Жаңалықтар

Инфрақұрылымның жаңғыруы игілікке бастайды

2025 жыл облыс үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық салаларында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілген маңызды кезең болды. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың дәйекті іске асырылуы, бюджеттен тыс және жеке инвестицияларды тарту негізгі бағыттар бойынша газбен, жылумен, электрмен және сумен жабдықтау, энергетикалық қуаттарды дамыту, тұрғын үймен қамту және елдімекендерді абаттандыру салаларында нақты нәтижелер бар.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Жүйелі жұмыс, оң нәтиже

Газбен жабдықтауда Қарағанды қаласы бойынша есепті жылы I кезектегі бес іске қосу кешені пайдалануға берілді, барлығы 378,77 шақырым газ құбыры төселді.

2026 жылы I кезектің алтыншы іске қосу кешенін салу жобасын іске асыру, сондай-ақ, I кезектің жетінші іске қосу кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Өткен жылы Теміртау қаласы бойынша жоба толық көлемде аяқталды. 2025 жылға «Шахтинск» АГРС-ін әрі жоғары қысымды газ құбырын (ұзындығы – 18 км, диаметрі – 530 мм) салу жұмыстары, әрмен қарай «Солтүстік-Батыс» шағынауданындағы жұмыстар аяқталды (16,5 км газ құбыры төселіп, 405 шығу тораптары орнатылды). Мұнымен қатар, Шахтинск қаласының ішкі кварталдық газ желілерінің құрылысы басталды (35,5 км газ құбыры, 880 газ кірмесі орнатылды). Осы жылы орам ішілік газ желілерінің құрылысы жалғастырылатын болады.

Аймақ бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы екіқұбырлы есепте 1 183,4 шақырымды құрайды. Жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 60,3%. Өткен жылы бюджеттік қаржыландыру шеңберінде әрі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру аясында 34,6 млрд теңге сомасына (10 жоба) 20,35 км жылу желілері қайта жаңартылды. Бұл тозуды 4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

2026 жылы 32,63 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша іс-шаралар жоспарланды. 2025 жылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Kazakhmys Energy» ЖШС-нің Топар ГРЭС-інде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен жасалған инвестициялық келісім шеңберінде қуаты 130 МВт болатын №3 турбина ауыстырылды. Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында жеке инвестициялар есебінен электр қуаты 60 МВт және жылу қуаты 80 Гкал/сағ болатын жаңа №7 қазандық агрегаты орнатылды. Қазіргі уақытта екі нысан да тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, станциялардың сенімді жұмысын қамтамасыз ете отырып, табысты жұмыс істеуде.

Салалық жетістіктер

Облыста барлығы 342 ауылдық елдімекен бар. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылы ауылдық елдімекендерді ауызсумен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін 61 жоба іске асырылды. Оның ішінде, су құбыры желілерін салу бойынша – 16 жоба, 45 елдімекенде 45 блок-модульдік су тазарту кешенін орнату бар. Өткен жыл қорытындысы бойынша 16 құрылыс нысаны толық пайдалануға беріліп, 45 ауылдық елдімекенде блок-модульдік су тазарту кешендері орнатылып, ауыл халқын орталықтандырылған ауызсу қызметімен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қалаларда су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 2 513,37 км, тозу деңгейі 65,6%. 2025 жылы су құбыры желілерінің 80 км салынды да қайта жаңғыртылды. Оның қатарында құрылыс – 20 км, қайта жаңғырту – 60 км. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылысқа қатысты барлық алты нысан пайдалануға берілді, бұл қала халқын орталықтандырылған ауызсу қызметімен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте 47 765 азамат тұр, (соңғы бес жылда тұрғын үйі болмаған, санаты жоқ кәмелетке толған азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекке қою бөлігінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге байланыс­ты өткен жылмен салыстырғанда кезек 14 804 азаматқа немесе 45%-ға өсті.). Былтыр Қарағанды облысы бойынша түрлі қаржыландыру көздерінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған 1256 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Облыста төртінші жылы жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасын іске асыруға қаражат бөлінеді. Бағдарламаны іске асыруға 2025 жылы 40 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жыл басынан бері барлығы 18 млн 535 мың теңге сомасына төлемдер жүргізілді. Бағдарламаға 139 азамат қатысты. Қазақстан Рес­публикасы Парламентінің Сенаты 2024 жылғы 22 қарашада тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі Заң жобасына қол қойды. Заң жобасы шеңберінде «Отбасы банк» АҚ тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырылған жүзеге асыратын ұлттық даму инс­титуты болып қайта құрылды.

Облыс бойынша электр желілерінің ұзындығы шамамен 27 мың км, орташа тозуы – 68,3% құрайды. Электр желілерінің тозуын әрі апаттылығын төмендету үшін энергия беруші ұйымдардың инвестиция­лық бағдарламалары аясында электр беру желілері мен қосалқы станциялардың жабдықтарын реконструкциялау, техникалық жаңғырту және күрделі құрылысы жүргізіледі. Мәселен, 2025 жыл қорытындысы бойынша «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Қарағанды АЭК» ЖШС өңірлік электр желілік компаниялардың инвестициялық бағдарламалары шеңберінде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруды есептегенде 20 млрд теңгеге жуық сомаға ұзындығы 171 км электр беру желілерін реконструкциялау және күрделі салу бойынша жұмыстар орындалды. Бұл облыс өңірлері тұтынушыларын электрмен жабдықтау сапасын едәуір жақсартуға тың мүмкіндік берді. 2026 жылы 13,3 млрд теңгеден астам сомаға 91,44 км астам электр беру желілерін қайта жаңарту, жаңғырту және күрделі салу жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.

«Қарағанды Жарық» ЖШС және «Қарағанды АЭК» ЖШС Ұлттық жобасы аясында 2026 жылы 13,5 млрд теңге сомасына 58,2 шақырым және 3 қосалқы станцияны қайта жаңарту бойынша іс-шаралар жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалар келісу сатысында тұр. Облыста жыл сайын генерацияны арттыратын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану бойынша 8 қондырғы жұмыс істейді. 2025 жылы Осакаров ауданында қуаттылығы 50 МВт ЖЭС құрылысының 1 кезегі пайдалануға берілді, бұл генерацияны 2%-ға арттыруға септесті. Өткен жыл қорытындысы бойынша облыстың ЖЭК қондырғыларымен 616,7 млн кВтсағ немесе облыстың жалпы электр энергиясын өндірудің 4,2% өндірілді. «Қарағанды қаласының ГорКомТранс» ЖШС БиоЭС құрылысы және жалпы қуаты 104 МВт болатын үш жел электр станциясының («Гиперборея» ЖШС, Осакаров ауданы) құрылысы жалғасуда. Пайдалануға беру 2026-2027 жылдары күтілуде. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде жалпы қуаты 500 МВт, 300 МВт энергия жинақтау жүйесі бар ЖЭС салу жоспарлануда.

Экология – ұран емес, әрекет

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акцияға былтыр барлығы 130 мың адам, барлық меншік нысанындағы 9 мың ұйым мен кәсіпорын қатысып, 1500 бірлік мамандандырылған техника тартылды. 135 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды да, космомониторинг барысында анықталған 580 қоқыс үйіндісі жойылды. 60 мың жасыл желек егіліп, 250 саябақ пен сквердің аумағы тазартылды. 500 тарихи-мәдени ескерткіш жөнделді. 125 су айдынының жағалау аумағы тазартылды, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік кодексінің 505-бабы бойынша 120 млн теңгеден астам сомаға 40 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Бірыңғай сәулеттік көрініс беру мақсатында 2025 жылы 215 көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталды. 169 нысанда жұмыстар аяқталды, 46 нысан бойынша жұмыстар ағымдағы жылы жалғаспақ. Абаттандыру және көгалдандыруға келсек, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде 2025 жылы жалпы сомасы 575 млн теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 1995 (Қарағанды қ. – 400, Балқаш қ. – 275, Шахтинск қ. – 270, Абай ауданы – 1050) контейнер орнатумен 125 (Қарағанды қ. – 40, Балқаш қ. – 58, Шахтинск қ. – 27) контейнерлік алаң жабдықталды. 10 саябақ пен 20 гүлзардың аумағы абаттандырылды. 200 аула аумағында 80 балалар ойын алаңы, 19 футбол алаңы және 7 баскетбол алаңы орнатылған. 2021-2025 жылдарға арналған Қарағанды облысының елдімекендерінің жасыл аймақтарын құру аймақтық көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2025 жылы 54 000 ағаш отырғызу жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша қалалар мен елдімекендердің аумағында 60 477 ағаш егілді.

Өңір дамуы – бір күннің немесе бір жылдың еншісі емес. Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында атқарылған ауқымды жұмыс­тар өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға нақты серпін берді. Газ, жылу, электр және су жүйелерін жаңғырту, тұрғын үймен қамту, экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы кешенді шаралар – болашаққа салынған берік іргетас. Алда жаңа міндеттер, жаңа межелер тұр. Инфрақұрылымы мығым, энергетикасы қуатты, экологиясы қорғалған аймақ – тұрақты дамудың кепілі. Демек, бүгін атқарылған әр іс ертеңгі өркендеудің бастауы, ал халық игілігі жолындағы бұл қадамдар өңір тарихындағы маңызды белес болып қала бермек.

Тілектес ДОСАЕВ,
Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button