АймақБалқаш

Галотерапия кабинеті ашылды

Республика күні орайластырылып, Қоңырат шағын ауданында физиотерапия және галотерапия кабинеті қолданысқа берілді. Алдағы уақытта тұзды ем кабинеті, тұрғындарға табиғи емдік қызметтер көрсететін болады. Тұзды бөлменің жалпы аумағы – 12 шаршы метр, сыйымдылығы – 3 адамды құрайды. Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен және әуенмен жабдықталған. Аталмыш бөлмені жабдықтауға Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасы 3 миллион 400 мың теңге қаржы бөлген.

Сурет автордан

– Арнайы аппараттан тазартылған, өңделген тұз ауаға тарайды. Емдік тұз арнайы орындардан алынады. Ересек адам 40 минут, балалар 20 минут ем алу арқылы тұзды ағзасына сіңіреді. Бұл ем қатарынан 10 күн алынуы керек. Барлық гигиеналық талаптар сақталған. Иммунитетті көтеру үшін міндетті түрде 10 күн ем алады. Ал, егер аурудың асқынған түрі болса, онда курс мерзімі 15-20 күнге дейін созылуы мүмкін, – дейді отбасылық дәрігер Хуршида Кочкарова.

Табиғи емдік қызметтер көрсетілетін кабинет экологиялық аймақта орналасқан қала жұртшылығы үшін пайдасы зор. Әсіресе, түрлі ауруларға шалдығып, антибиотиктерді қабылдап, иммунитеті әлсіреген жандарға көмегі көп. Ешқандай дәрі-дәрмексіз табиғи ем-домды осы жерден алуға болады. Сонымен қатар, балқаштықтар үшін бұл ем түрі тегін жүргізіледі. Бұл туралы Балқаш қаласының көпсалалы аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков жеткізді.

– Медицина тілінде айтсақ, тұз шахтасының, яғни, галотерапияның ең пайдалы тұсы – ол тыныс алу жүйесін тазартады. Тұз шахтасына кірген адамның жасушалары пайдалы иондармен қанығады, өкпесінің жұмысы реттеліп, тыныс алу жолдарының микрофлорасы шаң мен зиянды бактериялардан тазарады. Тұз шахтасының гайморит, фарингит, бронхит секілді аурулармен күресте пайдасы зор. Галотерапия жиі суық тиіп, ауыратын балалар мен ересектердің иммунитетін күшейтетіні дәлелденген. Галотерапияның тағы бір пайдалы қасиеті – ол жүйке жүйесін тыныштандырып, күйзелістен арылуға көмектеседі. Бұл – Балқаш қаласында ашылып отырған төртінші галотерапия кабинеті. Қоңырат шағын ауданы қала орталығынан алыс орналасқаннан кейін осы аумақтан ашуды жөн санадық, – дейді Серікбол Түсіпбеков.

Алғашқылардың бірі болып, ем қабылдауға келген қала тұрғыны Шолпан Асқарова облыстық денсаулық басқармасына және Балқаш көпсалалы аурухана ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, денсаулық сақтау саласының мамандары болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытқысы келетінін айтты. Мақсат – қала тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ жергілікті жерден ем алуға мүмкіндік жасау.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button