Халық қалаулысы – қара шаңырақта
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ Қазақ баспасөзінің Қарағандыдағы қара шаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында болып, шығармашылық ұжыммен кездесті. Бұл кездесу ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракция мүшелерінің өңірлерге сапары барысында жоспарланған болатын. Жасыратыны жоқ, редакциямызға көптен бері дәл мұндай лауазымды тұлға, мәртебелі мейман бас сұқпаған еді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде халық қалаулысы, жерлесіміз Нұрлан Орынбасарұлы қара шаңыраққа арнайы келуін жақсы ырымға баладық.
Аманат арқалаған депутат пен «алтын арқалап, жантақ жеген» журналистер қауымының кездесуі ресми регламент шеңберінде емес, емен-жарқын әңгіме формасында өтті.
Сөз басында айта кетейік, «Орталықтың» ұжымы – Нұрлан Орынбасарұлына қарыздар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ел экономикасы тұралап, ауыр дағдарысты күндердің куәсі болғанымыз естеріңізде болар. Сол жылдары «Орталықтың» әр санының жарық көруі мұңға айналған. Әр саны газеттің соңғы санындай болып, ауыр тыныстап тұрғанбыз. Қаржы тапшылығынан, әрине. Сондай ауыр күндерде басылымның қолтығынан демеп, бірнеше санының кедергісіз жарық көруіне демеушілік жасаған ұлтжанды азаматтар табылғанын қалай ұмытайық?! «Болашақ» университетінің сол кездегі ректоры, бүгінгі қайраткер Нұрлан Орынбасарұлы сол Атымтай-Жомарттардың бірі еді.
Халық қалаулысының бұл еңбегі һәм ерлігін басылым басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Сембаев жадымызда қайта бір жаңғыртып, редакцияның бүгінгі жаңарған құрамы атынан тағы бір мәрте алғыс айтты.
Өз кезегінде Нұрлан Орынбасарұлы бүгінгі сапар мақсаты жайлы сөз сабақтап, Фракция мүшелерінің жұмысына қысқаша шолу жасады. Сонымен, сапар мақсаты – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының тарихи маңызын қарапайым халыққа терең түсіндіру.
– Рухани жаңғыру, шын мәнінде осындай рухани ортадан басталса керек. 90 жылға жуық тарихы бар облыстық «Орталық Қазақстан» газеті – қасиетті қарашаңырақ, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Руханият жанашыры «Орталық» журналистерінің көкейіндегі сауалдарға да жауап беріп, ашық әңгіме өрбітті.
Негізінен, Қарағанды облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен келген болатын. 3 қаңтарда басталған халық қалаулыларының сапары 12 қаңтарға дейін жалғаспақ.
Аймаққа келген депутаттар қатарында жерлесіміз Нұрлан Орынбасарұлынан бөлек, Нұрлан Әбдіров, Гүлнар Бижанова, Аманжан Жамалов, Арман Қожахметов, Қанат Мусин және Сапархан Омаров бар.
Жоспар бойынша, депутаттар еңбек ұжымдарымен кездеседі. Облыс аудандарының 25 елді мекеніне сапар шегіп, 85 кәсіпорын мекеменің тыныс-тіршілігімен танысады.
Бірінші кездесу Қарағанды облысының Сот-медициналық сараптамалық институтында өтті.
Кездесу мақсаты – үкіметтік сағатқа әзірлік барысын пысықтау.
ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа бойынша комитетінің Төрағасы Н.Әбдіров және комитет мүшелері заңдардың жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрап білді. Сот сарапшыларының өзекті мәселелері, олардың жекеменшік сарапшылармен өзара ынтымақтастығы да назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, депутаттар Мәжілісте қаралатын заң жобаларының барысымен таныстырды. Көшбасшы партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» тақырыбындағы сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын сөз етті.
Ерсін МҰСАБЕК