Халық аманатына адал институт
Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына – 30 жыл. Осы күндері айтулы оқиғаға орай республика бойынша түрлі шаралар өткізілуде. Қарағанды облысында «Мәслихаттар тарихының 30 жылдығы. Қалыптасу және даму жолы» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Онда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың барлық шақырылым депутаттары, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бас қосты. Өңір дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар бас қосуда мәслихаттардың құрылу тарихын еске алды, қазіргі қоғамдағы орнын сөз етті, болашақта атқарар істерді талқылады.
Дөңгелек үстел модераторы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов жиналғандарды мерейлі күнмен құттықтап, алғашқы сөз кезегін облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановқа берді.
– 30 жыл бұрын тарихи маңызы зор сайлау – мәслихаттар сайлауы өтті. Бұл – мемлекетіміздің демократияға өтуін жеделдетті, себебі, еліміздегі алғашқы бәсекеге қабілетті сайлау болды. Мәслихаттарға жергілікті халықтың еркін білдіретін және өз қызметін дербес жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілеттіктері берілді. Алғашқы жылдары облыстық мәслихаттың депутаттары жергілікті билік өкілдерімен бірлесе тұрғындардың мәселелерін шешу жолдарын іздеді. Осылайша депутаттар шыңдалды, – деген Нұркен Сайфиддинұлы осыдан 30 жыл бұрын жағдай қалай болғанын тілге тиек етті.
– Облыстың 1994 жылға арналған бюджеті 3 миллиард теңгені құрады, – деді ол. – Салыстырып көріңіздер, облыстың биылғы бюджеті сегіз жүз миллиардтан астам теңгені құрайды. Қаншалықты күрделі жағдайда да, бюджет әрдайым әлеуметтік салаға басымдық беріп келеді. Әлеуметтік салаға қаражаттың 50 пайыздан астамы бағытталады. Біз 30 жыл ішінде қандай өсім болғанын көріп отырмыз. Сөзсіз, өңір өзгерді, біз бұған куәміз. Бұл өзгерістердің бәрінде барша депутаттың еңбегі бар екенінде шүбә жоқ.
Нұркен Кобжанов мәслихаттардың қайнар көзі болған, қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан, сара жол салған Серік Кәрібайұлы, Сұлтан Қапарұлы, Қасымбек Медиұлы, Бейсембай Қуанышұлы, Нұрлан Орынбасарұлы, Рысқали Қалиақбарұлы, Серік Балғатайұлын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, бірнеше шақырылымның депутаттары болған Серғазы Әдекенов, Қадиша Оспанова, Мұрат Әбілов, Бейбіт Досжанов, Ермек Әбілдин, Иван Георгиади, Ойрат Нұрқазов, Мира Махатчина, Виктор Щетининнің есімдерін атады.
– Осы ретте өздерінің аумақтарында еңбек етіп жүрген Рашид Әбеуов, Асхат Әли, Өміржан Баймағанбетов, Алтынтөре Бөкенов, Қуаныш Жүнісбеков, Алтай Исатаев, Алексей Ломакин, Жамала Мамерханқызы, Ахат Мүслімов, Қанат Саққұлақов, Саят Социал, Данияр Сәкенов сынды депутаттарды атап өту керек. Мәслихат халық пен билік арасында алтын көпір бола отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамудың мәселелерін шешуге ықпал етеді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта бізді жаңа жетістіктер мен табысты жобалар күтіп тұрғанына сенімдімін. Бірінші шақырылымнан бастап, барлық депутаттарды мерейтоймен құттықтаймын, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және толағай табыс тілеймін, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған күрделі реформалар елдегі саяси өзгерістерге тың серпіліс бергені рас. Депутаттарды сайлау процесін жандандырып, саяси бәсекелестікті күшейтті. Қазіргі сегізінші шақырылымның барлық деңгейдегі депутаттары жаңа жағдайларда жұмыс істеп жатыр деуге болады. Облыстық мәслихатта бүгінгі таңда ұсынылған алты саяси партияның – «Amanat», «Ақ жол», «Ауыл», «Байтақ», «Қазақстан коммунистік партиясы» және «Respubliсa» өкілдері халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін қорғап, қажеттіліктерін ескереді. Қазіргі уақытта облыстық мәслихатта 36 депутат бар. Оның ішінде, 18-і бір мандатты округтер бойынша тәуелсіз өзін-өзі ұсынушылар екенін ерекше атап өткен жөн.
Мәслихат депутаттары талқыланатын кез келген мәселе бойынша тұщымды пікірлерін ұсынады. Саяси көзқарастарын білдіреді. Бюджетті қалыптастыру және атқару, тұрғындарды медициналық және әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, жолдарды, тұрғын үй шаруашылық объектілерін жөндеу және салу, ұлттық жобаларды іске асыру, өңірлерді дамыту жоспарларын бекіту және облысты дамытуға бағдарланған басқа да мәселелер бүгінгі депутаттық корпустың назарында. Әр мәселе бойынша айтылған ұсыныстар мен пайым, пікірлер мәслихаттың қабылданған екі жүзден астам шешімдерінде көрініс тапты. Әрине, бұл ретте бюджет мүмкіндіктерін ескерілетіні сөзсіз. Бұл – аудандық және қалалық деңгейдегі мәслихаттармен, жергілікті атқарушы органдармен сындарлы ынтымақтастықтың көрінісі.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің өркендеуі – атқарушы және өкілді органдардың ортақ мақсаты. Әрине, мәслихаттардың әкімдіктермен сындарлы өзара іс-қимылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында және демократиялық қағидаттарды нығайтуда жасампаз рөл атқарады. Олардың қатысуынсыз бүгінде өңірлік дамудың мәселелерін толық шешу мүмкін емес.
Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков те мұны растады.
– Осы жылдар ішінде мәслихаттар халықтың өзекті мәселелерін жеткізетін күшке ие болды. Оның мәртебесі мен беделі күшейді, құзыреті де кеңейді. Біздің сіздермен бірлесіп атқарған қызметіміз аймағымыздың дамуына ықпал етті. Мәслихат депутаттарының ІІ Республикалық форумы мәслихаттардың демократиялық қоғам құрудағы орны мен маңызын одан сайын айқындай түсті. Форумға қатысқан Мемлекет басшысы өз сөзінде мәслихаттардың қоғамды демократияландырудағы, саяси бәсекелестікті күшейтудегі рөлін атап өтті. Өзара әріптестік жалғасын тауып, өңірдің дамуы үшін бірге еңбек ете берейік. Бұл жолда әрқайсыңызға денсаулық, табыс тілеймін, – деді Ораз Қайсаұлы.
Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков те жылы лебіздерін білдірді. Бейсембай Қуанышұлы Қарағанды облыстық мәслихатын 2007 жылдан бастап, 2013 жылға дейін басқарған болатын. Қарағанды облыстық мәслихатын 2013 жылдан 2016 жылға дейін басқарған Нұрлан Дулатбеков сөз алып, мәслихаттар халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін айтты.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты азаматтардың мемлекетпен сапалы кері байланысын орнатуды көздейді. Жергілікті өкілді органдардың депутаттары халық пен билік арасындағы алтын көпір болып табылады. Депутаттық корпус жұмысының құзыреттілігін, кәсіптік және білім деңгейін арттыру халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру да нәтижеге алып келеді. Әр депутат өзі сайланған округке қарайласып, оның тұрғындарының мәселелеріне құлақ асуы тиіс, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Сөз алған Қарағанды облыстық мәслихатының бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Рысқали Әбдікеров жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық дербестігін арттыру бюджет қаражатын тиімді бөлу, ауылды жерде өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін шешуде халықтың рөлін күшейтуге ықпал ететінін тілге тиек етті. Ол мәслихат депутаттарының ІІ Республикалық форумында айтылғандай, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ықпал ету тетіктерін кеңейту қажеттігіне тоқталды. Рысқали Қалиақпарұлының 2016 жылдан 2017 жылға дейін Қарағанды облыстық мәслихатын басқарғанын облыс халқы біледі. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты да болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі, профессор, «Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихаттың ең бірінші шақырылымынан бері депутат болып келе жатқан Серғазы Әдекенов те жиналғандарды құттықтады.
Облыстық мәслихаттың VI-VIII шақырылымдарының депутаты, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция басшысы Бекзат Алтынбеков «Депутат болу – аманат» деп мәлімдеді.
– Депутаттар – көзге көрінбейтін майданның қатысушылары. Кейбіреулер «Осы депутаттар не істейді?» дейді. Олар халықтың әл-ауқатын арттырып, берекесін сақтап, қоғамның тұтастығы мен татулығын нығайтуға еңбек етеді. Қасіретті қаңтар оқиғасын ешкім ұмыта қойған жоқ шығар. Сол уақытта облыстың барлық деңгейдегі депутаттары халықпен бірге болып, тікелей әңгімеге барып, басу айтты. Аймақта халық қаражатына салынған бірде-бір ғимараттың қирамай, бірде-бір бұтаның сынбай, бірде-бір әйнектің сынбауы депутаттардың еңбегінің арқасында екенін бірі білсе, бірі білмейді. Халық атынан сөйлеген соң біз олардың аманатын арқалап жүрміз деген сөз. Халық аманатына берік болайық, ел алдында жүзіміз жарқын, еңсеміз биік болатындай еңбек етейік, – деді Бекзат Қомарұлы.
Облыстық мәслихаттың IV, V, VI, VII шақырылымдарында депутат болған Айман Түкбаева өзінің депутаттық қызметіне балалардың мәселесіне мән бергенін айтады.
– 16 жыл бойы облыстық мәслихат депутаты болдым. Ауыл мұғалімі ретінде ауылдық жерлердегі білім беруге, балаларды жан-жақты дамытуға қатысты мәселелерді қозғадым. Мәселен, менің бастамамен 2001-2010 жылдар аралығында ресурстық орталық, тірек мектептер пайда болды. Бүгінде ауылдық мектептердің жағдайы әлдеқайда жақсы. Әрине, қалалық мектептерді басып озды дей алмаймыз. Десе де, ауыл балаларының олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндік жасалды. Ауыл балаларының арасында да олимпиадалар өткізіледі қазір. Балаларға арналған сауықтыру лагерьлерін ашуды қолға алдық. Тағы бірде шала туған балаларға көмек қолын создық. Мұның барлығы – менің депутат ретінде қолға алған істерім. Депутаттар қарапайым халықтың өтінішін, талап-тілегін билік өкілдеріне жеткізе алуы керек. Ол осы жолда өзінің білімін, тәжірибесін, табандылығын көрсетуі қажет. Себебі, халық оларға сенім артып, «Бір өзгеріс болар» деп күтіп отырады. Сол сенімнен айырылмау өте маңызды, – дейді Айман Бекболатқызы.
Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли барлық деңгейдегі мәслихаттардың жұмысы үйлесімді болса, ең өзекті міндеттерді шешуге мүмкіндік береді деп санайды.
– Сессия қызметтің негізгі нысаны ретінде мәслихаттар жұмысында басты орын алады.
Облыстық мәслихат депутаттары облыстың қалалары мен аудандарының мәслихаттарымен бірлесіп қаралатын мәселелер бойынша сессиялар барысында дұрыс шешімдер табуда бар күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. Шешімдердің жобалары өңірлердегі әріптестердің тікелей қатысуымен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен жұмыс топтарында алдын ала пысықталады. Бірлескен өзара іс-қимыл ортақ мақсатқа жеткізеді, – деді ол.
Асхат Сағадиұлы да бірнеше шақырылымдардың депутаты. 2016 жылдан бері жергілікті өкілді органды басқарады.
Облыстық мәслихат әйел заты мен жастар үшін барынша ашық. Бүгінгі күні мәслихаттар қалалар мен аудандарды дамыту жоспарларын ғана емес, сондай-ақ, заңнамалық бастамалар жобаларын әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуда.
Облыстық мәслихат депутаттары, аумақтық мәслихаттардағы әріптестері республиканың заңнамалық актілеріне өзгерістерді талқылау жөніндегі Қазақстан Республикасы Парламентінің жұмыс топтарының мүшелері болып табылады. Осы арқылы атқарушы органдардың жұмысында ашықтық артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп атап өтті. Мәслихат депутаттары халық қалаулысы ретінде жергілікті жерлерде үлкен күшке, ықпал ету тетігіне ие болуы тиіс.
Бүгінде облыстық мәслихат депутаттары облыс әкімі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына ғана емес, сонымен қатар, облыстық бюджет комиссиясының, жобалық-сметалық құжаттамалар жобаларына түзетулер енгізудің мақсаттылығын қарау жөніндегі жұмыс топтарының мүшелері болып табылады.
Дөңгелек үстелде Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай арнайы шығарылған облыстық мәслихаты туралы энциклопедия таныстырылды. Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен Серғазы Әдекенов салтанатты түрде қызыл лентаны қиды.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, энциклопедия өңіріміздің өкілді органдарының қалыптасуы мен дамуының басты кезеңдерін бейнелейді. Онда I шақырылымнан бастап, қазіргі VIII шақырылымға дейінгі депутаттардың қызметі туралы иллюстрацияланған ақпарат, олардың өмірбаяны мен қазіргі шақырылым депутаттарының сессиялардағы сөздері келтірілген. Жақын арада энциклопедия жалпы жұртшылық үшін облыс аудандары мен қалаларының, жоғары оқу орындары мен мұрағаттарының кітапхана қорларына жіберілмек.
Жасалған баяндамалар мен айтылған ұсыныстар дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде жинақтамаға енгізілетін болады. Негізгі бөлімнен кейін марапат тапсыру рәсімі өтті.
Ораз Тәуірбеков Қарағанды облысы әкімінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен мінсіз еңбегі үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын облыстық мәслихаттың бірақатар депутаттарына табыстады. Оның ішінде, Серғазы Әдекенов, Қадиша Оспанова, Ермек Әбілдин, Ерден Халилин, Гамаль Тоқсамбаев, Мира Махатчина, Зара Шалабаева бар. Сонымен қатар, Иван Георгиади, Игорь Жабяк, Александр Куприенко, Андрей Ляпунов, Шахмұрат Танкебаев, Алмагүл Жұмахметова да марапатталды.
Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен облыстық мәслихат депутаттары Аян Әбдікәрімов, Сейфул-мәлік Казитов, Айтбай Жұмағұлов, Меруеш Башай, Абсалям Карин, Әлібек Алпыспаев, Асқар Оразбеков, Евгений Буслаев, Андрей Сокульский марапатталды. Бірқатар депутаттарға Қарағанды облыстық мәслихатының Алғыс хаты табысталды. Олардың қатарында Алтынай Есқалиева, Жазыкен Томпиев, Алмагүл Өсерова, Наталья Вольф, Тілеубек Камалиев, Әли Ахметов, Амангелді Жүнісбек, Гаухар Токушева сынды қазіргі шақырылым депутаттары мен облыстық мәслихат аппаратының өткен шақырылымдарының қызметкерлері бар.
Бұдан бөлек, Қарағанды облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін «AMANAT» партиясының қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы, осы партияның Алғыс хаты, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы облыстық филиалының «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл – ұлылар ұрпақтары» медалі, осы партияның Алғыс хаты табысталды.
Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойына арналған салтанат Кеншілер мәдениет сарайында жалғасын тапты. Онда да бірқатар марапат өз иесін тапты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің Алғыс хаты, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволық марапаты табысталды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz