Газдандыру қарқынды жүріп жатыр
Қарағандыны толық газбен қамту жүйесі – төрт кезек, 16 іске қосу кешенін қамтиды. Атап айтсақ, бірінші кезеңде қала басы қосылса, екінші кезеңде Ә.Бөкейхан ауданына қарасты ЖБИ-ге тартылады. Бұл қатарда қаланың Пришахтинск бөлігі мен «Шахтерский» кенті де бар. Үшінші кезеңінде көгілдір отын Майқұдыққа кірсе, оның іргесіндегі Сұрыптау станциясы соңғы кезегін күтіп тұр. Бұл туралы сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
2 439 үйге көгілдір отын жетті
Газбен қамту жүйесінің алғашқы үш кешені 2021-2023 жылдары толық аяқталды. Биыл 4-6 кешендегі жұмыстарды аяқтау жоспары тұр. Кешендердегі құрылыс жұмысын «МБК Құрылыс» құрылыс компаниясы атқаруда.
– Қазіргі уақытта 5-ші және 6-шы кешенде жұмыстар қызу жүргізілуде. Жаздан қалмай 4-ші кешенді бастаймыз. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазан айына дейін 5-ші кешендегі жұмыстарды толық аяқтаймыз. 4-ші және 6-шы кешеннің жұмыстары келісімшарт бойынша келесі жылға созылды, – деді Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Бүгінде Самал, Штурманская, Құрманғазы, Батумский, Бензинная, Рейдовая және Б.Момышұлы көшелерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бригада құрамы жаңартылған. Қажеттінің бәрі бар. Қазан айына дейін жұмыстарды толық аяқтап, кешен қарашада пайдалануға берілмек.
– Бесінші кешен – «Global City» сауда орталығынан «Панель-центр» шағын ауданы, «VzЛетка» бизнес-орталығына өтеміз. Осылардың ішіндегі ең үлкені – Ғарышкерлер, Орская, Бензинная көшелері. Олай дейтініміз, бұл көшелер Бұқар жырау даңғылымен шектеседі, – деді «МБК Құрылыс» құрылыс компаниясының өкілі Абай Алкеев.
Көгілдір отынды есік алдына дейін әкеліп беретін – осы екі аталған ұйым. Ал, акт толтырып, құжаттарыңызды ретке келтіретін – «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы. Ескіше айтқанда – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ. 16 мамырда ребрендинг өтіп, компания атауы өзгерген.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, Қарағанды қаласында 7 018 тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие. Қазіргі уақытта 2 439 тұрғын қосылған. Бұл көрсеткіш, былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен.
– 2022 жылғы сараптамаға көз жүгіртсек, 500 үй газға қосылған. 2023 жылы бұл көрсеткі 1 500 үйге жетті. Биыл қаңтар айынан бері есептегенде 500 үйге көгілдір отын жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де өседі. Айта кететін жағдай, кез-келген тұрын үйіне газ тартуы үшін техниқалық шарт алуы міндетті. Ал, ол құжатты жеңілдету мақсатында біздің филиал үш бағытта жұмыс жасайды. Яғни, кез-келген тұрғын үйінде отырып, «eGov» порталы арқылы, немесе, филиал сайтына кіріп өтініш қалдыра алады. Тіпті болмаса, кеңсеге келіп, мамандардың көмегіне жүгінуге болады, – деді филиал директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.
Алаяқтарға алданып қалмаңыз
Бүгінде өзгенің атын жамылып, «үйіңе газ тартып беремін» деген алаяқтар да жоқ емес. Қолына қалың қағазын алып, тұрғындардың қалтасын қағып жүр. «КарГорГаз» ЖШС директоры Саламат Айрамбаев қала тұрғындарына қалта қағатындарға алданбай, арнайы мамандардың көмегіне жүгіну керектігін баса айтты.
– Біздің компанияның атын жамылып, елдің қалтасын қағып жүргендер көп. Бірақ, сіздер алданып қалмаңыздар. Келген мамандардың міндетті түрде арнайы рұқсат берілген құжаттарын тексеру шарт. Қол білетіндерге емес, арнайы мамандарға жүгінген абзал. Себебі, газ – қауіпті. Сондықтан, оны орнатудың өзіндік шарттары бар. Жылыту маусымы келгенде бізге күніне 100-ден астам қоңырау түседі. Кейбірі газ қазандықтарын қарап беруін өтсінсе, енді бірі жөндеп беруді сұрайды. Естеріңізде болсын, газ қазандығын алғанда тауардың кепілдігі, немесе қосымша бөлшектері болуы шарт, – деді Саламат Сәбитұлы.
Сонымен қатар, компания директоры тұрғындар тарапынан орын алатын кемшіліктерге де тоқталды.
– Бізде әлі газ тартылмай жатқан көшелер бар. Осы сәтте қандай да бір компания өкілдері үй-үйді аралап, қызметін ұсынып жүр. Олар тұрғындарға алдағы уақытта көшеге газдың келетінін айтып, жұмыстың 80%-ын бітіріп кету қажеттігін айтады. Кейін көшеге кезегімен газ жеткенде әлігілердің орнатқан құрылғылары жарамсыз болып қалады. Ал, әлгі компания өкілдері одан кейін таптырмайды. Тіпті, көшеге газ келгенде нарықта да болмауы мүмкін. Сондықтан, үйге газ кіргізудің қамын көшеге газ келген уақытта ғана ойлаған жөн. Қазір бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Құжаттарыңыз түгел ме?
Сонымен қатар, «үй құжаты қазіргі үйдің жағдайымен сәйкес болмауы да мүмкін» дейді мамандар.
– Кім болса да, қандай мекеме болса да, әуелі құжатты ретке келтіру қажет. Өткен жолы монтаждау жұмыстары барысында біз де осы мәселемен бетпе-бет келдік. Қарағандыдағы ескі үйлерде бос аула жоқ. Болғанның өзінде ол жерде су құбыры, кәріз жүйесі, жарық немесе басқа да дүниелер жатады. Ал, біз ол жерден газ тарта алмаймыз. Сондықтан, біз үй қожайындарымен келісіп, газды жердің бетімен өткіземіз. Бірақ, кейбір тұғындар қарсылық танытады. Ия, түсінемін. Жер бетінде артық дүниенің көзге көрініп тұрғаны кімге жақсы дейсіз? Бірақ, біздің жағдайды да түсінсеңіздер. Осындай түсінбеушіліктердің салдарынан уақыттан ұтыламыз, – деді Мұрат Тілеубекұлы
Одан бөлек, жеке сектор тұрғындары үшін несие берілетінін айтты. Биылғы берілетін сома мөлшерінің орташа көлемі 600-700 мың.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz