Инвестиция – игілік
Инвесторларсыз бизнес, ал, инвестициясыз экономика алға баспайды. Сондықтан да, елімізге мүмкіндігінше молырақ инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек» деген еді. Алайда, инвестицияның тартымды болуына бірнеше маңызды фактор әсер етеді. Атап айтсақ, инвесторға қажетті инфрақұрылым мен нарық дайын болуы керек. Облыста бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс ауқымды.

Дерекке сүйенсек, кейінгі жылдары инвестициялар құрылымында ең көп көлем өнеркәсіпке (69,8%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (12,2%), көлік пен қоймаға (6,4%), денсаулық сақтау мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуге (2,1%), құрылысқа (1,3%), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке (1,1%), көтерме және бөлшек саудаға (0,8%) бағытталған.
Соңғы 10 жылда тау-кен өнеркәсібіне инвестициялар 2,8 есе, өңдеу өнеркәсібіне – 2,6 есе өскен.
Аймақта Қарағанды облысы әкімінің төрағалығымен құрылған инвестициялар тарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңестің қызметі нақты жобалардың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталғанын атап айту керек.
Инвесторлармен жұмысты регламенттеу мақсатында Қарағанды облысының аумағында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тәртібі де әзірленіп, бекітілген.
Тәртіп «Сарыарқа» ӘКК» АҚ мамандарын және «Kazah Invest ҰК» АҚ өңірлік өкілдерін бастапқы кезеңнен бастап толық өндірісті іске қосуды жеткізгенге дейін инвесторларды сүйемелдеу бойынша іздестіруді және нүктелік бекітуді көздейді. Бұл жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар (қалалар мен аудандардың әкімдіктері, облыстық басқармалар, даму институттары) тартылып отыр.
Дереккөздер былтыр Қарағанды облысы еліміздегі инвестиция тарту бойынша көш бастағанын айтады.
Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгені құраған.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161% нақты көлем индексіне сәйкес келеді (2023 жылы – 876,5 млрд теңге). Өсімге жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан белсенді инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру, бюджет қаражатын тарту есебінен қол жеткізілді.
Облыста 2024 жыл ішінде жалпы инвестиция көлемі 194 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 2,6 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Іске асырылған жобалардың қатарында «Қызыл Арай мыс» ЖШС, «Микар Караганды» ЖШС, «GlobalLink Distribution» ЖШС, «KazMetKoks» ЖШС, «KarZTF» ЖШС, «OKS Kazakhstan» ЖШС бар.
Ал, 2025 жылы қарай негізгі капиталға 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өсуді 101 пайыз деңгейінде қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда, облыс аумағында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асыру жұмысы басталып та кеткен. Жобалардың жалпы құны – 146 миллиард теңге. Толық жүзеге асса, облыстың 2700 тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, облыстың агроөнеркәсіп саласына тартылатын инвестиция көлемі 107,1 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Оның ішінде, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына – 96,6 млрд теңге, тамақ өнімдерін өндіруге – 10,5 млрд теңге.
Жыл соңына дейін 308 жұмыс орнын құра отырып, 36,4 млрд теңге сомасына 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Оның ішінде, мал шаруашылығында – 152 жұмыс орны құрылады. Онда 10,5 млрд теңгенің 6 жобасы бар.
Әзірленген агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалардың Жол картасына сәйкес облыста 2025-2027 жылдар аралығында 928 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 115,3 млрд теңге сомасына 63 жобаны іске асыру жоспарланған.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жаңа өндірістер құру мақсатында, СҚО тәжірибесі бойынша қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 8 инвестициялық жобаны асыру үшін 11 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Қазіргі таңда осы жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.
Биыл Қарағанды облысына осы мақсатта 322 жұмыс орнын құрумен 296 шағын несие беру үшін 2,0 млрд теңге қарастырылған.
Бұл қаражат, пилоттық негізде Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша кооперативтер құруға бағытталатынын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»