Ресми

Интеграция игілігі

Достық үйінде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Семинарда этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары, міндеттері мен негізгі бағыттары талқыланып, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері түсіндірілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Семинарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, сондай-ақ, өңірдің қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Спикерлер этносаралық интеграция мен келісімді қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде этносаралық коммуникацияларды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, этностарды біріктіру және ұлт бірлігін қалыптастыру үшін, әсіресе, жастар бойына патриотизм мен жалпыазаматтық құндылықтарды сіңірудің маңыздылығына тоқталды.

Этносаралық инциденттердің уақытылы алдын алу және этномедиацияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ғалым Шойкин өз сөзінде тұрақтылықтың негізгі факторы этникалық тегіне қарамастан, азаматтардың құқықтарының теңдігін сақтау, қандай да бір кемсітушілік пен ксенофобияға жол бермеу болып табылатынына баса назар аударды. Сонымен қатар, этносаралық негіздегі кез келген инциденттердің алдын алу бойынша мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмысы үшін этносаралық өзара іс-қимыл алгоритмдерін қатаң сақтау қажеттігі айтылды.

Спикер Қазақстанда этносаралық қақтығыстардың жоқ екенін, алайда тұрмыстық, тұлғааралық және қылмыстық келіспеушіліктер этносаралық дау-дамайға айналу қаупі бар екенін еске салды. Сондықтан, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмін білуі және сол бойынша әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.

Семинар екі күнге созылып, сенбі күні қорытындыланды. Этносаралық салада диалог қалыптастырып, тәжірибе алмасу үшін осындай шаралар керек екендігі айтылды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button