Жаңалықтар

Голландия қарбызы Арқаны жерсінді

Қарбыз – Арқа үшін экзотикалық жеміс. Олай дейтініміз, базар сөрелеріне қарбыз еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізіледі. Ол жақта бір жазда, тіпті, екі рет өнім алуға болады. Себебі, климаты ыңғайлы. Соның өзінде бәрі климатқа ғана байланысты емес. Күтімге де тәуелді. Бұл сізге картоп түптеп, арамшөп жұлу емес. Ал, біздегі күн райын білесіз. Бірде жаңбыр, бірде жел. Оңтүстіктегідей ыстық жоқ. Бірақ, қазақ «қалауын тапса, қар жанар» деген. Бұқар жырау ауданында анау-мынау емес, голландиялық қарбыз өсіріп отырған бағбан бар.

Василий Ли есімді Бұқар жырау ауданының тұрғыны қарбызды үш жыл бұрын эксперимент ретінде отырғызыпты. Өйткені, тәжірибелі бағбан қарбыз өсірудің машақатын жақсы біледі. Бірақ, қиын шаруаға бел буып кіріскен. Қазір ақырындап өнімін жинап жатыр. Жер аумағы жарты гектарға жуықтайды. Василий Ли бұрын геолог болған екен. Бағбандықтан мол табыс түсетініне көзі жетіп, жер алған. Меншігіндегі жеріне қызанақ, картоп, қияр, бұрыш және баклажан, қырыққабат еккен. Жыл сайын көкөністерді базарға шығарып, саудалайды. «Табысым жақсы» дейді. Өзін ғана емес, туыстарын да жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

– Қарбызды негізі эксперимент жүзінде отырғызғанмын. Қалай болатынын көрейік деп алғаш рет үш жыл бұрын сынап көрдік. Әуелі екі қатарға ектік. Эксперимент сәтті болды, бірақ бізде климат қолайсыз. Өткен жылы қарбыз алқабын аздап ұлғайттық. Биыл да ауқымды учаскеге қарбыз отырғызылды. Биылғы жаз қиын болды. Аптап ыстық және температураның күрт өзгеруі әсер етті. Өсімдіктер үшін бұл – стресс,– деді фермер.

Алқаптағы көкөністер тамшымен суарылады. Яғни, көл-көсір су бар екен деп, тіршілік нәрін аспанға шашпайды. Бұл тәсіл – суды және қуатты үнемдейді.

Фермердің сөзінше, адам талпынса, кез келген шаруаны игеріп кетеді. Өз өнімдерінің бір бөлігін базарға шығарады. Қалғанын тапсырыспен сатады. Өздері келіп алып кететін тұрақты сатып алушылары да бар.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button