Медицина

Игілік. Абырой. Даңқ

Адам баласының өмірі қарап отырсақ, еңбекпен өтеді екен. Туғанынан бастап, жүргені де, мектепке барып сабақ оқығаны да, мамандық алғаны да еңбекке жатады. Оның жұмысқа тұрып, маман болуы ғана емес әр талпынысы – еңбектену. Алайда, біздің қоғамда еңбек жолын оқу бітіріп, бір кәсіпті меңгеріп, қызметке араласқаннан кейін есепке алу тәртібі қалыптасқан. Егер осы үдеден шығатын болсақ, 41 жылдық еңбек өтілі – бір адамның саналы ғұмыры деуге негіз болары хақ. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың оториноларингология бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас отоларингологы Нұрлан Құлмағанбетовтің еңбек жолы ширек ғасырға жалғасып келеді.

 

1982 жылы Қарағанды медицина университетін бітірісімен, Ақтоғай аудандық ауруханасында хирург еңбек жолы басталады. Бес жылдан кейін Балқаш қалалық атқарушы комитетінің шақыруымен сонда ауысады. Ол жерде сегіз жылдай ЛОР-хирург болып еңбек етеді. Одан бергі уақытта – Қарағанды қаласында. Науқастың дертіне дауа табуға себепші болып келе жатқанына – 41 жыл. Өзі медицинаны мектепте оқып жүргенінен қалағанын айтады.

– Дәрігерлерге деген құрмет бұрын жоғары еді. Соны көріп жүріп, медицинаға қызықтым. Біреуге көмегім тиіп, олардың жүзіндегі ризашылықты көрсем ғой деген арман мені осы салаға алып келді. Содан бері мыңдаған адамға операция жасаған шығармын, санағаным жоқ. Бірақ, менің офперациямнан, не ефмнен кейін бірде-бір науқас қайтыс болған емес. Өмірлік жолымды бағамдасам, ең зор мақтанышым осы екен. Адамға пайдаңды тигізу, олардың сенің еңбегіңді бағалауы, алғысы жан дүниеңе рахат сыйлайды. Сол сезімді қайта-қайта сезінгің келеді, – дейді Нұрлан Құлмағанбетұлы.

Осынша жылда алдынан өткен шәкірттерінің санын дәрігердің өзі білмейді. Десе де, көп екені анық. Қазірдің өзінде үш курсты қоса алғанда 50 шақты резидент оқып жатыр. Олар оқуын бітіргеннен кейін Қазақстанның әр аумағына бөлінеді. Оның алдындағысы қаншама. Одан бөлек, бөлімшедегі дәрігерлер де Нұрлан Құлмағанбетұлын ұстаз санайды.

– Осындағы жұмыспен қатар, Қарағанды медицина университетінде сабақ беремін. Бөлімшеде сегіз дәрігер бар. Қазір көп операцияны олар өздері жасай береді. Тәжірибе жинақтап жатыр. Кезінде менің де Ақтоғайда Қуат Рақымжанұлы деген, кейін Балқашта ЛОР ісіне баулыған Жұма Шаяхметов деген ұстаздарым болды. Солардан көп нәрсе үйрендім. Өмірімде осы екі адамның болуы – менің бағым, – дейді ол өткенді еске алып.

– Хирургия қиын сала, – деді ол бір кезде. – Еңбек жолымда түрлі жайттарды бастан өткердім. Хирург болып алғаш жұмыс жасап жүргенде соқырішек болған баланы әкелді. Жарылып, ішінде перитонит болып кеткен. Соны тазаладық. Сарайдан құлап, өкпесін темір тесіп кеткен шопан келді. Ол да аман қалды. Ол заманда қарай салатын интернет жоқ, кітап ақтарамыз. Ұстаздарым да көп көмегін берді.

«Елу жылда ел жаңа» дейді емес пе? Қазіргі жас мамандарда барлық мүмкіндік бар.

– Мен еңбек жолын бастағанда ескі әдістер еді. Қазір барлық жағдай бар. Мысалы, лор комбайн науқастың барлық ауруын анықтап бере алады, адам ешқайда бармайды. Микроскоптар, эндоскопиялық баған қолданылады. Баяғыдағыдай кесіп, оны тігіп жатпайсың. Кішкентай ғана тесік арқылы түрлі ота жасай аламыз, – дейді дәрігер.

Өзі біліп қана қоймай, шәкірт тәрбиелеп, сол білімін өзгеге үйрету сауапты істердің қатарынан. Нұрлан Құлмағанбетұлы адам жанын арашалайды әрі ұстаздық етеді. Осы жылдар ішінде талай марапаттың иегері атанды. Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасына ие болып, «Алтын дәрігер» төсбелгісі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін таққан. Олардың ішінде Нұрлан Құлмағанбетұлына «Еңбек ардагері» наградасының орны ерек. Ол еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, бір салада 10 жыл, жалпы еңбек өтілі 40 жылдан астам озат жұмысшыларға беріледі. Дәл Нұрлан Құлмағанбетұлы секілді.

– Медальдің екінші жағында «ИГІЛІК. АБЫРОЙ. ДАҢҚ.» сөздер жазылған. Адам өз ісінің шебері, білікті маман болса, игілік те, абырой мен даңқ та өзі келеді екен, – дейді ол.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button