Гүлсім Оразалықызы: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін»
Қазақтың қарымды қаламгер қыздарының бірі – Гүлсім Оразалықызы. Ол қазақ тілі мәселесін алғаш көтергендердің бірі.
Гүлсім Оразалықызының қаламынан туған «Нұртас Оңдасынов», «Табын Оржанов», «Шахмардан Есенов» атты ғұмырнамалық-деректі хикаяттары өскелең ұрпақты ұлттың болашағын ойлауға және оған қамқор болуға шақырады.
Қай кезде де өзінің өткір ойымен ерекшеленетін Гүлсім апаймен тілдесіп, өзі терең зерттеп келе жатқан Оңдасынов әлеміне ендік. Сонымен қатар, қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерге қатысты да ой-пікірін білдік.
– Гүлсім Оразалықызы, білуімізше, негізгі мамандығыңыз – филолог. Ал жүгі ауыр журналистикаға келуіңізге не себеп болды?
– Иә, мен қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірдім. Жолдамамен шалғайдағы Егіндібұлақ ауданына жіберді. Барғым келмеді. Себебі күйеуім – студент, балам бар. Осыны сезген жездеміз Ебіней Бөкетов: «Батыр-ай, жұмысқа қайда барғың келеді?» деді. Мен мұғалімдік қолымнан келмейтінін, телевизия, әлде, газетте істегім келетінін айтып едім, бірден ол кісі: «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Рамазан Сағымбековке айтайын, өзі бір білікті редактор… газет жақсы ғой, жазғаның тасқа басылып қалады…» деді. Өмірімде бір мақала жазып көрмеген мен абырой-беделі «Социалистік Қазақстаннан» (қазіргі «Егемен Қазақстаннан») бір де бір кем түспейтін, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінен бір-ақ шықтым. Бүгінде журналистік жолға түсірген Ебіней Арыстанұлы жездемізге айтар алғысым шексіз. Ол кісінің жары Зүбайра Дүйсенқызы Қазақстан Үкіметін он үш жыл (1938-1951) басқарған аса білікті басшы Нұртас Оңдасыновтың қарындасы, біздің апамыз… Содан газетте әуелі хат тіркеуші, сосын Мәдениет, Білім бөлімдерінде тілші болып қызмет атқардым.
Әрине, алғашқы жылдары қатты қиналдым, журналистиканы тастап та кеткім келді, бірақ төздім, іздендім, үйрендім. Түсінгенім, журналистика тек үйренумен келмейді, бойыңда зәредей болса да жазуға деген қабілет болуы керек. Сол аздаған қабілет шығар деймін алға сүйрелеп келе жатқан, ол үшін жаратушыға рахмет! Білімсіз, еңбексіз қабілетіңіз де сізге «қарайласа» алмай қалады, шамам келгенше білім жинадым, еңбек етуден қашпадым, анам жарықтықтың бірде: «қызым-ай, түнімен жазу жаздың, көз майың таусылды-ау!» деп, аяғаны есімде.
Енді үйрену үшін де үйрететін ұстаз болуы керек қой. Журналистикадағы ұстазым орысша, қазақша бірдей жазатын, өте білімді, тура айтып, тік сөйлейтін Зарқын Тайшыбаев ағамыз. Ол кісі бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор, қазір Қызылжардағы М.Қозыбаев атындығы университеттен журналистика кафедрасын ашып өзі соның меңгерушісі. Орталық Қазақстан аймағында журналистика саласының өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан адам.
Қарағанды өңірі өнер тұнған аймақ. Естайдың әнін тамылжыта шырқайтын Құралай Шәймерденова, актерлардан Халық артистері: Жәмила Шашкина, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева… гастролдік сапармен келген: Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, дирижер Төлепберген Әбдірашев, атақты опера әншілеріміз: Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев… осындай өнерпаздардан сұхбат алу және қарағандылық ғалымдар, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбаев, техника ғылымдарының докторы Асылхан Данияров туралы жазған очерктерім журналистикада «тұрақтап» қалуыма ықпал еткен дүниелерім…
– Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы үш кітап шығардыңыз, бұл тақырыпқа қалай келіп жүрсіз?
–Шындығына келсем, әу баста Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қайраткерлігі туралы жазамын, зерттеймін деген мақсат болған жоқ. Ол кісінің өзі түрткі болды, қайтыс боларынан бір ай бұрын қарындасы Зүбайраға «маған Гүлсімді алып кел» деп хабарласып, содан апамыз екеуміз Мәскеуге бардық. Қасында бір апта болып, біраз әңгімесін үнтаспаға жазып (бұл жазбалар «gulsimo.kz» сайтына жарияланған), бірнеше қорапқа салып дайындап қойған қолжазба-құжаттарын алып елге қайттым. Баспада жатып қалған «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерін» қадағалауымды сұрады, өз өмірінен енді бастаған жиырма беттік естелігінің қолжазбасын аманат етті, бай кітапханасын туған жеріндегі мектепке сыйға берді… міне, сол күннен бастап Нұртас Оңдасыновтай халқын сүйген, халқы оны сүйген басшы-қайраткердің аманатын арқалап, жауапты болып келемін…
– Оңдасыновтай қазақтың біртуар азаматы өмір бойы жиған-тергенін өзге емес, өзіңізге аманаттаған сәтте қандай күйде болдыңыз?
– Қуанған жоқпын, қобалжып қалдым. Менің елп ете түспегеніме ол кісі де біртүрлі болды, сосын: «Балам, сен мен үшін ешкімнің алдында ұялмайсың!» деді. Есімді жидым. Мына кісі мені күдіктеніп отыр деп қалды-ау деген ой жалт ете түсті де: «Ия, ата, бәрін қолға аламын, қадағалаймын» – дедім сасқалақтап. Қанша жерден аса ауыр, нәубет жылдарында қызмет істесе де мен Нұртас Оңдасыновтың осы сөзіне, оның қолының да, арының да тазалығына сенемін!
«МАҒАН ХАЛҚЫМНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕН АРТЫҚ СЫЙДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
– Гүлсім апай, осы тұста тарқатып айтып беріңізші, Оңдасыновтың биліктен кейінгі өмірі Мәскеуде өтті, неге Алматыға келіп тұрмады?
– Осы сұрақты қойса екен деп отыр едім. Ол кісі Мәскеу асып кеткеніне өмір бойы іштей өкініп өткен адам. Бірде өзі: «Менің бір қателігім – қызметтен босаған соң, Мәскеуге емес, Алматыға көшуім керек еді» – деді. Біз: «Неге көшпедіңіз Алматыға?» – дедік. Бізге қарап тұрып: «Е, балам, мені кім шақырыпты Алматыға» – деді. Шақыруға болушы еді, бірақ ешкім шақырмады. Ол кезде республиканың бірінші басшысы, өзінің шәкірті Дінмұхамед Қонаев болатын. Ол кісі, тегінде, жоғарғы, Мәскеу жақтың ауайына қарап шақыра алмады Алматыға. Содан қарызданып-қауғаланып, Мәскеуден копперативтен үй алып, көшті.
Мынадай да пікір бар, «Оңдасыновты Мәскеу әдейі шақыртып алды, қасымызда ұстайық деп» деген. Бұл шындыққа жанаспайды, олай шақырса қамқорлық жасап, үй әперер еді ғой. «Нұреке, келіңіз Алматыға, үйіңіз дайын» деп бір басшы айтпаған соң, көңілі қалып Мәскеуге қарай жылжып кетті. Тіптен, ол кісіні қызметтен түсірерде жөндеп алғыс айтып, Қазақстанның Орталық Комитетінен лауазымы биіктеу бір басшы келмеді де, турасын айтқанда, адам сияқты шығарып та салған жоқ. Қайта, айналайын Гуреьвтің халқы Оңдасынов қоштасу сөзін айтып болған соң трибунадан жібермей, он бес минут қол соғып тұрып алған ғой. Өйткені, ол халықтың нағыз қамқоршысы болды. Сол сәтті тебірене отырып: «Маған халқымның құрметінен артық сыйдың қажеті жоқ!» – деп, ойға алатын.
«Нұртас Оңдасынов неге Алматыға келіп тұрмады?!» деген өкініш менде де бар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Нұртас Оңдасыновтың «Арабша-парсыша- қазақша сөздіктерінің» тұсаукесері болды. Сонда сөз сөйлеген белгілі тарихшы Талас Омарбеков: «Мен Оңдасыновты біздің жастарымыздың, жалпы халықтың кеңінен білмеуін мынадан деп ойлаймын, ол кісі Гуреьвтен зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеу емес, Алматыға көшуі керек еді. Қазақта сөз бар «көзден кетсе – көңілден кетеді» деген, ол кісі республикадан ұзақта тұрды да байланыс аз болып, жазылуы, жариялануы аз болып қалды. Әйтпесе, Оңдасыновтың халыққа сіңірген еңбегі Қонаевтан әрі болмаса, бері емес еді, кейбір жерлерде артық та болатын» деді. Біз де осы пікірге қосыламыз, үнемі айтып та жүрміз.
– Нұртас Оңдасыновтай қайраткерден, ел басқарған басшыдан бүгін не үйренуіміз керек? Былай алып қарасаңыз, біздің «тоқырау» деп торығып жүргеніміз Оңдасынов басшы болған кезден ауыр емес қой, аштық жылдарынан кейін… соғыс… құлдыраған экономика… қиын кезде басшы болып, елді басқарған екен. Не үйренуге болады?
– Ой, айналайын, Гүлмира, Оңдасыновтан үйренеріміз көп, егер ондай мақсат қоя білсек… Ол Үкімет басына 1937 жылдан кейін, өзінің алдындағы Үкімет басқарған: М.Мырзағалиев, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, О.Исаевтарды «халық жауы» деп атып тастаған, турасын айтқанда, «қанды креслоға» келіп отырды. Оңдасыновты да жарты жылдай қыспаққа алып, кейін тоқтатқан. Осындай қауіпке қарамастан, ақырын-ақырын анық баса отырып, халықтың мәселелерін шеше берген. Соғыстың жүріп жатқанына қарамай жоғары оқу орындарын ашқан Ғылым Академиясын ұйымдастырған, консерватория, ЖенПИ, Шет тілдер иституты, облыстардан екі жылдық Мұғалімдер институты… толып жатыр.
Ең бастысы, Нұртас Оңдасынов бойында ұлтына, өз халқына деген аса бір құрмет, сүйіспеншілік болған. Қазақтың тілін, дәстүр-салтын дамытып отырған. Шерияздан Елеукенов ағамыздың айтқан сөзі ойыма оралады: «Соғыс жылдарында Нұртас Оңдасынов Кенді Алтайға келді, халықтың алдында сөз сөйлеп, ұлттық көкбар, бәйге, айтыс өнерін ұмытпаңыздар, жастарды жауынгерлікке, ойы ұшқыр болуға тәрбиелейді деді. Өзі шешен. Сол кезден бастап пір тұтып кеттім. Қазір ойлап қарасам батырлық қой. Мұндай ойы бар адамдарды отыз жетіде «халық жауы» деп атып жіберді емес пе?!».
Халықтың ақыл-кеңесіне құлақ түрген басшы. Барған жерінде «ал, халқым айтыңыздар, қандай мұқтаж-талаптарыңыз бар?» – деп, бірінші соларды тыңдап алады екен. Шешім-кесімін соған қарап шығаратын көрінеді.
Бірде бізге: «Балам, мен басым жастыққа тиерде халқымның жағдайын қалай жақсартсам екен деп жатып, тұрғанда да осы оймен тұратынмын» дегені бар еді. Оңдасыновпен бірге қызмет істеген, әріптес болған адамдар «халқым деп туған нағыз басшы еді!» дейтін.
Кабинетте көп отырмайды екен, екі көмекшісімен бірге, мөрін қалтасына салып, республиканы аралап, проблеманы істің басында шешіп жүре берген. Қонаев та «Өтті дәурен осылай» кітабында Оңдасыновтың осы қасиетін баса айтады. Біледі. Өйткені, бұл кісі Оңдасыновтың өнеркәсіпті басқаратын он жыл орынбасары болған, «мен Оңдасынов ұстаханасынан шықтым» деуі де сондықтан.
Өте талапшыл, берген тапсырмасын ұмытпаған, уақытында сұрап отырған. Ел аралаған кезінде екі адамды іздейді екен, бірі – өнерлі жастарды, екіншісі – әңгіме білетін қарттарды іздеген. Өнерлі жасты кездестірсе балаша қуанып, бірден көмекшілеріне тапсырма беріп оқытуға, білім алуына көмектеседі екен. Оған бір ғана мысал қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевты айтуға болады. Ал ауылдағы қазыналы қарттарды кездестірсе, жақсы әңгіме естісе блокнотына жазып алады екен. Мысалы, өзіне мәлімет жетісімен, соғыстың жүріп жатқанына қарамастан, маңғыстаулық жыршы Мұрын Сеңгірбайұлын ұшақпен алдыртып, қасына ақын Мәриям Хакімжанованы қосып Сыпыра жыраудың мұрасы «Қырымның қырық батырын» қағазға түсіріп, радиоға да жазғызады, қазір ол Алтын қорда сақтаулы.
Алматының әсем табиғатына қамқоршы болған, қаланың ортасында жүз жыл болған еменді кескізбей, қарауыл қойғызып алып қалған. Ал қазіргі Ботаника бақшасында өсіп тұрған пальмалар мен субтропикалық өсімдіктерді соғыс жылдарында сонау алыс аймақтардан алғызған. Ботаникалық баққа барсаңыз, бәрінің тарихы жазулы тұр.
Басшы боп барған жерінде жергілікті жердің кадрларын өсірген, тәрбиелеген. Оңдасынов мектебінен шыққан: Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Закаш Камалиденов, Сәкен Шақабаев, Сафи Өтебаев, Ғарай Сағымбаевтар өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары республиканы басқарған, Оңдасынов мектебінің «шәкірттері», бұны өздері айтып-жазып, мақтан етіп кетті.
Оңдасынов басқарған Үкімет ұжымында ұсақ-түйек деген болмаған, архив құжаттарына қарасаңыз, өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығына қаражат бөлу, жастарды Мәскеу, Лениградқа оқуға жіберу, дәрігер, мұғалімдердің жағдайын жақсарту, балаларға қамқорлық… айтып тауысу мүмкін емес, тіптен, құрт-құмырсқаның, тышқанның көбейуіне жол бермеу керектігіне дейін өз отырыстарында қараған, шараға шешім шығарған. Нағыз халықтық Үкімет болған.
Менің ойымша, мемлекет қызметкерлерін дайындайтын оқу орындарында «Оңдасынов тәлімі» деген сабақ өткізсек артық емес. Біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз, халықшыл, мемлекетшіл басшы дайындай аламыз. «Великая депрессиядан» (1929-1939) Америка халқын алып шыққан президент Рузвельт: «Мемлекетті бизнесмендер емес, халықшылдар, мемлекетшілдер басқаруы керек!» деп ұран тастаған. Өзі кәсіпкер, бай бола тұрса да халық мүддесін, жанын мемлекетшіл, халықшыл адамдар жақсы түсінеді, нәтиже болады деп пайымдаған. Сөйтіп, бай банкирлер мен бизнесмендерді мемлекет қызметінен ығыстырады. Күшті қарсылық көреді. Олар атақтары мен дәулеті жер қайыстырып тұрған Форд, Рокфеллер… дегендер еді. Табандылық танытады. Осы реформасы арқылы ол Американы «Зор дағдарыстан» алып шығады, адамзат тарихында «ұлы басшы» деген аты қалды. Міне, бізге «Оңдасынов тәлімі» халықшыл, мемлекетшіл басшыларды тәрбиелеу үшін қажет.
– Ол үшін не істеу керек?
– Бұған жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Ең әуелі мектепте оқылатын тарих пәні жөндеп жазылуы керек. Мысалы, бір қайраткердің суретін қояды да, ол пәленінші жылы туған, мынадай-мынадай қызмет істеген… пәлен жылы өлді деп, қысқа қайыра салды. Балаға әсер етпейтін құрғақ сандар әншейін. Мысалы, Оңдасынов туралы айтқанда, Хрущевтың Өзбекстанға үш ауданды неге бермейсің дегенін Оңдасынов: «Ол менің жерім емес, ол – халықтың жері, беру, бермеуді халық шешеді!» дегенін, әйтпесе, тағы да сол басшыға Солтүстік облыстардан Тыңды көтерейік дегеніне: «Көтерсек көтерейік, оған біз қарсы емеспіз, бірақ тыңды көтеру үшін аштық жылдары ел-асып, шет мемлекеттерге кетіп қалған қазақтарды шақырайық, сосын көтерейік» деп бетін қайтарып, тосқауыл көрсеткенін неге жазбасқа. Мұндай фактілер бала санасына әсер етеді, ертең ол мемлекет қызметіне араласқан кезде нағыз елін-жерін қорғай алатын, жаны ашитын басшы болып шығады.
Екіншіден, ақпарат беттерінде жазылуы керек, айтылуы керек, деректі, көркем фильмдер түсіріліп, жалпы халыққа көрсетілуі керек.
Үшіншіден, әрбір қаладан көшеге, мектептерге, яки, колледжге аты беріліп, ескерткіш орнатылуы керек.
Төртіншіден, өзі ашылуына бастамашы болған Алматыдағы мемлекеттік Қыздар педагогика университетіне, жабылып қалып, өзі Сталинге кіріп жүріп қайта аштырған Шымкент Технология университетіне Оңдасынов есімін берсе әбден ылайықты.
Тіптен, Атырау мен Маңғыстаудан өндіріліп жатқан мұнайдың бәрі дерлік Оңдасынов Қазақстан Үкіметін басқарып тұрғанда, сосын Гурьев облысына Бірінші хатшы кезінде табылған кен байлықтары. Бір кен орнына Оңдасынов есімін берсе артық емес.
Айтуға ұят, Атырауда ол кісінің атында он үйі бар көше бар, басқа түк те жоқ. Сол Атырауды саз батпаққа батып жатқан жерінен экономикасын да, мәдениетін де көтерген Оңдасынов еді. Қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы университеттің, Дина Нұрпейісова атындағы Ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалған, Астрахань облысында жермен-жексен болып, жойылудың аз-ақ алдында тұрған Құрманғазыға арнап үлкен кесене тұрғызған, оған Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев бастаған бір топ ақын-жазушыларды жіберіп, ашқызған Оңдасынов екенін қазір бірді-екілі көненің көзі білмесе, жастар бұл мәліметтен мақұрым.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін!» деп айта-айта жақ талды…
ЖҰМЫС ІЗДЕП ҚАҢҒЫП ЖҮРГЕН ҚАНДАСТАРДЫ КӨРУДЕН АСҚАН АЗАП ЖОҚ
– Қоғамдағы қандай мәселе сізді қатты толғандырады?
– Гүлмира-ау, бүгінде жан дүниемізді толғандыратын дүние аз болып тұрған жоқ-ау! «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп Абай айтқандай, біз де қартайып келеміз-ау деймін, уайым көп. Өзің үшін емес, болашақ үшін, ұрпағың үшін. Қазақстан Қытайға қарыздар дегенді жазып, айтып жатады, осыған қатты алаңдаймын.
Ақын Мұхтар Шаханов бір поэмасында қытайлар ғұндардың бір тайпасын жеңе алмаған соң қыздарын қалыңдыққа жайлап бере берген, бере берген, ақыр соңында бәрі қытайланып кеткен. Сол тарих қайталана ма деп қорқамын.
Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген зауыт фабрикалары қытайларға белгілі бір мерзімге жалға беріліп жатыр, біз шынымен қарыздар болып, оны өтей алмасақ, онда біздің зауыт-фабрикаларымыз солардың қолында кетері анық. Осы мені қатты ойландырады.
Тағы бір ойландыратын нәрсе – жұмыссыздықтың салдарынан көптеген қандастарымыз шетел асып кетіп жатыр. Оны Үкімет те, депутаттар да біліп отыр, бәрі шарасыз. Мәскеуде жұмыс істеп жүрген тәжік, өзбек, қырғыз ұлтының өкілдерін көргенде аяп кететінмін. Ал қазір өзіміздің қаракөз қазақтар сол күйге түсті. Және өте талантты жастарымыз да кетіп жатыр. Бұл деген мемлекеттің байлығынан айрылу деген сөз. Басқа дамыған мемлекеттер ақылды, іскер адамдарды дүниежүзінен іздеп жүріп тапқан, солар арқылы мемлекетті байытқан. Бізде керісінше болып тұр. Мұғалімдеріміз бен дәрігерлеріміз Белоруссия, Украина, Ресей, Германия елдеріне ойланбастан ағылып кетіп жатыр. Кез-келген мемлекеттің Темірқазығы, бірінші – мұғалім, екінші – дәрігер. Біріншісі – қоғамның «денсаулығын» қалыптастырса, екіншісі – адамның денсаулығын ойлайды.
Мәселен, Норвегияда, мұғалімнің айлығы 2 мың доллардан басталып, 5 мың долларға дейін жетеді екен. 1 орынға 10 адамға дейін талас болатын көрінеді.
Өндірісті дамыту керек, жеке кәсіпкерлерге жағдай жасау қажет. Ол үшін ең әуелі банк беретін несиенің пайызын бүгінгі 19-20 пайыз емес, 2-3 пайызға түсіру керек деп санаймын. Шет елден бәрін үйренгенде осыны неге үйренбейміз? Түсініксіз. Өз халқымызды өзіміз тонағанда не болды?! Маған сұрақ қойылады, жер байлығы жоқ мемлекеттер де шылқып бай болып отыр ғой деп. Дұрыс. Ондай мемлекеттер адам ресурсын, адам ақылын пайдаланып, ғылымды дамытып, сол арқылы жақсы өмір сүріп отыр. Бізде жер байлығы да, адам байлығы да шет елге ағылып кетіп жатқандай. Бұны тез тоқтатпасақ, онсыз да аз халық мүлдем азайып кетеміз. Есіңізде болсын, халық аз жерде бизнестің даму мүмкіндігі де азаяды. Халық саны көп болған сайын сұраныстың көп болатыны анық.
– Тәуелсіздік туралы не айтасыз?
– Қандай тәуелсіздік туралы сұрайсыз? Жалпы, бұл, бір жағынан өте күрделі, философиялық та сұрақ. Жалпы, жаратылыстың өзі бір-біріне тәуелді емес пе. Жер, Ай, Күн… тартылыс заңына тәуелді. Тәуелсіздік бұзылса бітті, ақырзаман деген – сол. Экономикада тәуелсіздік деген болмайды, онда сауда-саттықтың қарым-қатынасы үзіледі. Мысалы, бір жылға Қытайдан өтетін заттарды тоқтатып, шекараны жауып тастаңызшы, не болар екен…
Қысқасы, бұл менің үнемі ойланып, бір шешімге келе алмай жүретін сұрағым. Драматург Ибсен айтады: Қоғамдағы тәуелсіздік – ондағы шындық пен бостандық деңгейі» дейді. Сіз қалай ойлайсыз, бізде олар бар ма?
БІР ӘНІМЕН-АҚ ҚАЗАҚ ӘН ӘЛЕМІНІҢ ТАРИХЫНДА ҚАЛАДЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН
– Сіздің жарыңыз Исламхан Байгисиев ағамыз ел арасында кеңінен танымал бірқатар әндердің авторы екенін білеміз. Ол кісінің шығармашылығы туралы аз-кем сыр тарқатсаңыз?
– Бозбала шағында жазған «Аққулар», Мұқағалидың сөзіне жазылған «Қазақстаным» және «Қос жұлдыз» атты әндері бар. Қазақ радиосынан жиі беріледі. «Қазақстаным» әнін Астанадағы мюзикл театрының жастары орындап жүр. Папкасында жатқан әндері көп. Ол кісінің кемшілігі – әндерін жариялауға, жарнама жасауға жоқ. Менің ойымша, оның «Аққулар» әнімен-ақ ән әлемінің тарихында қалуға қақысы бар. Бұл пікірді мен емес кезінде Ілия Жақанов ағамыз айтқан. Сапасыз жүз әннен сапалы бір ән артық шығар…
– Бүгінгі өскелең ұрпаққа айтар ақыл-кеңесіңіз?
– Айналайын-ай, ақыл айту оңай-ау… Негізі Нұртас Оңдасынов өз өміріне өзі қортынды жасап, мемлекет басқарған адамның, жалпы Адам атаулының қандай болу керектігіне бағыт-бағдар беріп кеткен. Одан асып мен ештеңе де айта алмаймын.
Нұртас Оңдасынов:
– Біріншіден, ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – Арым таза!
Екіншіден, ешкімнен, ешқашан пара алған емеспін – Қолым таза!
Үшіншіден, адамдарды руға, жүзге бөлген емеспін – Жүзім таза!
Жастарға айтар ақылым да, тілегім де осы!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ