Руханият

Хан Бертістей ер өткен

Жер шарындағы ең алып құрлықтың қақ ортасындағы осынау байтақ далада мыңжылдықтар бойы хандық құрған едік. Түркі баласы төңірегін уысында ұстады. Ал, мұндай баға жетпес байлықты сақтау үшін, маңайыңа билік ету үшін қандай ұлт болу керек?! Өзімізді тану үшін әлбетте тарих мұхитына ой желкенін жаямыз. Бөрілі байрақ ұстаған Күлтегін, Римді тізерлеткен Еділден бері қайырсақ… Қазақ байтағында XVII ғасырдың соңы мен XVIII басында өмір сүрген даңқты би, қоғам және мемлекет қайраткері, сол дәуірде өмір сүрген замандастары арасында Қарқаралы хан Бертіс атанған Бертіс бабамыздың да есімі – Алаш баласы үшін бір биік тау. Ұлттың керегіне жараған, мүддесіне ғұмырын арнаған бабаның есімі ұлықталды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қабырғасында «Қарқаралы хан Бертіс және оның заманы» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияға есімі елге мәшһүр тарихшы ғалымдар қатысты. Тағылымды шараны Қазақстан Республикасы Ғылым жане жоғары білім министрлігі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті және «Бертіс хан ұрпақтары» қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Конференцияның мақсаты ай­қын: Бертіс бидің өмірі мен қыз­метін және өмір сүрген заманы туралы терең тарихи танымы бар ғылыми-зерттеулерге қызы­ғушылық танытып отырған оқырман қауымға баба есімін ұлықтау.

Конференцияда бірнеше ма­ңызды бағыттар бойынша баяндамалар жасалды. «Бертіс би – мем­ле­кет және қоғам қайраткері», «Қа­зақ мемлекеттілігінің нығаюындағы тұл­ғалардың тарихи рөлі», «Қазақс­тан тарихының аса өзекті мәселелері».

Қарағандыдағы айтулы шараға тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Жамбыл Артықбаев ар­найы келіп, «Бертіс хан туралы жазбалар» тақырыбында баяндама жасады. География ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған про­фессор (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті) Серікболат Талжанов «XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Шаншарұлы Бертіс ұрпақтарының қоныстануы» тақырыбын қаузады.

Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Бағдат Сейітбатталов, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті) Жамбыл Жұмабеков, тарихшы, журналист, өлкетанушы Ерғазы Төлеуов «Бертіс батыр» тақырыбымен, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ермек Балташұлы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков мінберге шықты. PhD докторы (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті) Нұртас Смағұлов «Жазушы Софы Сматаевтың «Қаз- дауысты Қазыбек би» романындағы Бертіс бидің тарихи тұлғасы» деген баяндамасын оқыды.

Конференцияның қорытындысында арнайы резолюция қабылданды. Бертіс бидің өмірі мен қайраткерлік тұлғасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғастырылмақ. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданы орталығында және Қарағанды облысы орталығында Қазақ хандығының даңқты тұлғасы, «Қарқаралы хан Бертіске» ескерткіш-стелла орнатылады.

Тағылымды шараға Алматыдан «Бертіс хан ұрпақтары» қайырымдылық қорының төрғасы Бағдат Сейітбатталов келді. Ол конференцияның маңызы мен мәніне тоқталды. Сонымен қатар, алда атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті.

– Бұл конференцияның маңызы зор. Бертіс ханның 390 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Ол Ташкенттің әмірі болған. Даңқты бабамыздың қазақ халқына сіңірген еңбегі өз уақытында айтылуы тиіс деп есептеймін. Себебі, бұл – біздің міндетіміз, борышымыз. Бертіс хан – Арқа даласын, соның ішінде Қарқаралы төңірегін Жоңғар шапқыншылығынан сақтап, азат еткен тарихи тұлға. Қол бастаған. Ерлігімен осы даланы ұрпаққа аманат еткен. «Бертіс хан ұрпақтары» қайырымдылық қоры былтыр қазан айында құрылды. Содан бері маңызды бірнеше шараны атқардық. Алға қойған нақты мақсат, міндетіміз бар.
28 маусымда Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақта Бертіс хан бабамызға ескерткіш ашпақпыз. Ертеңінде ас беріледі. Содан соң, бәйге, қазақша күрес секілді үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады. Ауқымды концерттік бағдарлама жасалады. Шымкенттен «Шаншар» әзіл-ысқақ театры арнайы шақырылды. Бертіс ханның жеті ұлы болған. Сол жеті ұлдан тараған ұрпақ осы қордың басы-қасында жүр, – деді қор төрағасы Бағдат Сейітбатталов.

Қазақ халқын дауылды заманалардан алып шыққан бірлігі мен ынтымағы еді. Бертіс ханның ұрпағы Рымбек Қорабаев та осы шараның мақсаты – бүгінгі қазақ қоғамына осы қастерлі ұғымдарды барынша насихаттау дейді.

– Халқымыз бір тудың астына жиналып, ауызбірлікте ғұмыр кешсе – арманымыздың орындалғаны. Даңқты бабаларымызды біліп, оларды келешек ұрпаққа насихаттау – аға буынның алдындағы қасиетті борыш. Үш жүзге, руға бөлінбей, ұлттық арман, мұратымызға ұмтылсақ екен. Бүгінгі ғылыми конференцияның да мақсаты – осы. Тарихымызды түгендеп жүрген барша тарихшыларға, ұлт мүддесіне қызмет етіп жүрген қайраткерлерге, мырзаларға сәттілік тілеймін, – деді Бертіс ханның ұрпағы Рымбек Қорабаев.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button