Ресми

Интернет инфрақұрылымының игілігі

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппарат жиынында өңірде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру және IT саласын дамыту туралы кеңінен сөз болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы қабылданған ұлттық жобаның іске асырылуы туралы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий баяндады.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Шалғайдағы 106 ауылдық мектепте жоғары жылдамдықты интернет мәселесі шешілген бүгінде. Қуантарлығы – спутниктік байланыс орнатудың арқасында сегіз мың бала білім берудің қайнар көзіне қол жеткізді. Осылайша ауылдық елдімекендердің 91%-ы ғаламторына көз жүгіртеді. Ал, жыл соңына дейін 4G мобильді интернеті Қарқаралы, Ақтоғай аудандарының тағы 13 ауылына тартылуы тиіс. Жалпы, санамалап келгенде 342 елдімекеннің 219-ы ғаламтор желісімен қамтылған болып шықты. Яғни, 208 мың тұрғын қолжетімді интернет желісінің толыққанды қолданушысы дей беріңіз.

Спикердің сөзіне сенсек, тым шалғай ауылдарға интернет желісін жеткізу екі ірі жоба шеңберінде жүзеге асқан. Бірі – ауылдық елдімекенді талшықты-оптикалық желісімен қамтамасыз ету. Нәтижесінде 47 ауыл ғаламтор желісіне қол жеткізген. Мәселен, облыс бюджетінің есебінен Нұра ауданындағы 1700 тұрғыны бар 5 ауыл ғаламтор желісіне сәтті қосылған. Өткен жылы мобильді операторлар мүмкіндіктерінің арқасында 6 ауыл интернетпен қамтылған еді.

– Алдағы уақытта Beeline компаниясымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, серіктестікті дамыта түсуге мүдделіміз. Өйткені, өңір сол компанияға бекітілген. Қазірде 13 елдімекен анықталып, оның төртеуі жергілікті бюджет негізінде ғаламтор желісімен қамтылмақ. Өзге 6-ы желі операторының қаржысымен іске асырылмақ. Мысалы, Қарқаралы ауданы әкімдігі тарапымен мердігер компания анықталды. Құрылыс жұмысын қараша айының соңында бастау жоспарлануда. Қалған елдімекендердің тиесілі жерін ресімдеу амалдары басталып кетті, – деді басқарма басшысы.

Жыл соңына дейін аталған елдімекендер жұртшылығы төртінші буынды интернет игілігіне қол жеткізеді.

Оқу ошақтарын ғаламтор желісімен қамту мақсатында салалық басқарма қарамағына 106 мектеп бекітілген-тін. Білім ордаларының дені жоғары жылдамдықты спутниктік ғаламтор желісіне қосылып, аймақтағы 8000-ға тарта оқушы сапалы ақпарат легіне қол жеткізген. Алайда, бұл уақытша мерзім екендігін еске салды спикер. Қажетті жабдық қамтылған соң талшықты-оптикалық жүйе орнайтын болады. Өйткені, бұл арзан әрі орнықты байланыс.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапы бекіткен ұлттық жоба аясында екі ауқымды іс-шара басталып кетті. Біріншісі – республикалық-облыстық маңызы бар жолдар бойында антенналық жабдық құрылысы болса, екіншісі – облыс орталықтарында бесінші буынды мобильді интернетпен қамту үдерісі. Алғашқы жоба шеңберінде ендігі жыл соңына дейін өңір аумағында «Астана-Алматы», «Қарағанды-Аякөз», «Қарағанды-Баянауыл», «Қарағанды-Павлодар», «Теміртау-Нұра», «Ақшатау-Ақадыр» 14 антенналық діңгек ошағын құру көзделді. Құрылыс жұмысының дені республикалық қазына есебінен субсидияланбақ. Бүгінде оның жетеуінің жобалық құжаттамасы сараптамадан өтіп, оң шешімі шыққан. Қажетті өтінім деректері Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тарапына жолданды. Қалған 7 нысанның жобалық құжаты жыл соңына дейін тәмамдалады. Екінші жоба бойынша Қарағанды қаласында 43 базалық станса орнатылып, 5G ғаламторы орнатылу үстінде, – деп атап өтті Константин Ильницкий.

Ал, ендігі жылы жоба аясында 3 кешенді іс-шара ұйымдастырылмақ. Яғни, 13 елдімекенді опто-талшықты ғаламтор желісімен қамту. Ондағы тұрғын саны 200 мыңнан асып жығылады. Жалпақ тілмен айтқанда, соңғы шақырымдарды субсидиялау десек те болатындай. Түпкі діттелгені ауылдық елдімекен ішіндегі талшықты-оптикалық желіні тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізіп беру. Сондай-ақ, келесі жылдың соңына дейін жаңа технологиялы кең жолақты ғаламторға қолжетімділік 20 мыңнан астам халқы бар тағы 60 ауыл-аймақ қамтамасыз етілмек. Жоталы жоба 2027 жылдың соңына дейін жалғасын тауып, осы уақыт ішінде облыста 168 ауылға опто-талшықты ғаламтор желісін өткізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 59 мың ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен жарақтау мүмкіндігі деп бағамдаған абзал.

Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» атты бағытта да ауқымды істер қолға алынуда. Аталған бағытта қала бойынша 3456 бейнебақылау және 172 жол ережесін бақылау құрылғысы орнатылған. Пайдасы көл-көсір. Тек, кейінгі 10 айда ғана 108 мыңнан астам жол бойындағы тәртіп бұзушылық жайты тіркелген болса, оның 260-ы қылмыстық сипатта, 15 мыңы әкімшілік сипаттағы тәртіп бұзушылық. 1 шілдеден бастап Қарағанды мен Теміртау қалаларында 22 «Жаяу жүргінші» атты аппараттық-бағдарламалық кешен жұмысын бастаған. Аталған жүйе компьютерлік бейнебақылау жолымен қажетті деректерді жиынтықтайды. Жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 80 көлікке бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Бұл өзгеше жүйе үлгісі полиция департаментімен, жедел жәрдем диспетчерлік қызметімен тығыз байланысты. Көлік саласында да Қарағанды қаласында «Ақылды бағдаршам» жобасын іске асыру басталды. Жобаны тұтастай келесі жылы соңына жеткізу жоспарланып отыр. Дерекқор жолдағы көліктер ағынын сараптай отырып, жол қозғалысын барынша қолайлы етуге бейімделген. Әрі жол үстінде пайда болған шұңқыр мен қауіпті ойықтарды веб-кеңістіктегі картаға түсіру арқылы тиісті белгі береді.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында iqala электрондық қызметтер порталы іске қосылды, онда сегіз ірі қызмет көрсетушілердің қызметі қолжетімді. «Террикон алқабы» ІТ-хабы саланы дамытудың өзегіне айналды», – деп атап өтті Константин Ильницкий. ІТ жүйе салық түсімдерінің өсуін, ал, компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспе қызметтердің көлемі 6,5 млрд-тан 11,6 млрд теңгеге дейін қаражат айналымын ұлғайтқандығы дәйектелді.

Өз кезегінде облыс әкімі бүгінде елдегі цифрландыруды дамытудың жаңа жағдайында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы байланыс не коммуникация құралы ғана емес, сонымен қатар, жеке деректерді, ақша қаражаттарын, банк карталарын сақтауға арналған платформа болып отырғандығын, ұлттық жоба стратегиялық маңызға ие екендігін назарға салды.

Қош, ұлттық жобаның стратегиялық маңыздылығы айдан айқын. Өзекті де өміршең жоба тек аймақтағы интернет инфрақұрылымын дамыту ғана емес, ауылдық елдімекен атаулысының экономикалық, әлеуметтік әрі мәдени өмірін жандандыруға арналған әртарапты қадам. Аймақ әкімінің атап өткеніндей, заманауи технологиялар тек байланыс пен ақпарат алмасу құралы ғана емес, халықтың күнделікті тұрмыс сапасын арттыратын шешуші факторға айналуда.

Жойдалы жоба аясында қолға алынған жұмыстар легі өңірдің дамуына жаңа серпін береді деп сеніммен айтуға болады. Әсіресе, шалғайдағы ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету білім беру мен медицина сапасын жақсартып, ауыл тұрғындарына мейлінше мүмкіндіктер жаратады. Бір сөзбен айтсақ, ғалам желісі болашақтың экономикасы мен цифрлық қоғамы. Осылайша, облыста цифрландыру қарқыны артқан сайын өңір халқының өмір сапасы мен әлеуеті де жаңа белестерге көтеріле түседі. Ұлттық жоба ұятқа қалдырмайтыны сөзсіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button