Халық жазушысы, ақын Исраил Сапарбай дүниеден өтті
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай 18 шілде күні таңғы сағат төрт шамасында Қаскелеңдегі өз шаңырағында көз жұмды. Қайғылы хабарды Facebook парақшасында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді.

– Бүгін таңнан суық хабар жетті. Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді. Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасымен бірге ағамыз қатты ауырып жатқанда, ауруханаға барып, үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты…, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Исраил Сапарбай – Қазақстанның халық жазушысы, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, нәзік лирикасымен танылған ақын, драматург әрі талантты композитор. Ол – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, ұлт руханиятына өлшеусіз мұра қалдырған көрнекті қаламгер еді.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Исраил Сапарбайға мәдениет пен әдебиетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын берген болатын.