Бас тақырып

Қарағандылықтар толғандырған мәселелерін министр Марат Қарабаевқа жеткізді

Бұрынырақта хабарлағанымыздай, өткен жұма күні Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев аймақта жұмыс сапарымен болды. Түске дейін бірқатар индустриялық нысандарды аралап, түстен кейін «Достық үйінде» тұрғындармен кездесті.

Марат Қарабаев
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

– Менің есімім – Марат, – деп таныстырды өзін кездесуде министр Марат Қарабаев тұрғындармен кездесуде. – Мұнда сіздердің мәселелеріңізді шешу үшін қанша уақыт керек болса, сонша отырамыз. Жеке кездесу өткізуге де дайынмын.

Әуелі Марат Кәрімжанұлы өзі басшылық жасайтын министрлік жұмысымен таныстырып өтті.

– Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметі ауқымды. Министрлік өнеркәсіп өндірісін дамыту, жол және тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, көлік логистикасы, жер қойнауын игеру, көлік қатынасы сынды маңызды салаларға жауапты. Министрлікте Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті, Құрылыс және тұрғын үй­-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Көлiк, Индустриялық даму, Азаматтық авиация, Геология, сондай-ақ Автомобиль жолдары комитеттері бар, – деген министр әр комитет төрағасын таныстырып шықты да, бірден сұрақ-жауапқа көшті.

Алғашқы сұрақ облыстық мәслихаттың депутаты, «Талбесік» көпбалалы аналар ұйымының төрағасы Ләззат Қожахметовадан түсті. Ол сұрақтар «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы өзгерістерге қатысты.

– Былтырдан бері аталған бағдарлама бойынша баспана бастапқы және қайталама нарықтан емес, облыс әкімдігі салатын әлеуметтік тұрғын үйден берілетін болды. Өңірде ондай үй салынып жатқан жоқ. Былтыр осы бағдарламамен өткен 175 адам әлі күтіп жүр. Ол үй салынып біткенше, 2-3 жыл өтеді. Үй жоқ болса, қайталама тұрғын үй нарығынан баспана алуға рұқсат етсеңіздер, – деді депутат.

Бұл ретте министр осы уақытқа дейін жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдардың есебінен салынып келгенін айтып, олардың бірде-бірінің сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Сондықтан да тиісті бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, халыққа қолайлы болу үшін үйді бастапқы нарықтан сатып алу туралы шешім қабылданды.

– Әуелі кез келген бағдарлама нормативтік-құқықтық актімен бекітілетінін айтқым келеді. Бұл әр бағдарламаның әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісіліп, бекітілетінін білдіреді. Бұған қоса, бұл құжат интернет ресурсында жарияланады. Оған халық өз пікірін айтып, ұсынысын қосуға хақылы. Онсыз ешбір құжат қабылданбайды. Сондықтан сіздің «Неге көпшілікпен ақылдаспай өзгерістер енгізесіздер?» деген сөзіңіз шындыққа жанаспайды. Екіншіден, бүгінге дейін жалға берілетін тұрғын үйді әкімдіктер өз күшімен салып келді. Қазір республика бойынша осылай 50 мыңға жуық баспана салынды. Біреуінің де сапасы жақсы деп айтуға аузың бармайды. Сол себепті дайын үйді нарықтан сатып алуды шештік.

Бұл сіздерге жақсы. Бұрын бұл мақсатта берілетін 9 млн. 600 теңгені 14 млн. теңгеге дейін көтердік.

Үшіншіден, халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй нарықтан алынады. Егер де «жоқ, тек қайталама нарықтан үй керек» десеңіздер, біз кейбір өңірлерде жаңадан салынған тұрғын үйлердің тапшылығы байқалып жатқанын ескеріп, оған да рұқсат бердік. Ол үшін сіздер əкімдікке айтып, олар бізге сондай талаппен шығуы тиіс, – деді Марат Кəрімжанұлы.

Марат Қарабаев

Бұл сұраққа қосымша жауап берген Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин биыл облыста 346 пəтер жалға берілетінін жеткізді.

Бұдан басқа Лəззат Таймырқызы Балқаш-Алматы тасжолына қатысты сауал қойды. Оның айтуынша, жол салу кезінде Тораңғалық ауылына кірер жол айналма жол болып өзгерген. Бұл тұрғындарға қиындық тудырып тұр. Сол себепті де мəселені шешуді сұрады.

Оған жауап берген Автомобиль жолдары комитетiнің төрағасы Төлеген Абдуллин құрылыс басталмай-ақ жобасы көрсетілгенін, сол кезде ешкімнің қарсы пікір білдірмегенін айтты.

– Жол ауылға кіретін болады. Бұған жергілікті жоба жасалған. Бұл мəселеге қатысты жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргіземіз, – деді Төлеген Абдуллин.

Қарағанды қалалық мəслихатының депутаты Марат Түсіпов қала тұрғындары кəріз-тазарту жүйесін ретке келтіріп беруді өтінді. Оның айтуынша, əбден ескірген инженерлік инфрақұрылымның салдарынан апат болуы мүмкін. Өз кезегінде Марат Қарабаев кəріз-тазарту жүйесі жобаларына арналған қаражат қалай бөлінетінін түсіндірді. Министр бұл бағытта қаражат бөлу үшін əуелі жобалау-сметалық құжаттама дайын болуы қажеттігін айтты.

– Қазір Үкіметтің тарапынан жылумен жабдықтау мен кəріз-тазарту жүйелеріне байланысты жобаларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлініп келеді. Тіпті, бюджеттік рəсімдер аяқталып қойса да, қосымша ақша аудару жолдары қарастырылған. Мысалы, Ұлытау мен Абай облыстарындағы жобаларды осылай қолдадық. Осы мақсатта қажетті құжатты уақытылы тапсыруға қамдану керек. Қай жерде де болмасын солай. Сіздерден – құжат, бізден – қаражат. Сосын, оның орындалуын қадағалау. Жергілікті əкімдік, қоғамдық бақылаусыз қазір өте қиын. Жақсы мердігер кездессе, жақсы. Адал емес кездессе, қайтесіздер, – деді Марат Қарабаев.

– Кəріз-тазарту жүйелеріне ақша бөлініп тұр. Оған құжат тапсыру керек. Сіздер əлі тапсырған жоқсыздар. Жұмыс жобасын жыл соңына дейін тапсыру керек, – деді Тимур Қарағойшин.

Сонымен қатар, ол жылдың басынан бері прайс қағаздардың жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Бұрын қалай болды? Жекелеген құрылғылардың құны тапсырыс берушіге дейін бірнеше есе өсетін. Осы аралықта алты жеткізушіден өтетін. Қазір біз мұның барлығын алып тастадық. Өндірушінің бағасы немесе бірінші дистрибьютордің бағасы ғана қалды, болды. Бірінші дистрибьютор – бүкіл елге ортақ, – деп түсіндірді министр.

«ORTALYQ» жол-құрылыс, инжинерингтік ұйымдар одағының өкілі Гаухар Көпжасарова біздегі кез келген құрылысты жергілікті жобалау институттарына беруін сұрады.

Saran индустриялық аймағына қатысты сауалға жауап берген министр аталған өндіріс аймағының қарқыны жыл сайын еселеніп жатқанын айта келе, көршілес мемлекеттердің бизнес субъектілермен бірлескен кəсіпорындарды құру жұмысы жолға қойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Марат Қарабаев жергілікті азаматтарды жеке мəселелеріне байланысты қабылдады. Министрдің қабылдауына жазылған азаматтардың тарапынан «Қарағанды – Саран – Шахтинск» жол учаскесінің күрделі жөндеуі жөнінде, сондай-ақ, Сұрыптау елді мекенінде көпір салу мен аталған ауылдан Қарағанды жəне Майқұдыққа дейін қатынайтын қоғамдық көлікті ұйымдастыру мəселесі көтерілді. Өз кезегінде министр облыс бойынша қолға алынған жол-көлік инфрақұрылымы жобалары жөнінде жеткізіп, жолданған сауалдарды қолданыстағы заң арқылы шешудің амалдарын түсіндірді.

Марат Қарабаев

Тұрғындармен кездесуге дейін бірқатар нысанды аралап шықты. Алдымен ведомство басшысы Saran индустриялық аймағы мен KamaTyresKZ зауытына барды. Қазір онда бірқатар жоба қолға алынған. 2021-2023 жылдарға индустриалды аймаққа инженерлік инфрақұрылымын салуға бюджеттен 17,1 млрд. теңге бөлінді.

Саран қаласындағы шина шығаратын зауыт 3,5 млн. дана жеңіл жəне жүк көліктеріне арналған шина шығаруға қауқарлы. Технологиялық жабдықты сатып алу-сату жөнінде 126 келісімшарт жасалды. Қазір келген жабдықты жеткізу, монтаждау жəне іске қосу-жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылдың тамыз айынан бастап, Saran индустриялық аймағының аумағында ауданы 76,8 гектарға жететін жер учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бұдан кейін Марат Кəрімжанұлы Абай тігін фабрикасына барды. Кəсіпорын қызметкерлеріне арналған киімдердің, тоқыма бұйымдарының, төсек-орын жабдықтарының, балалар мен ересектерге арналған сыртқы киімдердің, мектеп формалары мен спорттық костюмдердің кең түрін ұсынады. 2021 жылы В2С сегментіне сəйкес киім тігу өндірісі іске қосылып, Abai тауар белгісі тіркелді. Қазір мұнда да əкімшілік-тұрмыстық кешен күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Жол инфрақұрылымының дамуы ерекше бақылауда екені белгілі. Сондықтан ведомство басшысы 17-38 шақырым аралығындағы «Абай-Қарабас-Жартас-Долинка» жол учаскесінің құрылысын көріп қайтты. Салынып жатқан жолдың ұзындығы – 21 шақырым. Мердігер «Прогресс KZ» ЖШС өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда асфальт 7 шақырымға төселіп, 5 су өткізгіш құбыр ауыстырылды. Асфальтбетонның негізгі жəне төменгі қабаттарын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жол-құрылыс мау сымының соңына дейін асфальтбетон жабынының төменгі жəне жоғарғы қабатының 15 шақырымын салып, төсеу жоспарланған. Қарағанды облысының автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 7 мың шақырым екенін айта кеткен орынды. Оның 89%- ының жай-күйі мəз емес.

Министр бұдан басқа «Шапағат» тұрғын үй кешені құрылысының барысымен танысты. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспары тұр.

Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button