Індет жұқтырғандар азайып келеді
Соңғы аптада жаңадан індет жұқтыру фактілері 21%-ға азайған. Эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Осы уақытқа дейін коронавирус жұқтырған 100 мыңға жуық облыс тұрғынының 91,1%-ы жазылып шықты. Мұндай деректер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Аймақта коронавирус инфекциясымен күресу үшін арнайы кластерлік жүйе қалыптасты. Ол осы бағытта жұмыс істейтін түрлі деңгейдегі стационарлар мен емханалардың басын біріктірді. Індеттің ушыққан шағында облыста 5 679 төсек орын әзірленді, оның 434-і реанимациялық бөлімдердікі. Бүгінде бұл көрсеткіш 3 353 орынға азайды. Әрі оның төрттен бір ғана қолданыста. Себебі, қазіргі таңда 5 стационар қайтадан емхана болса, үшінші деңгейдегі 3 госпиталь консервацияланды.
– Облыста 25 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр. Облыстық бюджет есебінен 40 медициналық мекемеге цифрлық рентген аппараты орнатылды. 10 ПТР зертхана 15 мыңнан астам тест жасауға мүмкіндік береді. Пандемияға қарамастан, денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыра береміз. Мәселен, жыл соңына дейін тағы 5 компьютерлік томограф алуды жоспарлап отырмыз. Оның 2-і қалаларда болса, үшеуі Жаңаарқа, Осакаров және Қарқаралы аудандарына қойылады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов. Сонымен қатар, спикер жалпы құны 3 млрд. теңге болатын 7 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Оның ішінде облыстық балалар ауруханасының жаңа ғимараты, онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы, жедел жәрдем станциясы салынып жатыр. Облыста вакциналау жалғасуда. Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 500 мыңнан астам адам алса, екіншісін алғандар қатары 500 мыңға жуықтады. Әсіресе, ірі өндіріс орындары жұмыскерлерінің вакцина алуы ондағы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына, сол арқылы үздіксіз жұмыс процесіне мүмкіндік берді.
– Осының арқасында өнеркәсіп орындары мен тіршілік үшін маңызды нысандарда эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Жұмыскерлер арасындағы вакцинация жұқтыру ошақтарының пайда болуына тосқауыл болып, кәсіпорындардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етті. Былтыр тұтастай кеніштер, өндіріс алаңдары мен бірқатар кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғаны есте. Бүгінде жағдай өзгерді. Бір ғана «Арселор-Миттал Теміртау» компаниясы жұмыскерлерінің 90%-дан астамы вакцина алған, – деді Е.Алпысов. «Ashyq» қосымшасын облыстың 12 мыңнан астам кәсіпкері қолданады. Бұл республика бойынша үшінші орын екенін атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Жансая ОМАРБЕК.