Газдандыру халыққа – қолайлы, кәсіпкерге – пайдалы
Көгілдір отынның келуін тағатсыздана күткен Қарағанды жұрты үшін қуанышты хабардың ауылы алыс емес. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың басшылығымен өткен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия отырысында өзге мәселелермен қатар газдандыру бойынша атқарылған шаралар да жан-жақты талқыланды.
Газдың келуі тұрғындарды пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Жиынға қатысқан кәсіпкерлердің айтар уәждері осындай. Неге десеңіз, сонау Қызылордадан облысымызға газ магистралін тартып келе жатқан «Катек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Құндыз Нуповтың айтуынша, аталмыш жұмыста пайдаланылатын құрылыс заттарының басым бөлігі қазақстандық мазмұнда, оның ішінде Қарағандылық өнімнің үлесі басым.
– Газдандыруға орай, кәсіпкерлер де өндіріс орындарында қосымша жұмыс орындарын құрып, пайда табуды ойластыруы керек. Ал, қосымша салық бюджетке түсетіні мәлім. Өңірімізде машина құрастырумен айналысатын кәсіпорындар бар. Тіпті, құбыр төсеуде қажет болатын ілмекті арматураны да өзімізде шығару мәселесін қарастыру керек. Мәселен, газ есептеуіштерін шыға- ратын кореялық және өзбекстандық компаниялар өнімдерін осы жерде құрастыруға дайын. Бұл сапалы әрі арзан өнім шығарудың бірден-бір мүмкіндігі дейді, – облыстық кәсіп- керлер қауымдастығының прези- денті Николай Абт. Ол, тіпті, газдандыру жұмысын жылдамдату және шығынды азайту мақсатында «неге кәсіпкерлердің қаржысын пайдаланбасқа?» деген ұсынысын да жеткізді. Бірнеше кәсіпорын кооперацияға бірігіп, құбырды өздеріне дейін төсер болса, әрі қарай тұрғындарға да бұру оңайырақ болар еді дейді. Бұлардың барлығы құбыр тарту кезінде бюджет тарапынан бөлінетін шығынды азайтудың бірден-бір мүмкіндігі. Демек, тариф те төмендейді. Газ құны тиімді болса, кәсіпкерлер бірігіп, құбыр тартып алуға мүдделі екен.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларын газдандыру жұмыстары басталып та кеткен. Алғашқылардың бірі болып Михайловка ауданындағы жеке сектор газдандырылады. Яғни, 13 көше немесе 1865 үй. Теміртау қаласында Степная көшесі қосылмақ. Оған 406 үй кіреді. Ал, Жезқазған бойынша Пристанционның кентіндегі 403 үйде көгілдір отын жанбақ. Сондай-ақ, үш автоматты газ бөлу станциясын салу да жоспарда.
Сонымен, 120 елді мекенді қамтитын газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Қолданылатын құ- бырлар жеткізіліп, шамамен отыз шақырымы дәнекерленіпті. Магистраль тарту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін. «Катек» ЖШС директоры Құндыз Нупов магистральдан бөлек үш қалада барлығы 1,5 мың шақырым қалаішілік құбыр тартылатынын айтады. Алдағы 4-5 жылда атқарылатын жұмыстарға жүз миллиард теңге жұмсалады.
Газ қаладағы көп қабатты үйлерге газ полиэтилен құбырлары арқылы жер астымен жеткізіледі де, әр үйдің жанына қысым реттейтін шкаф, есептеуіш құралы орнатылады. Талдықорған қаласының тәжірибесі бойынша бір үйге құбыр тарту шамамен 100 000 теңге көлемінде. Газ қазандығының құны шамамен 250 мың теңге. Үйдің көлеміне қарай, баға ауытқып отыруы да мүмкін. Газ құбырын үйге кіргізіп, монтаждау – 40 мың теңге, газ плитасы шамамен 45 мың теңге. Сонда, қажетті қаржы жалпы есеп те – шамамен 500 мың теңге көлемінде.
Құндыз Шахұлының айтуынша, облыс ауа райының ерекшелігіне байланысты газ қысымын ретте- гіштер қойылады. Ал, газдың жобалық құны бойынша 1000 текше метр газ – 50 000 теңге шамасында. Магистральдық құбырдың құнын шығару мақсатында бастапқыда газ құны жоғары болғанымен, жыл өткен сайын біртіндеп төмендей бермек.
– Бастапқыда газ есептеуіштерінің қарапайым түрін таңдаған оңтайлы. Себебі, әр түрлі функция- лары, мысалы, қанша газ тұтынғанын өздігінен жіберіп тұратын заманауи есептеуіштер бағасы – қымбат, – дейді Құндыз Шахұлы.
«Сантехпром» ЖШС директоры Владимир Крюков газ қазандықтарын да, газ плиталарын да шығаруға әлеуетті екенін айтады. Өңір кәсіпорындарының идеяларын жүзеге асыратын маман да бар, газ бағытындағы мәселелерді шешуге қаржы салуға дайынбыз дейді кәсіпкер.
Ал, «Аспап» фирмасының төрағасы Төлеген Әшімов болса, жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану кәсіпкерлерге де біршама табыс әкелетінін айтады.
Сонымен, газдың келуіне кәсіпкерлер мүдделі екендіктерін айтты. Тіпті, бюджеттен бөлінетін қаражатпен қоса құбыр тартудың біраз шығынын көтеруге де әзір. Әрине, бастапқы кезде әр үйге газ кіргізу біраз қаражатты қажет еткенімен, уақыт өте келе бейнеттен арылтып, экономикалық жағдаймен қатар, экологиялық ахуалға да жағымды ықпалы болатынына болжам жасалуда.
Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Өңірімізге бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Осы орайда құбыр тартудың қыр-сырын меңгерген «Катек» ЖШС директоры Құндыз Нупов аудан әкімдеріне де құлаққағыс ретінде ой айтты. Мәселен, басқа облыстарда әр аудан өз қаражаты есебінен, болмаса, жақын орналасқан аудандар бірігіп, газ құбырын тарттырған тәжірибелер болған екен. Үйдің іргесінен өткен газды қашан бұрып береді деп күтіп, бюджетке алақан жайып, сыбағадан құр қалу кімге болса да жараса қоймас, ал, Қ.Наумовтың ұсынысы осы орайда орынды тәрізді.
Салтанат ІЛИЯШ.