Жаңалықтар

«ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» өмірден озды

Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор, «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы», тіл жанашыры Темірғали Әбілдаұлы Көкетай 87 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Сурет: жеке мұрағаттан

Темірғали Әбілдаұлы Көкетай 1938 жылы наурыз айының 25 жұлдызында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Жеткіншек ауылында (қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылы) шаруа отбасында дүниеге келген. 1946 жылы Жеткіншек ауылындағы орта мектепте, кейін Қызылағаш бөлімшесінің бастауыш мектебінде оқыды. 1957 жылы Алматы қаласындағы №12 қазақ мектеп-интернатын тәмамдады. 1959-1964 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білім алды. Ғылымға құштар жас маман алған білімін ұштастыру мақсатында 1964 жылы Эстония­ның жетекші жоғары оқу орны Тарту университетіне стажер ретінде қабылданып, келесі жылдары аспирант атанды. 1970 жылы Темірғали Әбілдаұлы академик Чеслав Брониславович Лущиктің ғылыми жетекшілігімен Тарту мемлекеттік университетінің докторлық диссертациялар қорғайтын мамандандырылған Ғылыми кеңесінде «Мыс және күміс иондарымен активацияланған сілтілі-галоидтық кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Аспирантураны тәмамдап, ойдағыдай қорғап шыққан жас ғалым елге оралған соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының теориялық физика кафедрасында доценттік қызметте болды.
1972 жылы Қарағандыда жаңадан ашылған университеттің ректоры, академик Евней Бөкетовтің арнайы шақыртуымен физика факультетінің қатты дене физикасы кафедрасының меңгерушісі болып қызметке кірісті. Келген жылдан бастап өз әріптестерімен бірге университеттің іргетасын қалауға атсалысты. Темірғали Әбілдаұлының одан кейінгі өмірі Қарағанды мемлекеттік университетімен тікелей және үздіксіз байланыста жүрді. Әр жылдары физика факультетінің деканы, университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. Темірғали Көкетайдың жетекшілігімен ҚарМУ-де бірнеше ғылыми зертхана құрылды. Осы зертханаларда ғылыми еңбегін жалғас­тырып, университет қабырғасында алғаш болып өзінің докторлық диссертация­сын дайындады. 1988 жылы физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін «Әртүрлі модификациядағы активацияланған иондық кристалдағы люминесценция және электрондық қозулар» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғады.
Темірғали Әбілдаұлы жоғары білікті педагог қана емес, ол Қазақстандағы қатты дене физикасының негізін қалаған ғұлама ғалым. Кембридж университеті жанында құрылған Халықаралық өмірбаян орталығы физика ғылымына қосқан жаңалығы үшін «ХХ ғасырдың ғұламасы» атағын берді. 2002 жылы халықаралық деңгейде жыл адамы атанды. 2007 жылы қазақ ғалымы Оксфорд университетінде арнайы дәріс оқыды.
Білім беру, ғылым жолындағы еңбектері бағаланып, КСРО космонавтика федерациясының ұшқыш-ғарышкер Ю.Гагарин атындағы медалімен, білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталып, «Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы медалімен, «Қазақстандағы дәл ғылымдар бойынша ең көп сілтеме жасалатын авторлар» деген номинацияның 1-дәрежелі дипломымен марапатталды. 2007, 2018 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.
Темірғали Әбілдаұлы Жаңаарқа ауданының, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқаны үшін «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері атанды. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. ҚР Президентінің 2022 жылдың 17 нау­рыздағы Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен наградталды. 2022 жылы «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Темірғали Әбілдаұлы 500-ден астам ғылыми мақаланың, 3 монографияның, 6 авторлық куәліктер мен патенттердің, 10-нан астам оқулықтың авторы. Ғалымның тікелей ғылыми жетекшілігімен 31 ғылым кандидаты, 2 философия докторы және 8 ғылым докторы диссертация­лық жұмыстарын сәтті қорғады.

Ғылымның тұңғиығына бойлап, саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған Темірғали Әбілдаұлы ардақ тұтар абзал ағасы Евней Арыстанұлы аманаттап кеткен қарашаңырақта өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет етті. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ұжымы көрнекті ғалым, ұстаз, профессор, «Ғасыр адамы», тіл жанашыры Темірғали Әбілдаұлының отбасына, туған-туыс­тарына қайғырып көңіл айтады. Бақұл болыңыз, Тау тұлға! Жаныңыз жәннатта болсын!

Академик Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды зерттеу университеті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button