Рухани жаңғыру

Форум-фестиваль өтті

«Театр Меккесі» атанған Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының биылғы жарты ғасырлық шығармашылық маусымы ҚазКСР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі ҚОЖАМҚҰЛОВТЫҢ 125 жылдығына орай Жанат ХАДЖИЕВ атындағы халықаралық форум-фестивальмен ашылды. Салтанатты жиында мыс шаһарының басшысы Қайрат ӘБСАТТАРОВ театр ұжымы мен қала қонақтарына жемісті жұмыс, толымды табыс тіледі. Сәрсенбінің сәтінде басталған маңызды мәдени-рухани іс-шара бай жұмада мәреге жетті.

Бұл алқалы жиынның мән-маңызы мен мақсаты әлімсақтан белгілі: театр мамандарының заман талабына сай кәсіби шеберлігін шыңдауға игі ықпал ету; «Жезқазған – театр Меккесі» деген абыройлы атаққа сай игі дәстүрді жүйелі жалғастыру, фестивальдің мәртебесін көтеру; өнер ұжымдары арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, шығармашылық қатынасты нығайту; театр мен сыншы, өнертанушы арасында кәсіпқой шығармашылық байланыс орнату; Серке Қожамқұловтың шығармашылығын насихаттау. Бірақ, санитарлық-эпидемиологиялық шараларға байланысты биыл бұл іс-шара форум-фестиваль форматында өтті және қатысушылар қатары шектелді. Форум-фестиваль аясында С.Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ұйымдастырылды. Онда театр тарланының өмірі мен өнері туралы баяндайтын эксклюзивті жеке қолданыста болған заттары, сахналық киімдері және құнды суреттері қойылды. Сондай-ақ, «Серке әлемі» атты дөңгелек үстел кезінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай, өнертану кандидаты, театртанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Аманкелді Мұқан, РФ К.Станиславский атындағы Мәскеу «Электра» театрының актері, киноактер, қоюшы-режиссер Азамат Нигманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері Бекполат Парманов, форумға сарапшы, спикер ретінде қатысқан тағы басқа белгілі театр және кино актерлері, режиссерлер, өнертанушылар, театртанушылар әсерлі әңгіме өрбітті. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану магистрі Ахан Жалынбек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали, театр және кино актері Рүстем Жаныаманов, кинорежиссер, Түркияда түсірілген «Үздік 5 сериал» тізіміне енген «Жәлаладдин» туындысының режиссері, өнертану магистрі Нұрғиса Әлмұрат «Актер шеберлігі», «Сахнадағы қозғалыс» және «Сахна сайысы», «Сахна тілі» бағыттарында шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізді. Оған Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Қызылорда, Өскемен, Қарағанды және Жезқазған театрларынан өтінім берген жасы 18-35 аралығындағы актерлер қатысты. Өнер мерекесінің шымылдығы жезқазғандық режиссер Теміржан Жанботаев сахналаған Иран-Ғайыптың “Мен ішпеген у бар ма?” спектаклімен ашылды. Мәскеулік қонақ Азамат Нигманов О.Жанайдаровтың «Жұт» қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button