Әңгіме ашық айтылып, жаңа меже айқындалды
Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ халықпен есептік кездесуі онлайн форматта өтті. Карантиндік шектеулерге байланысты аймақтың барлық телеарналарында және әлеуметтік желілерде (әлеуметтік желілердегі облыс әкімдігінің ресми аккаунтында – Instagram Akimat09, Saryarqa TV YouTube-арнасында, Saryarqa news интернет-ресурсында, еkaraganda. kz ақпараттық порталында) тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары Сұрыптау стансасындағы «Теміржолшылар», Пришахтинскідегі «Молодежный», Майқұдықтағы «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйлерінде, Оңтүстік-Шығыстағы «Достық» үйінде және қала орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан LED-экрандар арқылы тамашалап, сұрақ қойды.
Аймақтағы 9 аудан, 9 қала тікелей эфирге қосылды.
Есеп беру кездесуін трансляциялау кезінде сұрақтар 109 қысқа нөмірі және 8-708-703-58-58 WhatsApp нөмірі бойынша қабылданды.
Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде көптеген келелі мәселе көтерілді. Әңгіме ашық айтылып, жаңа меже айқындалды. Облыс тұрғындарынан 986 сұрақ түсіп, оның бір парасына Жеңіс Махмұдұлы тікелей эфирде жауап берді.
Жауап беріп үлгермеген сұрақтар кезең-кезеңмен қарастырылатыны айтылды. Кездесуден кейін аймақ басшысы облыс әкімдігі ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
ІНДЕТ ІРКІЛІС ӘКЕЛГЕН ЖОҚ
– Бүгін менің есебім бір айда өткен барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесуін қортындылайды. Бір жыл бұрын есеп беру кездесуінде көпшілік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол мен көшені жөндеу, қоғамдық көлік қызметінің сапасы, әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үймен, сумен-жылумен қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселені көтерді. Бірден айтайын, бірде-бір өтініш назардан тыс қалған жоқ.
Алайда, әлемді әбігерге салған пандемия біздің жоспарға еріксіз өзгеріс енгізіп, басымдық жағын қайта қарауға мәжбүр етті. Әрине, ең алдымен, әр тұрғынның денсаулығын сақтау, тұрақты кірісті қамтамасыз ету, бизнесті қолдау,сапалы және қолжетімді білім беру мәселесіне айрықша назар аударылды. Мемлекет қолдауы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге және жұмыс орнын сақтауға бағытталды, – деп бастады есепті баяндамасын облыс басшысы Жеңіс Қасымбек.
Түрлі бағдарлама нәтижесінде былтыр 35 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық мөлшері 4,5% деңгейінде болды. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен 0,4% төмен. Ірі жұмыс берушілермен жүйелі жұмыстың арқасында жұмыс орыны сақталды, жалақы өсті, пандемия кезінде материалдық көмек төленді. 84 мыңнан астам адам «13-ші» жалақы мен сыйақы алды. Үкіметтің қолдауымен мұғалім, дәрігер, мәдениет қызметкерінің жалақысы өсті.
Тұңғыш Президенттің бастамасымен 60 мыңға жуық отбасына «Біргеміз» қоры бір мәрте қаржылық қолдау көрсетті, жарты миллионнан астам азамат 42 500 теңге көлемінде көмек алды. 78 мың тұрғынның коммуналдық қызметке берешегі өтелді. 80 мыңнан астам адам азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өте үлкен септігін тигізді. Мәселен, 140 елді мекенде 62 млрд. теңгенің 622 жобасы жүзеге асырылды. Осы кезеңде 16 мың жұмыс орны ашылды. 300 шақырым жол, 132 білім беру және 29 медициналық нысан, 25 спорт ғимараты, 23 мәдени-демалыс мекемесі жөнделді. 37 елді мекенде сумен жабдықтау және 344 көп қабатты тұрғын үйдің келбеті жақсарды. 421 аула абаттандырылды. Ал биыл осы бағдарлама бойынша 1226 жұмыс орнын ашып, 19 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ШИРАТАДЫ
Әрине, былтырғы басты шаруа коронавируспен күрес болды. Бұл мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған ауруханаларды қысқа мерзімде жұқпалы аурулар медициналық мекемесіне айналдыруға тура келді. Жезқазған қаласында 200 орындық жаңа инфекциялық аурухана салынды. Сөйтіп, 5 мыңға жуық инфекциялық орын дайындалды. Бұл орайда жоспарлы емдеу толық қалпына келтірілді.
Медициналық жабдықтар жаңартылды. Өкпені жасанды желдететін — 242, цифрлық рентгенологиялық 40 аппарат орнатылды. Жаңадан 5 компьютерлік томография кабинеті ашылып, олардың қатары 24-ке жетті. 182 санитарлық көлік, оның ішінде 60 реанимобиль сатып алынды. Былтыр көктемде пандемия басталғанда, облыста қуаты бір ауысымда 350 тест алуға жететін 1 ПЦР-зертхана жұмыс істеді. Жарты жылдың мұғдарында жалпы қуаты тәулігіне 11 мың зерттеу жасайтын 11 ПЦР-зертхана ұйымдастырылды. Күнделікті мониторинг көрсеткендей, бүгінде дәріханалар мен ауруханаларда қажетті дәрі-дәрмек толық бар. Қосымша 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасалды.
Пандемия кезіндегі тәжірибе көрсеткендей, жүйелі инфрақұрылымы бар денсаулық сақтау мекемесі ғана ең күрделі жағдайдың өзінде сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ете алады. Бұл болашаққа арналған жоспарды айқындап берді. Биыл облыстық балалар ауруханасының құрылысы аяқталады. Сәулелік диагностика және терапия орталығына жаңа ғимарат салынады. Ересектерге арналған облыстық көпбейінді аурухана мен облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық корпусының құрылысы басталады.
Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кенті мен Нұра ауданының Шахтер ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Топар кентіндегі Абай ауданының орталық ауруханасын жөндеу және Ақсу-Аюлы ауылындағы аурухананы қайта жаңарту аяқталды.
Осындай жұмыс биыл Ақтоғай және Нұра ауданының орталық ауруханасында жасалады. Молодежный кентінде биыл аурухананы күрделі жөндеуден өткізу басталады.
Жезқазған мен Сәтбаев қаласы тұрғындары бұған дейін аймақта онкологиялық диспансердің болмауын бірнеше мәрте мәселе қылып көтергенін айта кету керек.
Осы орайда облыс басшысы бұл мәселені биыл тиянақты шешу үшін бірінші кезектегі инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне енгізілгенін қадап айтты.
Сондай-ақ, биыл ауылдарда 32 модульдік фельдшерлік-акушерлік бекет салудың ауқымды жобасы іске асырылады.
– Ақадыр ауылына жұмыс сапарым кезінде ақсақалдар аурухана ғимаратының нашар жағдайы туралы мәселе көтерді. Биыл біз онда міндетті түрде жөндеу жұмысын бастаймыз. Айрықша айта кетерлігі, жалпы дәрігерлер мен жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесін жиһазы және қажетті тұрмыстық техникасы бар қызметтік пәтер беру арқылы шешеміз. Кешенді жұмыс нәтижесінде екі жылда 227 медицина қызметкері баспаналы болды. Алдағы екі жылда облысқа қызметке келетін 300-ге жуық маман пәтер алады. Бұл денсаулық сақтау саласын ширатады деген үлкен үміт бар, – деді облыс әкімі.
АДАМИ КАПИТАЛ – АУҚЫМДЫ ӘЛЕУЕТ
Қазіргі маңызды міндет – заманауи білім беру ортасын құру. Мектепке дейінгі оқытумен 3 пен 6 жасқа дейінгі барлық бала қамтылған. Енді міндет – 3 жасқа дейінгі және ерекше қажеттілігі бар баланы балабақшамен қамтамасыз ету. Биыл 1500 орындық 15 жекеменшік балабақша ашылады. Бұл 3 жасқа дейінгі барлық баланы қамтуды 61%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бір жылда заманауи құрал-жабдықпен жарақтанған 26 қосымша білім беру орталығы ашылды. Үш ауысымды оқыту және апатты мектеп мәселесін шешу үшін Жезқазған, Қарағанды қаласы мен Ұлытау ауданында үш мектептің құрылысы аяқталды. Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі стансасында, Жаңаарқа кентінде және Қарағандыда тағы төрт мектептің құрылысы басталды.
– Өткен жылғы есеп беру кездесуінде уәде еткендей, биылдан бастап 1-2 сыныптың барлық оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Алдағы қыркүйектен бастап 3 пен 4-сынып оқушыларын да қамтимыз, – деді облыс басшысы.
13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, медицина университетіне қосымша жатақхана салу және Қарағанды университетінің студенттеріне арналған жатақхананы қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Қашықтан оқытуды қамтамасыз ету бағытында ауылдарда сапалы интернет орнату үшін үлкен жұмыс жүргізілуде. Цифрлық даму министрлігі былтыр 85 ауылды интернет байланысымен қамтамасыз етті. Алайда, шалғай ауылда интернетке қол жеткізуде бірқатар түйіткіл бар. Ал, биыл министрлікке тағы 127 ауылдық елді мекенге интернет орнату үшін өтінім берілді.
Облыста спортты қолдауға үлкен ресурс жұмсалуда. Сала нысандарының құрылысы мен жөндеуіне 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қарағанды қаласында «Литейщик» стадионы қалпына келтірілді, «Жастар» спорт кешені жөнделді. Қарқаралы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жеке қаражатқа Теміртау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Saryarka стол теннисі орталығы, Қарағандыда үлкен теннис орталығы, «Атлетикс» паркі салынып, пайдалануға берілді.
Жаңаарқа және Нұра кентінде жүзу бассейні, бюджеттен тыс қаражат есебінен Қарағандыда спорттық-сауықтыру кешені мен триатлон паркі салынуда. Шахтинск, Жезқазған қаласында, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде, Ұлытау ауданының Қарсақбай және Жезді кентінде бюджет қаражатына 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Биыл Қаражал қаласында бассейн және Егіндібұлақ елді мекенінде спорт кешенінің құрылысы басталады.
Мәдени нысандар келушілер үшін жабық болған кезде, 3,8 млрд. теңгеге 96 мәдениет нысаны жөндеуден өткізілді. Облыс зиялы қауымының өтінішіне орай Қасым Аманжоловтың мерейтойына сәйкес биыл «Қасым үйі» ашылады. Бұл ақын-жазушылар мен журналистер үшін шығармашылықпен айналысатын алаңға айналатыны анық.
БИЗНЕСКЕ – БІРЕГЕЙ БЕТБҰРЫС
Былтыр кәсіпкерлерге пәрменді қолдау мәселесі өткір әңгіме өзегіне айналған еді. Соның нақты нәтижесіндей, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 420 кәсіпорын 2,8 млрд. теңге жеңілдетілген несиеге ие болып, жеке жобасын жүзеге асырды, аймақ экономикасына 48 млрд. теңге қаражат құйды. Бұл — бұрнағы жылғыдан 46% артық. Биыл кәсіпкерлерді қолдау үшін бюджетте 7 млрд. теңге қарастырылған, бұл – былтырғыдан 2,5 есе көп.
Бір жылда жеке кәсібін ашамын дегендерге 1900 қайтарымсыз грант берілді. Оның ішінде облыс әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 100 гранты бар. Жалпы 3700 адам әртүрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржылай қолдау көрді, 2800 адам оқу арқылы бизнестің қыр-сырына қанықты. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде мемлекеттік сатып алуда жергілікті маңызы бар өнімнің үлесі екі есе артты. «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-мен арада қол қойылған меморандум аясында қарағандылық шикізат емес тауарларды сатып алу ауқымы 6 есе өсті. Кәсіпкерлерді тапсырыспен қамтамасыз ету жұмысы алда жүйелі түрде жалғасады. Бұл басты басымдыққа жатады.
ӨНЕРКӘСІП ӨРІСІ
Бұл сала туралы айтқанда, облыс елдегі жетекші индустриальдық аймақ саналатынын естен шығаруға болмайды. Індет әлемді әбігерге салған қиын кезеңнің өзінде экономикалық жүйені қалыптастыратын кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларынан бас тартпай, жұмыс орындарын сақтап қалды. Қазір өнеркәсіп саласында 107 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 32 мыңы – кен өндіру, 57,4 мыңы өңдеу кәсіпорындарында. Отбасы мүшелерін қоса есептегенде облыстың әрбір бесінші тұрғыны өнеркәсіп өндірісінен өз орнын тапқан. Қазір барлық 130 ірі және орташа кәсіпорын қызметкерлер қозғалысын басқару жөніндегі жол картасына қол қойған.
Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу мақсатында барынша инвестицияны мол тарту және жаңадан жұмыс орнын ашу міндеті алға қойылған. Мәселен, былтыр экономикаға 678,3 млрд. тенге инвестиция тартылса, оның 81,6%-ы жекенің қаражаты. 11 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жаңа 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тудырды. Айталық, 15 жылдан астам уақыттан бері Саран қаласында қаңтарылып тұрған «РТИ» зауыты инвестордың арқасында тың тынысқа ие болды. Онда былтыр желтоқсанда қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнаулы техникалар шығару өндірісі жолға қойылды.
Биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен доңғалақ шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Оны қатарға қосқанда 2 мыңнан астам жұмыссыздың жолы болады. Биыл кемінде 715 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Айтпақшы, биыл 2600 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 17 жаңа өндірістік жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде осы көктемде Жәйремдегі кен байыту фабрикасы, ферроқұйма зауыты мен агломерациялық Казкарбон зауыты, сондай-ақ, Сарандағы автобус зауытында шағын тораптарды құрастыру өндірісі пайдалануға беріледі.
БАҒА – БАҚЫЛАУДА
Бүгінде жұртшылықты азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдататыны анық. Оған деген сұраныс әлемде артып отыр. Барлық ел пандемия кезінде ең алдымен азытүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Экспорттық тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты нығайту бағытында жүйелі әрі шұғыл шаралар қолға алынған. Әлеуметтік ұн мен нанның бағасы қымбаттауына жол бермеу үшін бидайдың резервтік қоры жасалды. Сөз орайында, былтыр аграрлықтар рекордтық түсім алып, миллион тонна дәнді дақыл бастырғанын айта кеткен артық емес.
Тәтті тағам мен жеміс-көкөніс өнімінің бағасын тұрақтандыру қоры жасақталды. Шамамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 70%-ы немесе 19ының 14-і өзіміздің аймақта өндіріледі. Импортқа тәуелділікті төмендету үшін жергілікті өнімнің түр-түрін көбейту жоспарланған. Елімізде бірінші болып ауыл шаруашылығы өнімін делдалсыз таратуға мүмкіндік беретін көтерме-өткізу орталығы біздің облыста пайдалануға берілді.
Мемлекеттік қолдау мен озық технологияның арқасында іздің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бір жылда 400 млрд. теңгеге немесе 19,4%-ға ұлғайды. Бұл өзіміз шығаратын тауар көлемін ішкі нарықта көбейтуге және меморандумға сәйкес жергілікті өнімді төменгі бағамен өткізуге жол ашты. Жергілікті сауда орындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысы үстіміздегі жылы да жалғасады.
«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ»
Әдетте біз қолайлы тұрмыс туралы айтқанда қала мен ауыл туралы емес, ең алдымен, тұратын жеріңнің жайлылығын ескереміз. Міне, екі жылдан бері Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» арнаулы жобасы ауылды дамытуға елеулі қолдау көрсетіп келеді. Бір жылда 13 ауылдық елді мекенде шамамен 70 шақырым ауыл ішіндегі жол, 11 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысаны жөнделді. 25 шақырым су құбырының жүйесін қайта құру аяқталды. 518 жұмыс орны ашылды. Биыл бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, 11 ауылда 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
КӨПШІЛІКТІҢ КӨКСЕГЕНІ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА
Бүгінде жұртшылықты толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – баспана мен инфрақұрылым. Қазір облыста 36 мыңнан астам адам әлеуметтік тұрғын үйдің кезегінде тұр. Сондықтан, барынша көп тұрғын үй салуға, оның ішінде әлеуметтік түрінің үлесін көбейтуге бағыт ұстанған. Былтыр барлық өңірде құрылыс қарқынды жүргізілді. 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш 2019 жылғы дан 26% артық. Осының арқасында 6,5 мыңға жуық отбасы өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Әлеуметтік тұрғын үйдің кезегінде тұрған 2,5 мың адам баспаналы болды.
Жалпы әлеуметтік сипаттағы жалданатын және несиеге берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің қарқыны өткен жылы 40% артты. 3 мыңнан астам, оның ішінде 600 көпбалалы отбасын жалдайтын және несиеге беретін пәтермен қамтамасыз ету үшін биыл былтырғыдан 25% көп, яғни, 660 мың шаршы метр баспана тұрғызу жоспарланып отыр.
ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА
Жылу желілері тозығы жетуі және жөнді қапталмауы салдарынан облыс орталығының тұрғындары биылғы жылу беру маусымында көп қиындық көрді. Ондай кемшілік қайталанбауы үшін биыл едәуір күш-жігер жұмсауға тура келеді. Мәселені тиімді шешу үшін жергілікті бюджеттен 750 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Оның үстіне Қарағандыда тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі бұрынғыдан да көп жылу қуатын қажет етеді.
Былтыр Жезқазған аймағын сапалы сумен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Кеңгір су қоймасынан резервтік суағар салынды. Биыл жұмыс көлемінің үштен екі бөлігі біткен Есқұла су көзін қайта құру жұмысы аяқталады. Өткен жылғы есептік кездесуде Қарқаралы ауданындағы Аппаз ауылын сумен жабдықтау мәселесі көтерілген еді. Тиісті желі тарту жұмысы былтыр басталды, биыл ауыл тұрғындарының сапалы суға қолы жетеді. Теміртау қаласында желіні қайта құру жобасын жүзеге асыру биыл жалғасын табады.
ГАЗДАНДЫРУ ШАРАСЫ
Былтыр Қарағандыда, Теміртау мен Жезқазғанда бірінші рет 3000 үйді табиғи газ көзіне қосу көзделді. Өкінішке орай, пандемия кедергі келтірді. Қазір Теміртау мен Жезқазғанда бастапқы кешендердің құрылысы бітіп тұр, Қарағандыда бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Техникалық жағынан дайындық бітті, желілер тартылған. Газ беру тариф бекітілгеннен кейін биыл екінші тоқсанда басталады. Жыл аяғына дейін тағы қосымша 4 мың үй табиғи газ көзіне қосылады.
КӨЛІК ПЕН ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ
Өткен жылы 2 мың шақырымнан астам жол жөнделді Оның ішінде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі қаржыландырған Теміртау-Қарағанды, «Қарағанды қаласындағы Солтүстік және Шығыс» телімдері де бар. Биыл республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал» жолы пайдалануға беріледі. Сала министрлігі «Қызылорда-Жезқазған» жолын жөндеуді бастайды.
Қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда. Биыл бірінші жартыжылдықта Қарағандыда – 60, Теміртауда – 75 Саран автозауытында жасалған жаңа автобустар жолаушыларға қызмет көрсетуге шығады. Алдағы 2-3 жылда облыстың ескі автопаркі тегіс жаңартылады.
ТУРИЗМ ТУРАЛЫ
Індеттің салдарынан былтыр сыртқы туризмнің жабылуы ішкі туристік бағыттарды дамыту қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізді. Облыста 3 туркластер бар. Олар – 50 өңірлік жоба тізімі мен ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Тек Балқаш курорт аймағын дамытуға тартылған бюджеттік және жекеменшік инвестиция көлемі 30 млрд. теңге. Жақын арада төрт жолақты «Қарағанды-Балқаш» автобаны арқылы жүру қамтамасыз етіледі. Былтыр әуежайдың ұшу-қону жолағына жөндеу жасалды. Ал, биыл аэровокзал ғимараты жөнделеді. Тораңғылық және Шұбартүбек жолы жөнделген. Енді осы елді мекендердің коммуналдық инфрақұрылымдарының құрылысына кірісу керек. Балқаш қаласының қалалық жағалауын абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жеке инвестиция есебінен 9 жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады.
Биылдың айтулы оқиғасының бірі Жошы хан тарихи-мәдени кешені екендігі сөзсіз. Маусымда кешеннің құрылысы аяқталады. Содан соң кесенеге жол салынады. Сондай-ақ, Ұлытау кентінде «Сапар Орталығы» нысанының құрылысы аяқталды. Ауданның 230 шақырым жолы жөнделді.
Қарқаралы ауданында туристерді тарту үшін ұлттық парк аумағында 11 туристік маршрут іске қосылды. 54 шақырым жол жөнделді. Қонақтарды қабылдауға 30 қонақүй, демалыс аймағы. Тағы басқасы дайын. Биыл инвестиция сомасы 1 млрд. теңгеден асатын 5 жеке демалыс аймағын ашу жоспарланып отыр. Маңызды мәселе – «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық жолының жағдайы.
ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ
Өкінішке орай, өнеркәсіп қалдықтарының көлемі бойынша біздің облыс алдыңғы орынның бірінде. Бірақ, жоспарланған іс-шаралар алдағы 4 жылдың өзінде қалдықтарды кемінде 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды көму көлемін азайту және одан әрі қайта өңдеу де – маңызды мәселе. 30-дан астам кәсіпорын қалдықтардан дайын өнім шығарумен айналысады. Соның нәтижесінде қоқысты қайта өңдеу көлемі 2% -дан 20%-ға дейін артты. Биылғы міндет – бұл көрсеткішті 25%-ға дейін жеткізу.
Облыста жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Екі жылда күн сәулесінен қуат алатын 4 электр стансасы, 2 биогаз стансасы және шағын гидроэлектр стансасы іске қосылды. Екі жылда «жасыл» электр энергиясын өндіру 77%-ға өсті. Биыл Балқаштағы Қоңырат шағын ауданының жанында тағы бір күн электр стансасы іске қосылады. Саран қаласында қуаты 100 МВт және одан жоғары болатын жинақтауыштары бар гибридті күн электр стансасы түрінде жаңартылатын энергетиканың түбегейлі жаңа нысанын салу жоспарлануда.
АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА
Әдеттегідей, онлайн-есеп берудің екінші бөлімі – диалог. Тұрғындардың да тағаты таусыла күтетіні. Жыл он екі айда атқарылған жұмыстардан шыққан ши, я ауыз толтырып айтар табыс осы кезде ашық жария етілді. Онлайн-жүздесуде де тұрғындар ойындағысын іркіп қалған жоқ. Тікелей эфирдегі сұрақтар мен оған берілген жауаптар әкімнің бір жылғы жұмысына бұқараның бағасы һәм алдағы уақытқа белгілеген міндеттері екенін аңғартты. Сұрақтар тікелей эфирде, 109 нөмірі және WhatsApp желісі де арқылы жолданды. Аймақтың барлық қала-аудандары байланысқа шықты. Қарағанды қаласының 5 бөлігінде тікелей трансляция жүрді. Есептен жұртшылықтың жанына батқан жайттарды білдік. Ол – тұрғын үй, әлеуметтік ахуал, ауыз су, қаланың көркі, ауыл аймақтың ажары, өнеркәсіптің өрісі сынды өзекті жайттар екен…
Айдос Естемесов, Қарағанды:
– Мен Қарағанды қаласының тұрғынымын. Жас отбасының бірімін. Оңтүстік-Шығыста салынып жатқан «Трилистник» үй кешеніндегі №7 үйден пәтер қарастырып қойған едік. Бірақ, естуімше, мұнда қиындықтар туындап, біраз мәселе бар екен. Осы аталған үйдің құрылысы қашан аяқталады?
Жеңіс Қасымбек:
– Сұрағыңызға көп рахмет. Жалпы, «Трилистник» тұрғын үй кешені жөнінде мәселелер бары рас. Сапасына да қатысты да біршама кедергілер туындады. Мердігер компаниялардың құрылысты созып жібергені де бар. Сіз айтқан №7 үйдің құрылысы наурыз айында аяқталып, пәтерлер иелерін табады. Негізі, онда төрт үй – №7, 8,9, 10. Алдыңғы үш үйдің құрылысы осы жылы бітеді. Тек №10-шы үйде проблема барын айтуымыз керек. Жалпы, қала әкімдігіне «Трилистинк» кешенінің аумағын абаттандыру туралы тапсырма берілген. Бұл мәселе – ерекше бақылауда.
Марина Владимировна, Қарағанды:
– Мені автобус туралы мәселе алаңдатады. Нақтылап айтсақ, электронды билет. Соңғы 5 жыл бойы қаланың билігі уәде етіп келеді. Алайда, әлі шешілмеді. Мұның өзі іске асатын дүние ме, айтыңызшы? Егер жүзеге асар болса, енді қашан?
Жеңіс Қасымбек:
– Расында, да, өкінішке қарай, электронды билет ұзаққа созылып кетті. Өте дұрыс айтасыз. 4-5 жыл бойы жоба қолға алынды. Дегенмен, автопарк пен қала әкімдігі келісім жасасқан компания қызметінен бас тартуға мәжбүр болды. Ол – Оңтүстік Кореямен бірлескен компания еді. Бүгінде Қарағанды қаласының әкімдігі өзге қалаларда, яғни, Аламты, Шымкент, Нұр-Сұлтанда және басқа да облыс орталықтарындағы тәжірибені әбден зерттеп, зерделеуде. Содан кейін конкурс жарияланып, жобаны іске асыратын компанияны анықтаймыз. Жылдың соңына дейін облыс орталығын, сонымен бірге, серіктес – Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қаласын толықтай электронды билетпен қамту – міндет. Одан соң басқа қалаларда іске асады. Электронды билеттеу бізге не береді? Ол – ашықтықты қамтамасыз етеді. Біз қоғамдық көлікке қанша жолаушының жүгінетінін анық білеміз. Соғай сәйкес бюджетке түсетін салық көлемі де ұлғаяды. Ең бастысы – бұл жайлылық. Алдағы уақытта бұл жүйемен, тіпті, коммуналдық төлемдер жасау мүмкіндіктері қарастырылуда.
Мәдина Алдажанова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
– Сәлеметсіз бе, Жеңіс Махмұдұлы! Өзіңіз жақсы білесіз біздің Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиямен ауыратын науқастарды емдейтін аурухана жоқ. Осындай дертке шалдыққандар дәрігерге қаралу үшін сонау Қарағандыға барып, жол азабын тартып жүр. Өте қиын бұл. Сол себепті неге біздің қаламызға онкологиялық аурухана салмасқа? Осы орайда қандай нақты көмек, жоспарларыңыз бар?
Жеңіс Қасымбек:
– Сауалыңызға рахмет. Мен жоғарыда баяндамамда атап өттім. Былтыр қала тұрғындарымен және ақсақалдарымен кездескенде мұндай мәселе көтерілген. Қазіргі таңда осы мақсатқа бюджетте қаражат көзделген, қаржы бар. Қажетті ғимарат та табылып тұр. Жобалық құжаттар зерттеуден шыққаннан соң Жезқазғанда жылдың соңына дейін 62 төсекті онкология ауруханасы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Сөзіңіз, өте орынды. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындары емделу үшін облыс орталығына ат арытады. Әрине, қиындық тудыратыны даусыз. Сондықтан да, жылдың соңына дейін аурухананы пайдалануға беру көзделуде. Сондай-ақ, ол аураханада науқастарды емдейтін мамандарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Виктор Конюченко, Абай қаласының тұрғыны:
– Абай қаласында көптен бері тұрамын. Біздің қаламыз кәріз желілері жүйесінен зардап шегеді. Оның жағдайы кісі жылайтындай. Үнемі толып, жүрмей қалады. «Водаканал» мекемесін жиі шақыртамыз Өзіңізге мәлім, қаламызда аттай үш жыл бойына жаңа кәріздік желі құрылысы жүріп жатыр. Әйтеуір, шегіне жетпей қойды. Жаңа кәріз желісі қай уақытта іске қосылатынын айтыңызшы? Рахмет!
Жеңіс Қасымбек:
– Абай қаласында жиі қойылатын сұрақтың бірі – осы. Шынымен де, Абай-Қарабас кәріз желісі үшінші жыл салынуда. Қаржы бөлінді, әйтсе де түрлі себептермен құрылыс созылып кетті. Десек те, биыл аталған мәселе толық шешімін табады.
Бұл жоба – былтырғы жылы аяқталуы керек еді. Өкінішке орай, биылға жалғасты. Сіздерден кешірім сұраймыз. Жаздың ортасына дейін мәреге жетіп, жыл соңында орталық кәрізді пайдаланасыздар.
Надежда Чекова, Нұра ауданы Шахтерское кентінің тұрғыны:
– Біздің аудан орталығына жетуіміз қиын. Өйткені, Шахтерское ауылы мен аудан арасындағы жолдың сапасы – өте нашар. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Аталған жол жөнделе ме?
Жеңіс Қасымбек:
– Көп рахмет! Негізі, біз жалпы Нұра ауданында биыл облыстық, аудандық деңгейдегі жолдар мен көпірлерді жаңғырту жөнінде көптеген жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Нақты Шахтерское бағытына, сіз айтқан жолды жөндеуге бюджеттен қаржы арнайы бөлінуде. Биыл 25 шақырым учаскеде жөндеу жүзеге асады, алайда, өзіңіз білетін шығарсыз, ауылға кіреберіс учаскеде Нұра өзені өтеді, онда санация жұмыстары атқарылады. Сондықтан, ондағы жөндеу жұмысы сәл кейін атқарылуы мүмкін. Ал, қалған бөлікте биыл аяқталады.
Виктор Волощенко, Сәтбаев қаласы:
– Мен – кәсіпкермін. Сәтбаев қаласының Жезқазған кентінде тұрамын. Біздің кент көшіру бағдарламасына іліккен. Кәсіпкер ретінде бизнес нысандарына, гараж, шаруашылық құрылыстарына төленетін өтемақы туралы білгім келеді. Бізге өтемақыны қашан төлейді?
Жеңіс Қасымбек:
– Бағдарлама бірнеше жыл бұрын басталған. Бірқатар кенттердегі тұрғындарды көшіру мақсатында қалада көппәтерлі 45 үй тұрғызылды. 2 мыңнан астам отбасы ендігі көшті. Бүгінде бірнеше отбасы ғана қалды. Дәлірек айтқанда, 30-ға жуық отбасы. Оларға тұрғын үй беріледі. Ал, енді шаруашылық құрылыстарына келсек, әр жағдай жеке дара қарастырылып, әр адамға заңнама аясында тиісті өтемақы төленеді. Өтемақы көлемімен келіспейтін кейбір жағдайлар бар. Ондайда бұл мәселе комиссия арқылы жеке талқыланады. Бірақ, тағы да атап айтқым келеді, біз көшіру үрдісін аяқтауға жақындадық. 2 мыңнан астам отбасына өтемақы төленді. Биыл да осы мәселені шешетінімізге сенімдімін.
Амангелді Әбжанов, Жаңааарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Жаңаарқа ауданы тұрғындарын алаңдатқан екі мәселе бар. Жұмажанов ауылдық округінде мұнай қалдықтарының төгілуі халықтың наразылығын тудырып, шағымдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл проблема қалай шешілуде? Екінші сұрақ. Жаңаарқа кентін теміржол ортасынан бөліп өтеді. Бұл жаяу жүргіншілерге көп қиындықтар туғызуда. Жол апаты, адам шығыны да орын алған. Осы мәселені шешуге облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөліне ме?
Жеңіс Қасымбек:
– Аға, сұрақтарыңызға рахмет. Екі сұрағыңызбен мен таныспын. Бірінші сұрақ бойынша тиісті орындар қазір айналысуда. Экология және өзге де құзырлы орындар бар қатарында. Бұдан былай мұндай жағдайға жол берілмейді. Ерекше бақылауда, тікелей өзім бақылаймын. Компанияға айыппұл салынды. Рекультвация жасалады. Мәселе толық шешіледі. Енді екінші сұрақ – жаяу жүргіншілерге арналған теміржолдан өтетін көпір. Қазіргі таңда осы жөнінде аудан әкімшілігі құжаттарды дайындауда. Алдағы уақытта ол сараптамадан шығуы тиіс. Аудан әкімінің айтуынша, көпірдің құны 250-300 млн. теңге. Қаражат облыстан бөлінеді және бұл бағыттағы жұмыс биыл басталады.
Ирина, Майқұдықтың тұрғыны:
– Майқұдықта салынып жатқан жаңа жол үшін әкімге үлкен рахмет айтқым келеді. Дегенмен, әлі күнге кейбір қолайсыздық бар. Мен «Колос», «Мәдениет үйі» аялдамаларына жүгінемін. Осы арада бізде жаяу жүргіншілердің өту белгісі жоқ. Оларды жол жөндеу барысында алып, қайта қайтармады. Оның орнына жылдамдықты шектеу белгілері тұр. Белгілер орнатыла ма?
Жеңіс Қасымбек:
– Майқұдық тұрғындарын азкем шыдамдылық танытуға шақырамын. Жоба өткен жылы басталды.
Жоба – ауқымды. Мұндай күрделі жөндеуді бұл жол бұрын-соңды көрмеген. Өздеріңізге мәлім, Сто зауытына қарай, К.Маркс, Магнитогорск бойында реконструкция жүргізуге мәжбүр болдық. Жер қазу жұмыстарының тереңдігі 2,8 метрді құрады. Жер асты сулары шығып, топырақта өзгешеліктер орын алғандықтан жобалау құжаттарын өзгертуге тура келді. Енді шамалы шыдамдылық танытсаңыздар, қаланың ең бір үздік көшелерінің біріне айналады. Төрт көлік сыятын, 6 жолақты жолда барлық жаяу жүргінші жолдары қалпына келтіріледі. Жаңа бағдаршам, жаңа аялдамалар, түгелі жаңадан тұрғызылады. Сәл-пәл төзімділік көрсетсеңіздер, жоба осы жылы толықтай мәреге жетеді. Және қыс кезінде туындаған қиындықтар үшін кешірім өтінеміз.
Динара Кәрібаева, Ақтоғай ауданы, Шашубай кенті:
– Кентіміздегі 4 көпқабатты үй қаңырап, кент көркін бұзып тұр. Осы үйлерге жөндеу жұмыстары қашан жүргізіледі?
Жеңіс Қасымбек :
– Шашубай кентінде мұндай 4 үй бар. Бір үй тексеруден өтті. Биыл оған қаражат бөлдік. Жөндеу жұмыстары басталып, жыл соңына дейін үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Қалған үш үй хақында өткен аптада аудан әкіміне тапсырма бергенмін. Аудан әкімдігі тексеру жұмыстарын жүргізеді. Егер, тексеріс нәтижесінде үйлер жөндеуге жараса, онда қосымша қаражат бөлеміз. Жөндеуге лайық танылмаса, бұзылады. Ал, төрт үйдің бірі толық биыл жөнделеді деп уәде беремін.
Серік Жекеев, Қарқаралы ауданы:
– Қарқаралыда көтеретін екі маңызды мәселе бар. Біріншісі – Қарақаралы басындағы судың тапшылығы. Қарқаралы қаласының басындағы халық, әсіресе, жаз айларында су тапшылығын сезінуде. Бұл мәселені кейінгі 20-30 жылдың ішінде сіздің алдыңыздағы басшыларға да мәлімдеген едік. Бірақ, бүгінге дейін шешімін таппады. Сондықтан да, көңіл бөліп, көмек жасасаңыз. Екінші мәселе – өзіңіз айтқан туризм туралы. Қарқаралының табиғаты халықты тартатыны даусыз. Қала аумағында дайын тұрған қаншама демалыс орындары бар. Кейіннен ашылғаны да жетерлік. Бір ғана кедергі. Ол – Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы күре жол. Бұл жол қашан жөндеуден өтеді?
Жеңіс Қасымбек:
– Рахмет, аға. Екі мәселе де маңызды. Су мәселесін былтыр өздеріңізбен кездескенде айтқан едіңіздер. Уәде бергенбіз. Қазіргі таңда аудан әкімшілігі жобалау құжаттарын әзірледі. Ол сараптауда, бір-екі ай мұғдарында шығады. Содан соң облыстық бюджетті нақтылауда оған қаражатты міндетті түрде бөлеміз. Әйткенмен, жобаның құны 2 млрд. теңгеден асады. Сондықтан да, ол бір жылдың жұмысы емес. Биыл бастап, бәрі дұрыс болса, келесі жылдың соңына дейін бітіреміз. Ең бастысы – құжаттары дайын, сараптаманы күтеміз. Бұл жобаны толық қолдаймыз.
Енді жолға келейік. Біз өткен жылдарға қарағанда жол жөндеуге қаражат көлемін екі жарым есе көбейттік. Өздеріңізге белгілі, Қарқаралыдан Қарағайлыға баратын жолды жөндеу былтыр аяқталды. Сіз айтқан Қарағанды-Қарқаралы жолы республикалық болғандықтан біздің бюджетке қарамайды. Оны тек қана Үкімет пен министрлік шешеді. Ондай өтінімді жолдадық. Бірақ, бізге республикадан келіп түсетін қаражат үлкен жолдарға бағытталады. Биыл Балқаш-Қарағанды, Балқаш-Буырылбайтал жолдары. Келесі жылы Жезқазған-Қызылорда, Қарағанды-Қарқаралы. Биыл орташа күрделі жөндеуге қаражат бөледі. Қанша екенін нақты айта алмаймыз. Министрлікпен жұмысты жалғастырамыз. Жол – біз үшін он өзекті мәселенің қатарында.
Адель Әбілдинова, Балқаш қаласы:
– Жастар атынан сауал қойғым келеді. Туризм туралы жиі айтылады. Балқашты – Арқаның меруертіне балайды және туристер үшін тартымды деседі. Жолдың мәселесі шешілмесе, ол қалай тартымды болмақ?
Жеңіс Қасымбек:
– Кеше ғана Үкіметте сағат 17.00-де Балқашта туризмді дамыту туралы мәселе қозғалды. Мен өз сөзімде Нұр-Сұлтан қаласынан Балқашқа дейінгі 1 санаттағы тас жол биыл аяқталатынын айттым. Қаржыландыру көлемді. Жоба 100 млрд.теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұған қоса, министрліктің айтуынша, Балқаштан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолдың да құрылысы аяқталмақ. Мұның барлығы бірінші сыныптағы автобандар. Сонымен қатар, Балқаш қаласында ұшып-қону жолағы жаңғыртылды. «Қазақмыстың» көмегімен биыл перрон мен әуевокзалға жөндеу жұмыстарының құжаттарын дайындатуда. Жоба сараптамадан шыққаннан соң Балқаш қаласының балансына беріліп, біз тиісті қаражатты бөле аламыз. Әуежай құрылысын аяқтау жобасының құны – 3 млрд. теңге шамасында. Яғни, бізде сонда бас инфрақұрылым болады: әуежай және екі республикалық жол. Қазір Шұбартүбек-Тораңғылыққа қарай жолдың құрылысына қаржы бөлінді. Бұл екі кент Ақтоғай ауданы құрамынан Балқашқа туризмді дамыту үшін беріледі. Бұған қоса, жағажай және жағалау аймақтарын абаттандыруға қаржы бөліну көзделуде. Үкімет Балқашқа республикалық және облыстық бюджеттен 30 млрд. теңге көлемінде инвестиция құюды жоспарлайды.
Балдырған Болатқызы, Қаражал:
– Қаражал қаласында бұзылған үйлер бар. Бұлар қаланың келбетіне кері әсер етеді. Оларды әрі қарай бұзып тастау, немесе қалпына келтіру жұмыстары жалғаса ма?
Жеңіс Қасымбек:
– Өткен аптада Қаражал және Жәйремде жұмыс сапарымен бардым. Иә, қалада ондай үйлер бар. Соның ішінде, 2 үй толық биыл жөнделіп, пайдалануға беріледі. Қаражал мен Жәйремде үй кезегіндегі тұрғандар саны – 400.
Жәйремде мұндай үйлер оншақты. Олардың барлығы сараптамадан өткізілуде. Қаражалда биыл тапрысылатын екі үйде 200 пәтер. Тағы бір үйді жөндеуді бастаймыз. Қосымша 50-100 пәтерді жөндейміз. Қалған үйлер бұзылады. Жәйремде де сондай жағдай.
Тілеуқор Уахитова, Жаңаарқа ауданы:
– Біздің ауданда энергия беруші «Сакен и компания» ұйымы көп жылдан бері жұмысын толық атқармайды. Соның салдарынан ауданда жарық жиі өшеді. Жұмыскерлерінің жалақысын дұрыс төлемейді. Осыған байланысты қандай шаралар қарастырылуда?
Жеңіс Қасымбек:
– «Сакен и компания» ұйымына қатысты мәселелер де көп. Халық – наразы. Бірнеше жыл бойы жинақталған 34 млн. теңгеден астам қарызы бар. Бұл жөнінде біз жұмыскерлермен байланыс орнатқанбыз. Компанияның ісін әкімдік сот арқылы қарастыруда. Екі іс бар. Бірі – банкроттық. Екіншісі – компания активтерін әкімдікке беру. Сот әлі жүріп жатыр. Бірақ бұл биыл шешіледі, қарыз толығымен төленеді.
• • •
Бұл – аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекке жолданған сұрақтың бір парасы ғана. Жалпы, онлайн есеп беру барысында ауызша-жазбаша түрде 1000-ға жуық сұрақ келіп түскен. Әкім әр тұрғынның сауалы жетімдік көрмейтінін жеткізді…
Әлібек ӘБДІРАШ, Қызғалдақ АЙТЖАН.
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ, Р.ҚАЛИЕВ.