Халық қорғаны – Ата заң

    Достық үйінде Ата заңымыз – Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараның басты ерекшелігі – өмірге қадам бастаған еліміздің онға тарта жас ұландары жеке куәлігін алып, үш жұп отбасын құруында болды. Сахна төрінде «Мендельсон маршы» ойналып, жас жұбайларға бүкіл Қарағанды халқы куәлік етті.

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатысты.

Осындай атаулы күні 16 жасар қарағандылықтар өмірлеріндегі ең басты құжаттары – жеке куәліктерін «Нұр Отан» партиясының ҚОФ төрағасының орынбасары Қадиша Оспанованың қолынан алды. Жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, отбасыларына береке, елімізге бірлік пен тұрақтылық тілеген Қадиша Оспанова болашақ  жастардың қолында екенін айтып,  бәсекеге қабілетті болуға шақырды.

Сонымен қатар, қарағандылық үш жұпқа неке куәлігі тапсырылды. Кез келген адамның өміріндегі маңызды сәт, некесін тіркеу – Конституция күніне тұспа-тұс келуі жастардың өздері үшін де күтпеген жаңалық болған. Асқан жауапкершілікпен қатар, өздерін елінің бір бөлшегі ретінде сезіну – жастарға болашаққа деген сенім мен елі үшін аянбай еңбек етуге серпін берді. Сахна төрінде жас жұбайлар махаббаттары мен адалдықтарының белгісі – жүзіктермен алмасып, жас жұбайлар биін биледі. Ал жас отбасына алғашқы тілекті елу жыл бірге өмір сүрген  Смағұл Манкен мен Кенжекей Айтпекова айтты.

– Қол ұстасып бірге өткізетін өмірлеріңнің алғашқы табалдырығын аттап отырсыңдар. Біз бірге өткізген өмірімізде қызды қияға ұлды ұяға қондырып, немере шөберенің қызығын көріп отырмыз. Бүгін бүкіл халқымыз үшін, сендер үшін ерекше күн. Себебі, Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңы – Конституция күні тойланып отыр. Мемлекеттік беріктігі – әр отбасының беріктігіне байланысты. Ұзақ та бақытты өмір сүріңдер, босағаларың берік, шаңырақтарың биік болсын! Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтата беріңдер, – деп батасын берді, алтын тойларын тойлағалы отырған Смағұл Манкен мен Кенжекей Айтпекова.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

– Бұдан 22 жыл бұрын жас мемлекетіміз өз жолын таңдағанда, біз де өз таңдауымызды жасап, аталмыш құжатты қабылдадық. Яғни, бүгінгі ережені қабылдадық. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан танымастай өзгерді – экономика өсу үстінде, қоғам дамуда, мемлекет әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болды. Бүгінгі күнгі қол жеткізген жетістіктердің барлығы да Қазақстан республикасының негізгі заңының қағидасы мен ережелерінің іске асуының нәтижесі. Сіздерге бейбітшілік, тыныштық, Отан үшін атқарып жатқан істеріңізге табыс тілеймін.

Салтанатты шара барысында облыс басшысы аймақтық «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5516 әскери бөлімінің әскери полициясының уәкілі, лейтенант Ақылбек Қоңыровқа «ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы» медалін табыс етті. Талант Медет, Жұлдыз Әбішева, Айнұр Жазықова және Ғазиз Такешев облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Конституция күніне арналған салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.