Бас тақырып

Қилы кезең жаңғырығы

1993 жылдың 14 сәуірі. Тәуелсіз қазақ мемлекеті «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңын қабылдады. Ал, ақтаңдағын ақтап алуды мұраты еткен мемлекет 1997 жылы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қылып бекітті. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде жұмысын жалғастыруда. Ертең – 31 мамыр. Ендеше төл тарихымызға жосықсыз жасалған қиянат пен елімізге төнген зобалаң жылдар хақында ерікті-еріксіз бір ойланып көрелік…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

… Бір минут үнсіздік…

Мойындау ләзім, осы үнсіздік тарихи санамызға Қаратаудан ауыр зілмауыр ойлар артқанымен, Алатаудай ақтық пен айбын ұялататынын қайтерсіз, шіркін! Өйткені, қаһарман қазақ елі қандай ауыр зобалаңды да ақтанкер кеудесімен тосып алып, қыран қанатты қос иығымен көтеріп жеңді. «Мың өліп, мың тірілді». Жүз күліп, жүз түңілді! Өткен ғасыр өтті. Алаш зиялыларын шеттетуден бастау алған большевиктер бастамасы соңына таман 20-40 жылдарға ілескен нақақ жала, қанқасап қырғынға ұласа берді. Сансыз себеп, қисапсыз қылмыстық істер. Жойдасыз жоспарлар. Ұлықсыған сол кездегі одақтың одағай әрекеттері азық-түлік дағдарысын тудыру жолымен тұтастай бір халықтың сау басына нәубет үйірді. Тек, 1930-1931 жылдары ғана Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу тапсырмасы кеңірдекті кесер кендірдей кесе-көлденең тұрған. Мұрағат деректеріне сүйенсек, жалғыз Қазақ Республикасы РСФСР-дің орталығына 50%-дан астам ет өнімімен қамтыған. Сөйтіп, өзінің өзегі талған. Көрнекті өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай Арқа атырабының аудан-ауылдарындағы жұрттың 70-80 пайызы не аштықтан қырылғанын, не жан-жаққа босып кеткенін тілге тиек етті. Уағында Қарлаг, Алжир, Дальний, Қамыс­ты сынды сандаған лагерьді қара раушан гүлдері көмкерген ескерткіштер галереясы менмұндалайды. Жазықсыз жапа шеккен сансыз боздаққа – мың тағзым!

Ұлт ұмытпайтын күн

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деген болатын. Ақтау шаралары әлі де жалғасын тауып келеді. Атамекенімізде 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңдайы ату жазасына кесілген. Алаш арыстары мен олардың отбасы сүргінге айдалды. Бұл тұтастай алғанда «Керегем – ағаш, ұраным – Алаш» деген халықтың басына жоспарлы негізде оқтын-оқтын үйірілген қара бұлт еді. Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Иә. Мұқым қаракөз қазақ әр жыл сайын мамырдың соңғы күнінде саяси қуғын-сүргін һәм аштық құрбандарын еске алады. Әлбетте, еске алу дейтініміз құны сұраусыз шаһит кешкен құрбандардың әзиз рухына құран оқу ғана емес, әрине. Президент айтқандай, тарихи санамызды жаңғыртып, өткенімізге қайырылу, өшкенімізді қайта жандыру. Өйткені, бар жұрттың болашағы да бар. Бұл күн «Болашағымыз қайткенде баянды болмақ?» деген тақылеттес өміршең сауалға жауап та іздейтін шақ болса керек-ті. Фәниқұстай фәниге қайта қанат қаққан Алаш антына адал арда жанның рухы түлеген күн бұл!

Осы орайда Президент Жарлығы арқасында сандаған мұражай қабырғасында рұқсат етілмеген әр облыс орталықтары мен ірі қалалардың түрлі-түрлі мұрағатында шаң басқан қаншалаған том-том құжаттардың беті ашыла бастағанын, құпия деректің көбесі сөгілгенін, талай тарихшылар мен зерделі зерттеушілер бұл сауапты іске бейбіт күнде бас қойғандығын ырзалықпен атап өтпеске болмас.

Президент парасаты

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай деді.

– … 1921-1922 жылдардағы алапат ашаршылықтан бері 100 жыл өтті. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

Осы бір Президент толғанысы қазақтың тобарсып қалған құбатөбел көңілін көкке құстай ұшырды. Ұлт руханиятының ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ – жоқшы. Біз жоғын іздеген халықпыз» деген сөзі бүгінде біз жоғын да, жолын да іздеуге өз қолымен мұрсат берген Мемлекет басшысының парасат биігіндегі пікірі ұлт болмысын айшықты етіп аша түскендей. Еліміздің жер-жерінде жазықсыз жазалағандарды еске түсіретін мемориалдық ескерткіштер ашылды. Аза кітаптары жарық көріп, қалың көпке жетті. Алаш арыстарының шығармалары қайта жарық көрді.

Ендігі мұрат

Адамзаттық тарихтың алтын қазығы алдымен азаттық, онан соң жасампаздық жолы дер едік. Біз не етсек те, бостан болуымыз үшін ниет қылдық. Ал, еркін ел болудың бағасын тым арзан болмайтынына төл тарихымыз дәлел. Азаттығын арқау еткен қай халық болмасын, өрнекті өмірі шырғалаңсыз өтпеген. Қош, сандаған ойраннан басы аман шыққан бүгінгі елдің «арысы өлді, аштығы болды» деген зарының аты ғана қалды. Ал, шын мәнінде, бұл халқымыздың есіл жүрегіне шөгіп, көкірегіне көктастай кептелген азалы ақиқаты. Мұны әр азамат зайыр түсінеді. Ал, осы толғаулы тарих қатпары бізді бұрынғыдан алғыр, өткеннен өткір, кешегіден кесек болуға үнсіз үндейтіндей…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button