Басты тақырыпСәтбаев

ІЛГЕРІЛЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР

   Елбасы алға қойған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Сәтбаев қаласында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы серпінді істер қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ілгерілеушіліктерге жол ашуда.

Жалпы кеншілер қаласы сәулетіне дәулеті сай даму үстінде. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер арасындағы белсенділіктің артуы шағын және орта бизнестің қанат жаюына оң ықпалын тигізіп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау және өз қаржылары есебінен үстіміздегі жылы бизнес сласының 16 нысаны іске қосылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі еседей артық көрінеді. Осы салаға салынған инвестиция да 6 есеге өсіп, 757 млн. теңгені құрады. Жаңадан 79 жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру картасы аясында қазірде жалпы құны 325 млн. теңгелік екі жоба жүзеге асырылу үстінде. Ол арқылы 43 жұмыс орны ашылмақшы. Сонымен қатар, болашақта 60 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 305 млн. теңгенің тағы үш жобасын жүзеге асырудың жолдары қарастырылуда. Осыған орай жыл сайын шағын және орта бизнес саласында өдірілген өнім көлемі де еселеп артып келеді.

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарындағы 88 шараның 22-сі Сәтбаев қаласында жүзеге асырылатындығы да көп нәрсені аңғартады. Бұл күндері келелі жоспар аясында Жезқазған кенті тұрғындарының қоныс аударуы үшін ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Үкімет бөлген 8,5 млрд. теңге қаржыға көп пәтерлі көптеген үйдің құрылысы жүргізіліп, кеншілер қаласы қайнаған құрылыс алаңына айналды. Биыл 15 көпқабатты тұрғын үйді аяқтап, олардың инженерлік-коммуникациялық желілерін тарту жоспарланған болатын. Қазірдің өзінде 460 пәтерлік 9 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 6 үй де толықтай аяқталады. Биыл тағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, олар келесі жылы пайдалануға берілмекші.

Қала әкімі Асқар Ыдырысов мұның сыртында үй кезегінде тұрғандарды азайту мақсатында мемлекттік тұрғын үй бағдарламасы да қолға алынып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғырту бағдарламасы бойынша 72 млн. теңге қаржыға 5 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалыпты. Бюджет қаржысына балалардың 34 ойын алаңы, 17 футбол алаңы және 4 хоккей айдыны жөндеуден өткізілген. Қала жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу көлемі де биыл үш есеге жуық арта түскен. Энергия көздерін үнемдеу мақсатында әкімдік «Тұрақты қалалар төменкөміртекті даму үшін» бағдарламасының жобасы бойынша инвестиция тартып, көпқабатты үйлердің 150 кіреберісіне аула шамдарын орнатуға грант бөлінді. Бұл игілікті жобаны қараша айында аяқтау көзделіп отыр.

Сәтбаев – өндірісті қала, кеншілердің құтты мекені. Өндірісті өркендету басты бағыт саналады. Үстіміздегі жылы жаңадан «Жыланды» кен орны іске қосылды. «Сарыоба» кенішінде кен өндіру жалғасуда. «Жаманайбат – 2» кен орнын игеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сәтбаевтағы № 3 байыту фабрикасы аумағында келесі жылы Жыландының тотыққан кенін өңдеуге арналған зауыт салу жоспарлануда. Оның қуаты жылына 846 мың тонна кен өңдеп, 5 мың тонна катод мысын алуға негізделген. Зауыт құрылысына 260 адам жұмысқа тартылып, пайдалануға берілгенде 122 адам тұрақты еңбек ететін болады. Түйіп айтқанда, шырайлы шаһардың болашағы мығым, келбеті келісті.

Амандық РАХҰЛЫ

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button