Жаңалықтар

Газет – омiр айнасы

Әлихан Бөкейхан айтқан төрт қағида бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы». Газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерді, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білмес едік. Қазір интернет дамыған заман болса да, газет оқу өте пайдалы. Әсіресе өз ана тілімізде, өз облысымызда шығатын «Орталық Қазақстан» газетін неге жазылып, оқымасқа.
«Орталық Қазақстан» газетіндегі «Балбөбек» айдарын мен 1-ші сыныптан бастап өз мұғалімім әріптерді үйреткеннен кейін әжемнің үйіне барғанда оқып тұрамын. Сол үшін  Торғай апайыма мың алғыс айтамын.
«Орталық Қазақстан» газетіне биыл 85 жыл толады. Осыншама көп жыл бойы қызмет атқарып келе жатқанына қарағанда, облысымыздан шығатын бұл газеттің мәртебесі жоғары деп санаймын. 1963 жылдан бастап «Орталық Қазақстан» деген атқа ие болып, 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2007 жылы Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапатталуы үлкен жетістік. Бұл жетістік әрине бұл ұжымда әр жылдарда еңбек еткен редакторлар мен тілшілер еңбегі деп білемін. Халықпен қол ұстасып, осындай марапаттауларға ие болды. Кітапханашыдан осы газет туралы сұрағанымда, газеттің негізін қалаған атақты ақын-жазушылар Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин екенін білдім. Сол уақытта жазушы Сабит Мұқанов пен Бейімбет Майлиндер Қарағанды қаласына келіп, газетке шахтерлер туралы шығармалар жазыпты. Бұның өзі үлкен жетістік қой.  Өкінішке орай, мен барлық редакторлар мен тілшілердің аты-жөндерін білмеймін. Тек қазіргі уақытта жұмыс атқарып жүрген тілшілер туралы газет бетінен оқып білдім. Қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген тілшілер де мықты  деген ойдамын. Олар да газеттің атағын көтеріп, халықтың  алғысына ие болары сөзсіз.
Шындығында, газет те адам секілді. Дүниеге кeлeді, өсeді, eр жeтеді. Бірaқ қaртаймaйды. Себебі, oл тaбиғат зaңына сай ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғасып, жaңарып, жaсарып отырaды.  Біздің «Орталық Қазақстан» да солай.  Өйткені, бұл газет  алғашқыда «Қарағанды пролетариаты», одан кейін «Советтік Қарағанды» деп аталғанын әкем айтқан. Бұл атаулардың өзгеруі заманның өзгеруіне байланысты, бірақ біздің тәуелсіз елімізде қазақ тілінде шығатын осындай газеттер көп болса, тіл мәртебесі жоғарылайды деген ойдамын. Менің анам орыс ұлтынан болса да мен қазақ сыныбында оқып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынымды мақтан етемін.
Газет те  адам сияқты қолдауды, қолпаштауды күтеді. Газеттер жойылмай, үнемі сұранысқа ие болып, оны халық үзбей жылда жазылып отырса, ол жойылмай, әрі қарай халық үшін қызмет етіп, адам өміріне бір қажетін табады.
Бүгiнгi таңда тілімізді сақтап қалудың бірден бір жолы ана тiлімiзде шығатын газет-журнaлдaрдың бұқаралық беделін көтеру, кеңінен насихаттау, сонымен қатар, әр қазақ отбасына жаздырып алу. Біздің ауылымыздың тұрғындарының 60%-ы бұл газетке жазылып тұрады екен. Бұл әрине көп емес, бірақ  болашақта одан да көп оқырман болар деп үміттенейік.
Газет дүниеге келген сәттен бастап cексен бес  жыл бойы елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді. «Орталық Қазақстан» газетінің мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Газетіміз мәртебесін жоғалтпай, табыстан табысқа жетсін. Жыл сайын жағымды жаңалықтарымен халықтың көңілінен шыға берсін. Газеттің ұжымына шығармашылық табыс, жетістік пен көп оқырман тілер едім.

 

Дильназ ҚҰСАЙЫНОВА,
Абдолла Асылбеков атындағы мектептің 5 сынып оқушысы.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button