Хош бол, Қаракөктің тұқымы!

Менің осы 75 жаста көрген қазақтағы Қаракөктің* тұқымының бір көзі осы еді. Еуропада бұларды «Аристократ» дейді. Жұртын жұрт, ұлтын ұлт қылып отырған ақсүйектің тұқымы бұлар. Оларды бір кезде аштық, сталиндік репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан қырғыны айпап-жайпап өткен!
Орыс отаршылығының 30 жылы, соңғы құлдық қамытын кигізген 30 жыл қазақты ұлттық қасиетінен айырып, шаршатып-шалдықтырып, қажытып кетіп еді. Қазақ халқы көзінің қарасындай осы аздаған шоғырдың арқасында жойылудан аман қалған. Қазір Құнанбайлар отырған жерде именбей майбасарлар сөйлей бастаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Құдай артының қайырын берсін де.
Тарақты*
Қуандықпен* қатар қонып,
Гүл-Тәжін әкелді ғой жаһанға өріп;
Тұқымы Қаракөктің,
Аузын ашса,
Әр сөзі төгілетін мақал болып;
Алашты жалт қаратқан осы тұқым –
Ақселеу Сейдімбегі –
Ахаң болып!
Қайратың* –
Керей хан боп төске өрледі,
Елуде мұртын сипап, сақал қойып;
Серінің сертке таққан семсеріндей,
Сен шықтың енді содан Жақан болып!..
* Тарақты,
* Қуандық – ру аттары
* Қайрат Кемалов – Керей ханды сомдаған актер, екеуі де Ахаңның немере інілері
Хош, саф алтынның сынығы! Сенің орның Ахаңнан кейін Арқада біраз уақыт үңірейіп тұрады енді…
Серік Ақсұңқарұлы