбұлақ Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде биыл жылына 120 тонна сүт өңдейтін цех ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл жобаға кооператив өзінің 30 миллион теңге қаражатына қоса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге несие алып салған.
«Ақбұлақ Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Теміртау қаласындағы «Рен Милк» ЖШС сүт өңдеу зауытын бірнеше жылдан бері сүтпен қамтамасыз етіп келеді. Шаруашылықтың меншігінде 2018 жылы сатып алынған сүт қабылдауға арналған сыйымдылығы 2 тонна танкер бар. Ауыл маңынан 300 гектар жайылымдық жер алған. Сүт таситын жеке көлігі бар. Жаңа цехтың құрылысы биыл толық аяқталып, күзге салым іске қосылмақ.
Президент Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», – деген болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы Қарқаралы ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.
Аудан әкімі Ә. Арғынов жиын барысында әрбір ауылдық округтегі әлеуетті шаруашылықтармен келіссөз жүргізіп, халыққа тиімді ұсыныстар бойынша жұмыстар атқаруды тапсырды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы