Жаңалықтар

Гүлия ЖӘҢГІРОВА: Адамгершілік алғашқы капитал

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің №3-5 сандарында «Тәуекел табысқа жетелейді», «Әйел кәсіпкерлігінің әлеуеті зор» атты бірнеше мақала жарияланған еді. Жалпылай алғанда, ісмер жандардың іскер жандарға қалай айналатыны бәріне қызықты тақырып. Әрі облыстағы нәзік жандардың бизнес әлеміндегі аяқ алысы қандай? Осы жолы өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Гүлия Жәңгіровамен сұхбаттасудың сәті түсті…

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Гүлия Алшынқызы, сізді былайғы жұрт бизнес-леди, қоғам белсендісі деп таниды. Есіміңіз брендке қалай айналды…

– Бірінші кезекте мен өзіңіздей қарапайым адаммын десем жарасар. Солтүстік Қазақстанның тумасымын. Жастайымнан маңайыма қайырымдылық көрсетіп, қиналған жандарға көмектескім келіп тұратын еді. Қазір көпбалалы анамын. Ұстаздар отбасында өмірге келгендіктен бе, алғашқы мамандығым – педагог. Еңбек жолым мектепте мұғалім болудан басталды. Отбасында бала саны көбейген сайын еркін жұмыс қалыбы қажет болды. Бизнеске келуіме өмірлік жағдаяттар түрткі болды. Бұл саладағы еңбек өтілім жеті жылға жуықтады. Басында эстетикалық косметология саласында біраз еңбектендік. Шағын сұлулық салонын ашудан бастадық. Мұнымен қоса, дизайн саласы бойынша халықаралық дәрежедегі тренер болдым. Осы әрекетім білгенімді өзгеге үйретуге септігін тигізді. Бүгінде шәкірттерім әлемнің АҚШ, Чехия, Грузия сынды елдерінде кәсібін өрістетуде. Өзім де Канадада жоғары оқуды тәмамдап үлгердім. Біреуді кәсіпке баули алатынымды байқап, іске шындап кірістім. Өңірлерге шықтық. Ондағы нәзік жандардың сандық технологиялар, экономикалық бағыттағы сауатының төмендігін аңғарып, «Сен ерекшесің» «Beautiful lady» сынды әлеуметтік бизнес-ағарту жобаларын бастауымызға түрткі болды. Сонымен, кәсіп бастағысы келетін нәзік жандарды бір арнаға ұйыта бастадық. Осы игі ниетімізден болар. Шүкір, жұртқа сыйлы, қоғамға беделді жанға айналғандаймыз. Жетістікке жетуімнің алғышарты – игі ниет. Қаражатты емес, қанағатты сақтау үшін деген принципім бар. Адамгершілік – алғашқы капитал!.. Адалдық – тренд.

– Заманауи тілмен айтсақ коучсіз ғой…

– Иә. «Қосылғыштың орны ауысқанмен, қосынды өзгермейді». Былтыр Қарағандыда Іскер әйелдер кеңесі құрылғанда кәдімгідей конкурстық негізде менторлыққа (грек тілінен: жетекші, тәрбиеші, ұстаз) қабылданған едім. Кеңес жұмысының барысында жыл ішінде 1000-ға тарта нәзік жандыны кәсіпкерлікке баулыған екенбіз. Тренинг, онлайноффлайн кездесулер, вебинарлар дейсіз бе, күніне кемінде үш-төрт шара өткіземіз. Мұндай кеңестер Қазақстанның әр өңірінде бар. Кез келген әйел заты қаласа, оқуын бастап кете береді. Бірақ олар да қарап отыра бермей, «қос қолын созып» үйренуі қажет. Яғни, адам қолын созғанда ғана алақанына бірдеңе ілінері сөзсіз. Құрығанда Ермеков 29-ға келіңіздер (Кәсіпкерлер палатасының мекенжайы) деп жатамыз.

Өткен жыл бойы облыс әкімінің шақыртуымен кәсібін енді бастаған жандарға түрлі атаулы да әлеуметтік гранттар бөлу жөніндегі арнайы алқа құрамында болдым. Әу басында 315 өтінім қаралды. Одан өткені – 100. Ең соңында үздік 50 жас кәсіпкерге гранттар бөлінді. Грант сомасы кемінде 2 млн.теңге мөлшерінде болды. Осы жұмыстар арқылы бойында ізгілігі жоғалмаған әрбір жан әлемнің қай нүктесінде болмасын кәсібін сүйсе, нәсібін теріп жей береді екен ғой. Тұлға да болып қалыптасады. «Тау көтерген Толағай болу» шарт емес. Тиянақты болмақ ләзім. Тиянағы бар, қиянаты жоқ жерде игілік өнеді. Бірақ. Бір ескеретін жайт бар. Отбасы институтының халықтық қалыбы сақталуы маңызды. Онсыз береке болмайды. Яғни, әр шаңырақта ер ердің орнында, әйел үйдің ұйытқысы қалпында қалуының өмірлік мәні бар. Ролдер ауысып кетсе, ол отбасында елін қорғар ержүрек ұлдар өспейді… Атбайларымыз атпал болмайды…

– Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы нақты айтқанда немен айналысады?

– Бұл өткен жылдың наурызында ашылған Ұлттық экономика министрлігінің жаңа жобасы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Керімқұлқызының бастамасымен ашылды. Ол кісінің кісілік келбетін осы арада айтпай кетпеу әсте мүмкін емес. Өткен жылы алғашқы миллиард теңгесі бөлінді. Бұл нәзік жандарға «балық емес, қармақ ұстататын» жер. Сенесіз бе, сұранысқа не ие? Қолөнер. Бағзыдан апа-әжелерімізден келіп жеткен қайран мұра. Үйдегі көңіл күйді базардағы нарық құртқан соң, әйелдер құрқол жүрмей, ісмерлікпен айналысса да – олжа. Қарағандылық орталыққа осы уақытқа дейін 1000-нан аса өтінім түскенмен, 70 шақты әйел кәсіптің қыр-сырын үйреніп үлгерді. Нақтыласақ, әйел заты киім тігу, ірімшік даярлау, тәттілер дайындау сынды сүйікті ісімен айналысып артығын сата алады. Ғажап емес пе?! Естен шығармау керек, бұл – әлеуметтік жоба. Біз секілді жанашыр жандар аз емес. Жанашыр жан болсаңыз да бір ғанибет. Бастысы, әркім қалауын ашып айтуға үйренбек шарт.

– Әйелдердің қоғамдық ролінің артқанын ескерсек…

– Жаңсақ түсінік. Әрбір әйелге алдымен ердің назары мен қамқорлығы қажет. Сондықтан, өз аузымызбен қоғамдық пікір қалыптастырып әсте керегі жоқ. Мәселен, өзіме қайтып оралайын. Өз басым бәріне қалыпты көзқарас танытуға тырысамын. Балаларымды да қатты еркелетпеймін. Еріме де бас иемін. Есті еркек ақылды жарының аяғына оралғы болмасы кәдік. Болды. Артық дүниенің не керегі бар екен?.. Өзге таңдау жоқ. Жұмыртқа сырттан сынса – өлім, іштен сынса – өмір… Қазақы нақыш пен өмір салтында таңғажайып дүниелер жатыр. Ата-баба ғұрпынан алыстамасақ, келешегіміз кемел болмақ. Елге пайдалы болайық!

– Сөз соңында…

– Айтпағымыз аз. Жастарға – жол, үлкендерге – ізет. Саналы болайық, нәзік жандар. Бәрі басымыздағы оймақтай ойдан басталады. Алдымен ана екенімізді ұмытпайық. Көңіл көкжиегіміз кең болсын. Алаш арыстарының «Ұлылардың ұлы ұрпағы екенімізді ұмытпайық» деген бір ауыз сөзі жадымда. Бәріне бизнеспен айналысып кету міндет емес шығар. Бәлкім, ақ халатты абзал жан болғаны әлдеқайда пайдалырақ болар. Немесе ұстаздық еткен ләзім бе екен. Ең арзан дүние – ақша. Жан дүниеміз бай болсын!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button