Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Франция елшісімен кездесті

Қарағандыға Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс келді. Облыс әкімі Жеңіс Қа­сымбекпен кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

– Франция – еліміздің Еуропалық одақтағы стратегиялық серіктестерінің бірі. Қарағанды облысында көптеген шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Аймақ өнімдерін әлемнің 50-ден астам еліне, соның ішінде, Францияға экспорттайды. Әрине, сіздің еліңізбен тауар айналымы минималды – шамамен 30 миллион АҚШ доллары. Менің ойымша, бұл көлем көрсеткіш емес, біздің екіжақты ынтымақтастыққа зор әлеуетіміз бар, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

2021 жылдың 9 айында Францияға экспорт 18 млн. долларды, импорт 10 млн. долларды құрады. Облыс бұл елге тазартылған мыс жеткізеді. Сонымен қатар, жабдықтар, дәрі-дәрмектер, ыдыс-аяқ, шарап және тағы да басқа заттар тасымалданады.

– Сапардың басты мақсаты – Қарағандыда Француз альянсының ашылуы. Бұған дейін ұйым филиал ретінде жұмыс істеді. Енді олар мәртебесін көтеруге шешім қабылдады. Фран цуз альянсы – бұл әлемдегі мәдени орталықтардың үлкен желісі – олардың саны 800-ден асады. Екінші бағыт – жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Қарағанды медицина университетінің басшылығымен қарым-қатынасты дамытуды талқылайтын боламыз, – деді Дидье Канесс мырза.

Елші, сондай-ақ, Қарағанды мектептерінде француз тілін тереңдетіп оқыту жобасын ұсынды. Оның айтуынша, база ретінде Қарағанды қаласының №97 гимназиясын алуға болады.

– Біз мәдени және білім беру ынтымақтастығына қызығушылық танытамыз. Жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button