Жаңалықтар

Гендерлік теңдік: отбасы құндылығын көздейді

        Заманауи қоғамға бет бұрған сайын отбасының құндылығы азайып, оның орнын «толық емес отбасы» тіркесінің ығыстырып келе жатқаны жасырын емес. Сонымен қатар, Қазақстандағы әр бесінші бала осындай отбасында тәрбиеленсе, сол балаға төленетін алиментті алмайтындар қаншама…

Бұл туралы Қарағанды облысындағы гендерлік саясатты жүзеге асыру тақырыбындағы Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімдігі Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қорлан Бекімованың айтуынша, кейінгі уақытта жастар арасында некені азаматтардың хал актілерін тіркеу органдарында емес, діни мекемелерде қию сәнге айналған. Бұл ретте, әйел адамның заманауи қоғамдағы жағдайына, оның әлеуметтік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуына қарама-қайшы келетін өрескел отбасылық құндылықтар қалыптасуда.

Отбасының бар ауыртпалығы өзіне түскен жалғыз басты ана өзінің әуел бастан қалыптасқан басты міндеті – отбасы жылулығын сақтап, бала тәрбиесімен айналысудан бөлек, оны асырау міндетін де өзіне алады. Яғни, ерлермен қатар, кез келген еңбек саласына араласу – қажеттіліктен туындаған. Ал, Қазақстан бойынша әйелдердің үлес салмағы 51%-дан асатынын ескерсек, бұл қоғамдағы әйел ролінің ерлерден кем түспейтіндігінің көрсеткіші, – дейді Қорлан Бекімова.

2016 жылдың желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы ең алдымен қазақстандық отбасын нығайтуға, гендерлік тепе-теңдік пен адами капиталды дамытуға бағытталған. Соған қарамастан, әрбір үшінші некенің бұзылуы, некесіз дүниеге келген балалар санының артуы белең алуда. Тіпті, құқықтық мемлекетте ұлттық дәстүрді жаңғырту емес, қылмыс саналатын зорлықпен қыз алып қашу жағдайлары да байқалады. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулық мәселесі де өзекті. Шамамен 6%-ы сәби сүю бақытынан айырылған. Ал, бұған екеуі де жауапты.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының іскер әйелдер қауымдастығы, Саяси көшбасшылық мектебі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі жүргізіп отырған жұмыстар өңірдегі гендерлік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамдағы еңбектің кез келген саласына араласып жүрген әйелдер қауымы үшін, әсіресе, қала орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі өз кәсібін ашуға ниет еткендер үшін қауымдастықтың да атқарып отырған еңбегі орасан. Жергілікті жерлерге барып, кеңес беру, бастаған іске қол ұшын созу арқылы шағын кәсіпкерлікті бастаған қыз-келіншектер қаншама.

Осы орайда гендерлік тепе-теңдік дегенді дұрыс түсіну керек. Яғни, бұл жерде қоғамдағы ерлердің орнын төмендетіп аламыз деген қорқыныш емес, керісінше, әйел адамның да қоғамдағы рөлін арттыру – басты міндет.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button