Гамаль Тоқсамбаев: “Covid-19 жұқтырған ауыр халдегі науқастар көбейді”
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев Сovid-19 жұқтырған ауыр науқастардың көбею себебін атады.
– Өкінішке орай, соңғы уақытта бізде ауыр науқастардың жұқпалы аурулар ауруханаларына түсуі жиілеп кетті. Ықтимал байланыстарды талдау кезінде науқастар Бурабай, Баянауыл, Балқаш сияқты жерлерден демалыстан оралғанын немесе түрлі мерекелерге барғанын көрсетеді. Сондай-ақ әлсіздік сезініп, ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбейді. Ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі, әлсіздік, айқын интоксикация өршіген күйде жатады, – деді Гамаль Тоқсамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте.
Спикердің ақпараты бойынша, облыста қазір инфекциялық төсектердің 52,7%-ы бос емес. Стационарларда коронавируспен ауыратын 3 мыңға жуық науқас емделуде. Жан сақтау бөлімшелерінде 163 ауыр науқас бар, олардың 45-і ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Қарағандыда медициналық көмек көрсету үшін 380 төсек орны ашылды. Қала бойынша жалпы қуаттылық 2 971 төсек-орынға дейін ұлғайтылды, оның 58%-ы қазір жұмыс істейді.
Басқарма басшысы шақыруларға қызмет көрсету үшін жедел медициналық жәрдем бригадаларының санын қосқанын атап өтті.
– Қазір жедел медициналық көмекті 105 бригада көрсетуде. Аурушаңдық өскен жағдайда тағы 20 бригаданы желіге шығара аламыз, – деп нақтылады Гамаль Тоқсамбаев.
Ол қарағандылықтарды вирустық инфекцияның алғашқы белгілері кезінде медициналық көмекке жүгінуге және өзін-өзі емдемеумен айналыспауға шақырды. Ведомство басшысы коронавируспен күресудің негізгі әдісі – вакцинация екенін тағы да еске салды.
Қарағанды облысында пандемия басталғаннан бері 70 мыңға жуық КВИ ауруы тіркелді, оның 79%-ы қалпына келді. Эпиджағдай күрделі болып қалп отыр – әр тәулікте аурудың мыңға дейін және одан да көп жаңа жағдайлары анықталады.